«ҚЫР БАЛАСЫ» – ӘЛИХАН

немесе Әлихан Бөкейханның негізгі мамандығын білеміз бе? 

Әлихан Нұрмұхамедұлы Бөкейхан – қазақ кәсіби журналистикасының негізін қалаған тұлға, публицист, саясаткер, Алашорда үкіметінің көсемі, репрессияға ұшыраған Алаш арысы. Біз танитын Әлихан осы. Сұлтан Хан Жүсіпше айтқанда «Біз танымайтын Әлиханның» тағы басқа қандай қыры бар еді? Басқа қыры дегеннен гөрі негізгі мамандығы дегеніміз дұрыс болар. Иә, Ресейдің І Мемлекеттік Думасының депутаты болғанына дейін жатқа білетін оның ауыл шаруашылығы саласында теңдессіз ғалым болғанын білмейді десек артық емес. Өйткені, күллі әлем күніне бір рет болса да үңілетін «Википедия» интернет-энциклопедиясында Әлиханның ормантанушы ғалым екені екі-ақ ауыз сөзбен жазылған. Ал, біз назарларыңызға заңғар тұлғаның негізгі мамандығы туралы ауыз толтырып айта алатын ғалымның әңгімесін ұсынбақпыз.

Егемендіктің арқасында жоғымызды түгендегеніміз анық. Тәуелсіздікпен бірге оралған тарихымыздан ойып тұрып орын алған Әлихан Бөкейханның өмір жолын зерттеу бірден басталды. Әсіресе, ауыл шаруашылығы саласында баға жетпес ғылыми еңбектер қалдырған Ә.Нұрмұхамедұлының осы бір қырын талдауға көптің тісі бата қоймады. Ал, он жылдан бері Алаш арысының негізгі еңбектерін зерттеп, жүрген жерінде насихаттап жүрген С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің «Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және өңдеу кафедрасының» доценті, ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Өмірзақ Сұлтановтың айтары көп. Десе де, оқырман көңіліне ғалымның әңгімесін ықшамдап, ең негізгі мәліметтерді беруге тырыстық.

АСАУ ҮЙРЕТІП ҚОЙ БАҚҚАН ӘЛИХАН

Бүгінде әлем мойындаған Әлихан Нұрмұхамедұлын «Энциклопедиялық тұлға» деп жүрміз ғой. Соның ішінде саясаткерлігін бүге-шігесіне дейін білсек те, оның ғалымдығын ескерусіз қалдырып жүрміз. Ол — көптеген еңбектердің авторы. Сол еңбектерінің басым бөлігі ауыл шаруашылығына арналған. Ал ауыл шаруашылығына Әлихан неліктен баса көңіл бөлді, неге мақалаларын, еңбектерін бірінен кейін бірін жариялап отырды деген сұрақ туындаса, оған бірнеше факторды дәйек етуге болады.

Біріншіден, Әлихан Бөкейхан — ауылдың баласы. Ол Қарағанды облысы, Ақтоғай ауданында (бұрынғы Семей облысы, Қарқаралы уезі) дүниеге келген. Балалық шағы да сонда өткен. Яғни қоршаған ортасы, ағайын-220px-%d3%99%d0%bb%d0%b8%d1%85%d0%b0%d0%bd_%d0%b1%d3%a9%d0%ba%d0%b5%d0%b9%d1%85%d0%b0%d0%bd_%d0%bf%d0%be%d1%80%d1%82%d1%80%d0%b5%d1%82%d1%96тумасы, бүкіл ауыл мал шаруашылығымен тұтас айналысатындықтан, бұл болашақ ғалымға әсер етпей қоймады деген сөз. Әлихан да өзі қатарлы балалармен лай-батпақты жалаңаяқ кешіп, қой қайырып, асау үйретіп, арғы бабаларымыз секілді өмір сүрген. Абайдың «Қой қоздап, қорада шу» дегеніндей, соның бәрін ол жастайынан көріп өскен. Сол кезеңнің қазағы да көшпелі өмір сүргенін жақсы білеміз. Көшіп-қонудағы мақсаты малының жағдайын ойлағандықтан еді. «Малым — жанымның садағасы» деген қазаққа малының жағдайы дұрыс болса, сол оларға жеткілікті болатын. Мұны неге айтып отырмын? Әлиханның бауыры Смахан төре өзінің кейін жазған естеліктерінде Ә.Нұрмұхамедұлының мінез-құлқына сипаттама береді. Естелікке сүйенер болсақ, Әлиханның ауылы көшкенде үлкендерге көмектескеніне көз жеткіземіз. Тіпті, ол Қарқаралыда, Омбыдағы оқуынан демалысқа келгенде елдің малын бағып, ауыр дүниелерді көтеріп, апаратын жеріне жеткізіп, ауылдастарына жәрдемдесетін болған. Біз әңгіме қылып отырған ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басы қазақ халқының төрт түлік малмен күн көріп, мал шаруашылығы негізгі тіршілік көзі болған тұс десек, Әлиханның бұл саладан хабары болмауы әсте мүмкін емес.

