Қылышын жалаңдатқан казактар тайраңдап жүр

Бұрынғы «Kaspionet», қазіргі «Kazakh TV» арнасын қосып қалсам, тағы бір қынжылтарлық жайларға куә болдым. Бұл арна көбінесе шетелдіктер үшін, шетелде тұратын қандастарымыз үшін Қазақстан туралы жағымды хабарлар ұйымдастырып тұрады. Соңғы кездерде елімізде тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың салт-дәстүрлері туралы хабарлар көрсетіп жүр. Неге екенін қайдам, осы арна тек орыс және ағылшын тілдерінде ғана жүргізе ме деп қалдым. Дәстүрлі кезекті хабары Қазақстанда тұратын казактар жайлы екен. Журналист казактарды жеріне жеткізе мақтады-ай дейсің. Бірде ұлыс, бірде диаспора деген сыңайлы әңгіме өрбітті. Онымен қоймай, казактардың тұрмыс-тіршілігін, салт-дәстүрін айтып, қазіргі таңдағы жағдайларына тоқталды. Мен бұл жерде сол журналиске ренжуден аулақпын, керісінше сол хабардың аясында еліміздегі казактар деп аталатын сословиенің бүгінгі хал-ахаулынан толық хабардар болып, ұлт қауіпсіздігі туралы өзімше ой қорыттым. Сол көкейге түйген ой-пікірімді оқырманмен бөлісуді азаматтық парызым деп санадым.

Хабар барысында Жетісу казактарының қазіргі тұрмыс-тіршілігі, салт-дәстүрі, өмір салты туралы сюжеттерден көргеніміздей, оларға сол патшалық Ресей кезіндегідей толық еркіндік берілген сияқты. Мәселен, Жетісу казактары сол Ресей патшалығы кезіндегідей әскери киімдер киіп, қару-жарақ асынып, атты әскер (отряд) болып жүреді екен. Тіпті кішкентай жасөспірімдерге де казак формасын кигізіп, арнайы салт бойынша шоқындыру дәстүрін ұстайды. Қылыштасу, атпен шауып жауға атой салу сияқты әскери көріністерді көрсеткен кезде 300 жыл бұрын Ұлы қазақ даласын отарлау жорықтарындағы казак отрядтарын көз алдымызға айна-қатесіз алып келді. Бұл не сонда, үй ішінен үй тігу ме, әлде Ресейге, қала берді сол империяның қандықол саясатын қазақ даласында күшпен жүзеге асырған Дон казактарының ізбасарлары Жетісу, Петропавл, Орал казактарының жекелеген әскери топ сияқты жиналып, қару асынуына жол беруді қалай түсінуге болады? Мемлекет тарапынан барлық ұлттар мен ұлыстарға жасалып жатқан қамқорлық, еркіндікті, салт-дәстүрлерін дамытуға еркіндік беру саясаты дұрыс шығар. Бірақ ешқандай ұлтқа да, ұлысқа жатпайтын, жатқызуға болмайтын, күні келмеске кеткен патшалық Ресей мен КСРО-ның кешегі салқын саясатын қазақ даласында жүзеге асырушы казактарды тым еркінсітіп жіберу ұлт қауіпсіздігіне, мемлекет қауіпсіздігіне кері әсерін тигізіп жүрмей ме деген сауал туындайды. Қазақстан казактары еліміздің тәуелсіздігіне қызмет көрсеткісі келсе, олардың іс-әрекеті Қазақстан Республикасының заңдарына, қазіргі заман талабына сай болуы шарт. Атап айтар болсақ, олардың империялық Ресей кезіндегі әскери формаларын киюіне, сол кездегі шен-шекпендерін тағуына, ең бастысы қылыш т.б. қару-жарақ түрлерін асынып жүрулеріне тыйым салу керек сияқты. Олай дейтінім, Қазақстан — біртұтас, унитарлық мемлекет. Яғни Қазақстан мемлекетінің негізін қалаушы ұлт біреу-ақ! Ол — қазақ ұлты! Қалған ұлттар мен ұлыстарға деген менің құрметім шексіз. 130-дан асатын ұлттар мен ұлыстардың өкілдері де Қазақстан деп аталатын біртұтас, унитарлық мемлекеттің то-лыққанды азаматтары, біздің ең жақын бауырларымыз болып саналады. Өйткені олар да Қазақстанның өркендеуіне, алдыңғы қатарлы әлем елдерінің қатарында болуына мүдделі.

Менің айтайын дегенім, жерімізде тату-тәтті тұрып жатқан ұлттар мен ұлыстардың басын шын мәнінде біріктіруші қазақ тілін, қазақтың салт-дәстүрін көбірек насихаттап, өз төріне шығаратын кез келді. Атам заманда күні келмеске кеткен казачествоны насихаттайтын солқылдақ саясаттан арылу сіз бен бізге парыз, ел басқарған атқамінер азаматтар! Жағымпаздықтың да шегі болуы керек қой!

Казактардың тәуелсіз Қазақстан жерінде сол патшалық Ресей кезіндегідей әскери форма киіп, сол дәуірдегі шен-шекпенге оранып, қару-жарақ асынып жүруі, атамандарын сайлап, әскери сап түзеп жүруі дұрыс па? Олардың осылай еркінсуіне Қазақстан Республикасының Қарулы Күштері мен Ұлттық Қауіпсіздік Комитетінің басшылығы қандай баға берер екен? Жалпы казактардың әскери сословие ретіндегі мәртебесі біздің елде қалай белгіленген? Қазақстан Қарулы Күштері саласына ешқандай қатысы жоқ казак жасақтарының өз бетінше күні келмеске кеткен Ресей империясының әскери формаларын киініп, сол дәуірдегідей емін-еркін қару-жарақ асынып жүруіне қандай заңда рұқсат берілген? Біз бұл сауалға жоғары мәртебелі билік өкілдерінен тиісті жауап боларына сенгіміз келеді. Кезінде Ұлы далада атой салған ғұндар мен көк түркілердің ұрпағы, кешегі Алтын Орданың мұрагері саналатын, бүгінде әлем елдерінің көшбасшыларымен терезесі тең Қазақстан атты жоғары мәртебелі мемлекеттің төрінде олай тайраңдатуға болмайды! Бұл Елбасымыздың «Мәңгілік Ел» идеясын жүзеге асырушы әрбір қазақтың, әрбір қазақстандықтың пікірі десем, қателеспеймін.

Жаңабек Тойбазаров