Қытайға келін бола жаздадым…

Онымен таныстығымызға бақандай он бір жыл толады екен. Бәрі былай басталды. Жасыратын несі бар, анам марқұм әпкем екеумізді қатал ұстады. Темірдей тәртібі соншалық, жазғы демалыста да үш ай селтеңдеп жүрмес үшін, аптап ыстықта балмұздақ сатқызып қоятын…

Мен 5-ші, ал әпкем 7-сынып оқушысы болғандықтан, қысылуды білмейміз, қайта бұл екеуімізге жақсы ермек болды. Тіпті, мұны күнделікті жұмысымызға айналдырып алдық… Күн қызбай тұрғанда, таңғы 7-ден орталық базарға барып, кешкі 9-да бір-ақ қайтатынбыз. Үйреніп алған соң, мен таңертең, әпкем түстен кейін шығатын болып кезекпен сатып жүрдік.

…Ол кезде «Бота», «Эскимо» сынды балмұздақтардың дәурені жүріп тұрған кез. Көтерме бағамен 20 теңгеден қорап-қорабымен аламыз да, оны 30 теңгеден сатамыз. Сонда көшеде өтіп бара жатқан халық дүкеннен емес, менен келіп алатын. Өйткені дәмі тіл үйіретін балмұздақ тек менде ғана бар деп өзімше жарнама жасап тұрғанда, «сүйкімді қыздың балмұздағын неге алмасқа?» деп, аға-әпкелер мені еркелетіп, ақшасын артығымен тастап та кететін. Бір айдан соң табысымыз үш еселенді. Енді балмұздақтан басқа, салқын сусын мен қарбыз сататын болдық. Содан не керек, тұрақты тұтынушыларымыз көбейді.

…Ақтөбеде қытайлардың көптігін білесіздер. Жерді жеті метрге дейін қазып, құбыр жүргізетін өрт қызыл түсті арнайы киім киген қысық көздер аптап ыстықта жұмыс жасағандықтан, күніне 3 рет балмұздақ сатып алатыны заңдылық еді. 15 шақты қытай кезекке тұрып, қос-қостан жеп алатын. Солардың ішінде сол жылдары Қазақстанға келгеніне 4 жыл толған Қытай азаматы үнемі менімен қатарлас ұлын қасына ертіп жүретін. Анасы жол апатынан қайтыс болғандықтан, күн көруге Ақтөбеге келіпті. Пәтер жалдап тұрушы еді. Таңертең ұлын қасыма тастап, екеумізге балмұздақ әперіп кетеді де, кешке қайтарында тағы балмұздақ әперіп, ұлын үйіне алып қайтатын. Оның менен екі жас үлкендігі бар еді. Есімі — Ли Си Хо. Қасымда жүріп қазақшасын судай қылып алды. Кейде: — Әке, мен саған көмектесемін, — деп, артынан ілесіп кететін. — Шаршайсың, досыңның қасында қал, — десе де, тілін алмайтын.

…Қаршадай баланың құбыр қазуға шамасы келсін бе? Абайсызда қазылған шұңқырға құлап кетіп, шекесін жарып алғаны әлі есімде. Әкесі: — Неге мені тыңдамайсың? Саған бірдеңе болса қайтпекпін, балам? Сенен басқа менің кімім бар?.. — деп кейіді. Басынан қан тоқтамаған баласын бет орамалымен таңып, қасыма көтеріп әкелгенде, Ли Си Хоның хәлін көріп, өліп қала ма деп қатты қорықтым. Тіпті, көзімнен еріксіз аққан жасты тыя алмай жылай бердім, жылай бердім. Біздікі не деген «махаббат» десеңізші!..

Қазір есіме түссе, сол күндеріме күліп қана қараймын… …12 жасар бала анасынан ерте айырылғандықтан б а , сол кезде:

— Жұлдыз, мен ертең өскенде үлкен компания саламын, сосын саған үйленемін дейтін. Күнде қасымда жүргендіктен бе, бір-бірімізге әбден бауыр басып қалдық…

Менің әке-шешем: «Бұлардікі бала махаббат қой», — деп, екеуімізге күле қарайтын. Күндер зулап өтіп жатты. Үш айымыз үш күндей көзді ашып-жұмғанша өте шықты. Сабақ уақыты басталды. Ли Си Хо интернатта жатып оқитын. Тек демалыс күндері ғана бос уақыты болады. Ол кезде ұялы телефон деген жоқ, сол күйі бір-бірімізді көрмей кеттік…

Екі жылдан кейін ұзынқұлақтан оның Қытайға кеткенін естідім. Бірақ, оған іздеу салуға қыз баласы болғасын, жалған намысым жібермеді. Арада бірнеше жыл өтті. Мен мектеп бітіріп, Алматыға оқуға кеттім. Бірінші курстан кейін Ақтөбеге барғанымда біздің үйдің жанында қытай корпорациясы салған алып құрылыс нысанының бой көтергенін көрдім. Аузым ашылып, таңданып тұрып қалдым. Бірден есімді жиып, жанындағы дүкенге кіргенім сол еді, ішінен шырттай киінген біреу маған соқтығыса кетті. Туфлиі жалтыраған әлгінің киімі де анау-мынау адамға ұқсамайтыны көрініп тұр. Қарасам, сол Ли Си Хо екен. Жеті жылдан кейін жолықтық қой. Еш өзгермеген. Тіпті шекесіндегі тыртықтың орны да қалып қойыпты. Содан не керек, ол мені көріп, құшақтап, қуанышын жеткізе алмай әлек.

— Сені іздеп таппадым ғой, осы уақытқа дейін қайда жүрдің? Немен айналысасың? әпкең қайда? — деп, үсті-үстіне сұрақ қойып жатыр…

Сыртқа шығып, әдеттегідей балмұздақ жеп отырып әңгімелестік. Ол: «Сол кездегі балмұздақтың дәмі тіл үйіретін еді, әлі күнге дейін аузымнан кетпейді, қазір барлығында қоспа көп», — деп жымиды. Сөз арасында қазір мына қытай корпорациясының бөлім басшысы екенін деп айтып қалды…

Мен оның сол бала арманының орындалғанына қуанышты екенімді айтып едім, Ли Си Хо:

— Aл сол арманымның екіншісі саған үйлену еді ғой. Сені жоғалтып алып, бірнеше жылдан кейін қайта кезіктіргенім кездойсоқтық емес. Маған тұрмысқа шығасың ба? — деп, әңгіменің төтесіне көшті. Мен абдырап не дерімді білмей, біраз үнсіз қалдым да: «Қазір жауап беруім керек пе?» — дедім.

— Иә, ертең тағы жоғалып кетсең қайтем?..

— Си Хо, кезінде бізде бала махаббат болды, бірақ қазір…

— Қазір не?

— Өкінішті, іздеген адамың мен емес, — дедім де, жалт бұрылып кете бардым. Ол мені тоқтатпақ болып, артымнан ілесті, артыма бұрылып та қарамадым…

Үйге келіп, ұзақ ойландым. Өзіммен тетелес өссе де, қытай жігіті маған бәрібір жат көрінді. Бірақ шешіміме өкінбеймін!

Жұлдыз ӘБІЛ