1896-1901 жылдары қазақ даласында «Щербина экспедициясы» өткен болатын. Оған Әлихан да қатысқан еді. Сонда экспедицияның жетекшісі, белгілі статистик Федор Щербина өзінің 1900 жылғы «Материалы экспедиции» жазбасында сол кездегі халықтың негізгі тұтынатыны (оннан тоғызы) мал шаруашылығы өнімдері екенін айтады. Тіпті, халық малсыз күн көре алмайды және табысының 82 пайызы мал шаруашылығынан келген деп жазылған. Міне, сол дәуірдің қоғамында тіршілік еткен Әлихан Бөкейханның ауыл шаруашылығы саласына келуінің алғашқы себебі — осы.

Екіншіден, Әлиханның алған білімі оны осы саладағы мүйізі қарағайдай ғалым етті. Ресейдің астанасы Санкт-Петербургте 1890-94 жылдары бабамыз Орман институтында ормантану мамандығында білім алды. Яғни ,бала күнінен көріп-өскенін білім алып, үдете түскен Әлихан ауыл шаруашылығы саласына кездейсоқ келген жан емес.

Үшіншіден, қазақ жерінде өткен төрт экспедицияның бірінен қалмай, онда да жәй ғана қатыспай, одан ой түйгенін ескергеніміз жөн. Қысқа қайырғанда, ол көзімен көріп, қолымен ұстағанына сүйене отырып, еңбектер қалдырды. Ғалым дегенде де Әлиханды теория мен іс-тәжірибені ұштастыра алған ғалым деп тануымыз керек. Осы айтқандарымның бәрі Әлиханның ауыл шаруашылығы саласындағы біртуар ғалым болуына сеп болған. Кім біледі, егер бабамыз қалада туып-өскен болса, түйгені басқаша болар ма еді. Болмаса, бұл саланы терең түсінбес пе еді?..

«Жүз қойы бар қазақ ханға сәлем бермейді»

Біз Алашорда үкіметінің көсемі деп танитын Әлихан Нұрмұхамедұлы саясат пен экономиканы өзінің екі қанаты еткен ғалым. Екі саланың бір-бірінен ажырамайтынын жете түсінгендіктен, ауыл шаруашылығы саласының ғасырлар бойына дами беретінін, қазаққа пайдалы стратегиялық сала екенін дөп білген. Өзі құрған «Алаш» партиясының ұстанымдарының басты бағытын аталған салаға бұрды. 1905 жылғы Қарқаралы петициясында да өзекті мәселе ретінде көтерді.

Әсіресе биыл еліміз үшін маңызды болған жер мәселесі осыдан жүз жыл бұрын Әлиханды да ойландырғанын ұмытпауымыз қажет. Әңгімемді бұрмай, қайтадан мал шаруашылығына оралсам, бабамыздың еңбектерінің өзі сол Алаш арыстарының үлкен жоспарының негізі болатын. Оның ғылыми еңбектерінде мал шаруашылығының тарихы да баяндалған, сол кезеңдегі жағдайы да сипатталған және болашаққа бағдар да берген. Сайып келгенде, мемлекетіміздің ауыл шаруашылығы саласының негізін қалаған ғалым — Әлихан Бөкейхан.

img_9633

Енді оның 1904 жылы жарық көрген «Далалық өлкедегі қой шаруашылығы» және 1905 жылы шыққан «Скотоводство крупный рогатый скот» атты ірі қара малға қатысты монографияларына ерекше тоқтала кетейін. Бұл екеуі Әлиханның басқа еңбектеріне қарағанда, ғылыми жағынан құнды. Себебі ол аталмыш тақырыптарды жәй ғана сипаттап немесе зерттеп қана қоймай, сонымен сәйкес келетін өзге ғалымдардың еңбектерін саралап, зерделеп, бүге-шігесіне дейін ақтарып қарап шыққан. Әртүрлі сұрақтарға жауап іздеп, кейінгілерге баға жетпес мұра қалдырған. Сенсеңіз, осы екеуі де әлі күнге өзінің маңызын жойған жоқ. Қазір университет қабырғасында шәкірттерге Әлиханның еңбегін еркін таныстырып жүргеніме шүкірлік айтамын. Өйткені 1937 жылы репрессияға ұшыраған Алаш арысының мол мұрасын жариялауға, насихаттауға және оған сілтеме жасауға тыйым салынғанын жақсы білеміз. Тек қана 1996 жылы шыққан, есептесек, 92 жылдан кейін «Әлихан Бөкейхан» атты энциклопедияға «Далалық өлкедегі қой шаруашылығы» монографиясы жарияланды. Ал Кеңес үкіметі тұсында өмір сүрген біздер Әлиханның ұлт көсемі, саяси қайраткер болғанынан хабардар болдық та, ғалымдығын, ауыл шаруашылығы саласында құнды мұра қалдырғанын білген жоқпыз. Саясаткер ретінде таныдық дегеннің өзінде шет жағасын білдік. Онда да оны бізге буржуазиялық-феодалдық заманды көксеген, байлардың мүддесін қорғаған деп жеткізді.

