Қыршын кеткен сарбаздардың обалы кімге?

Мен бұл мақаланы көптен бері жазуды ойласам да, сәл сабыр сақтайын деген ой болды. Қазақстан Республикасы Қарулы Күштері саласында 25 жыл бойы қаншама түрлі келеңсіз оқиғалар орын алып, қаншама сарбаздар мерт болды десеңізші!

Әскерилер арасында жиі бой көрсетіп қалатын «дедовщиналық аурудың» салдарынан әр жылдары көптеген жас жауынгерлер зардап шекті. Осы салада көптеген қылмысты істердің де беті ашылды. Ашылмағаны қаншама! Осыдан бірнеше жыл бұрын бүкіл елімізді дүр сілкіндірген «Арқанкерген» заставасындағы қанды трагедия, Ақтаудағы БТР жүргізуші сарбаздардың оқу-жаттығу кезінде теңізге батып кетуі, күні кешегі Жамбыл облысындағы тау шатқалында, Тараз гарнизонында орын алған апат әрбір қазақстандықты алаңдатпай қоймайды. Қорғаныс министрі бастаған шенді тұлғалар өкінішті оқиға орнына барып, қаза болған жауынгерлердің отбасына көңіл айтып, жұбатып жатыр. Қаралы отбасыларына материалдық көмек көрсетілетіні белгілі болды. Хош делік. Алайда қыршын кеткен жастардың орнын толтыру мүмкін емес. Дәл қазіргідей бейбіт заманда әскер қатарына міндетті борышын өтеуге шақырылған жас жігіттеріміздің оқу-жаттығу кезінде мерт болуы неге жиілеп кетті деген сауал бәрімізді қатты мазалайтыны рас. Мәселен, бұл жерде командирлер тікелей жауапқа тартылуға тиісті. Олар неге алдын ала ауа райының болжамын, жаттығу кезінде орын алуға тиісті қауіп-қатерлердің алдын алуды неге жан-жақты ойластырмаған? Біріншіден, бұл оқиға бейбіт жағдайда орын алуы өкінішті…

Ал Ақтаудағы, Каспий теңізіне БТРлерді түсірудің өзі ақылға қонымсыз ғой. Өйткені БТР теңізде жүзуге арналмаған, Ертіс, Сырдария, Іле т.б. өзендердің арғы бетіне жүзіп өту үшін арналған соғыс машинасы ғой. БТР теңізде жүзетін сүңгуір қайық емес. Қазіргі БТР-лар қанша жетілдірілсе де, тек белгілі бір өзенді жүзіп өтуге ғана арналған техника. Яғни, жаяу әскерді тасымалдайтын соғыс машинасы. Мен өзім осы БТР-дың 1980 жылдардағы маркасымен Шығыс Германия, ГДР мемлекетінің территориясында Варшава шарты бойынша орналасқан Кеңес әскерлерінің сапында атақты Эльба өзенінен бірнеше рет «форсировать» етіп, жүзіп өткен запастағы механик жүргізуші жауынгермін. Сол кезеңде БТР-мен өзенге түсетін жер және арғы беттегі жүзіп шығатын жағалау арнайы жалаулармен белгіленіп, суда да, құрлықта да жүре беретін арнаулы құтқарушы машиналар өзеннен жүзіп өтетін БТР-лардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін. Мұны мен осыдан 30 жылдан астам уақыт бұрынғы әскери қызметімді атқарған кездегі командирлердің жауапкершілік деңгейін салыстырмалы түрде сабақ болсын деп қайталап отырмын. Біз сияқты аға буын өкілдері айтпаса, кім айтады? Әрине, әскери доктринада мұндай детальдар қамтылмауы мүмкін емес. Кіші командирлер мен аға командирлердің әрбір жауынгер өмірі үшін жауапкершілігінің қандай деңгейде екенін осындай қайғылы оқиғалар орын алған кезде оп-оңай байқауға болады. Әйтеуір, өкініштерін білдіріп, қара жамылған отбасына материалдық көмек көрсетіп жатады. Бұл келеңсіз жағдаяттың бір жағы ғана.

Екінші, болашақта ескерілуге тиісті жағы осындай қателікке жол берген жауапты командирлерді заң жүзінде жауапқа тарту керек сияқты. Сондай-ақ, арнаулы комиссия құрылып, алдағы уақытта мұндай қайғылы оқиғалардың алдын алу шараларын нақты іс-шаралармен қарастырған абзал. Отан алдындағы борышын өтеуге мүдделі кез келген болашақ жауынгердің ата-анасының басты тілегі осы екені сөзсіз. Демек, ҚР Қарулы Күштерінің Жарғысында Отан алдындағы міндетті борышын өтеуге шақырылған әрбір қазақ азаматының, әрбір қазақстандық азаматтың жеке басының амандығына, қауіпсіздігіне кепілдік беру арқылы тиісті командирлерді тікелей жауапкершілікке тартатын арнаулы бап енгізу керек. Өйткені Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің басты байлығы болып саналатыны Ата Заңымызда айқын жазылған. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: бейбіт заманда Қарулы Күштер саласында орын алып жатқан адам шығынына байланысты өкінішті оқиғаларды жан-жақты саралап, себепсалдарын анықтайтын, кінәлі шенділерді тиісті жауапқа тартып қана қоймай, болашақта осындай оқиғаларды мүлдем болдырмаудың шараларын жасайтын кез келген сияқты. Бейбіт заманда ел қорғаған азаматтарымыз туған үйлеріне, жанұяларына аман-есен оралатындай жағдай жасау сіздерге сын, қол бастаған қолбасшы мырзалар!

ЖАҢАБЕК ТОЙБАЗАРОВ