Әйтсе де, әлі де болсын Әлиханның еңбектері толық зерттеліп, оқулыққа еніп, жарияланған жоқ. Шәкәрім атындағы Семей мемлекеттік университетінде қызмет істеп жүргенімде 2012-2014 жылдарға арналған ҚР Білім және ғылым министрлігінің грантын жеңіп алған болатынбыз. Сөйтіп, сол арқылы бізде көптеген мүмкіндіктер пайда болып, Әлиханның ғылыми еңбектерін зерттеуге жол ашылды. Мәселен, оның табаны тиіп, білім алған, қызмет жасаған Омбы, Самара, Санкт-етербург және Мәскеу қалаларына барып, мұрағатты ақтардық. Әлихан еңбектерінің түпнұсқаларымен таныстық. Соның арқасында ғалымның еңбегін қазақ тіліне аударып, «Далалық өлкедегі қой шаруашылығы» деген атаумен «Шәкәрім кітапханасы» деген сериямен Семейдегі баспадан шығарған едік. Бірақ, таралымы аз болғандықтан, көпшілікке таныта алдық деп айта алмаймын. Аталмыш еңбектің маңызы қай кезде де зор болғаны ешкімге де жасырын емес десем, артық кетпеймін. Өйткені ешкім де «Мал өсірсең — қой өсір, пайдасы оның көл-көсір» деп бабаларымыздан асырып айта алмаған.

Қой шаруашылығын дамыту жалпы экономиканы дамыту екенін Кеңес үкіметі де жақсы білген. Сол дәуірде қойдың саны бүгінгіден екі есе көп, яғни маңыраған 36 миллион бас қой қазақ даласында өріп жүрген. Төрт түлік малдың ішінде ең өніп беретін де осы қойларымыз. Атап айтқанда, бабаларымыздың тамағы, киімі, баспанасы болған киіз үйі де қойдың өнімі болатын. Бүгінде қалдықсыз технологияның бір көрінісін де осы жануардан байқау қиын емес. Өйткені тезегіне дейін отын қылуға жарап тұр. Қойы болған қазақ ешнәрседен тарықпаған. Осының бәрін сараптай келе Әлихан Бөкейхан «Жүз қойы бар қазақ ханға сәлем бермейді» деген. Қазіргі кезде қойдың саны әлдеқайда азайып кеткен. Елімізде бір адамның басына бір қойдан келсе, Кеңес дәуірінде екі-үштен, ал револцияға дейін, яғни атша Үкіметінің кезінде оның саны одан да көп болған. Бүгінде қой шаруашылығының маңызын түсінбей отырғандықтан, біз Қытайдың, Түркияның дайын өнімін пайдаланып, солар үшін қызмет жасап отырмыз. Керісінше, бұл саланы дамытар болсақ, бізде көптеген мәселенің басын қайырып, елімізде жеңіл өнеркәсібі, тамақ өнеркәсібі қанат жаяр еді. Жұмыссыздық азайып, «өз қотырымызды өзіміз қаситын» жағдайға жетер едік. Қой етіне сұраныс жоғары болғанымен, жүні кең даламызда іріп-шіріп жатыр. Айталық, биязы жүнді қойлардың терісіне белгілі бір мөлшерде сұраныс бар десек те, құйрықты қойлардың қылшықты жүні тиынға бағаланып отыр немесе мүлдем сұраныс жоқ. Сондықтан мемлекет бұл жағынан стратегиялық мақсатта жаңа бағдарлама жасап, қой шаруашылығына мән беретін мезгіл жетті деп есептеймін. Өйткені төрт түлік мал қашан да қазақтың тұрмысынан ойып тұрып орын алады. Бұдан жүздеген жыл бұрын «Қазақ жері — мал кіндігі» деген сөзді төре тұқымынан шыққан Әлихан Бөкейхан тегіннен-тегін айтпаса керек деп ойлаймын.

Сұхбаттасқан ЕРМҰРАТ НАЗАРҰЛЫ