Қошқарбай ауылы мұғалімдерінің ерлігі

Жақында КТК арнасынан жағымды бір жаңалық берілді. Онда Ақмола облысындағы Қошқарбай ауылы тұрғындарының бір күнде 11 жас жеткіншекті бауырына басып, асырап алғандығы туралы айтылады. Осынау қаймағы бұзылмаған қазақ ауылы  өзінің көрікті табиғатымен, әріден басталатын ата тарихымен ғана ерекшеленбейді екен. Мұндағылар әркім бара бермейтін игі қадам жасады. Осылайша, олар жәутеңкөз балалардың да, ауылдың тағдырын да өз қолдарымен шешті. 60 үйлі ауыл кешікпей тағы бірнеше жетім балақайды  ауыл тәрбиесіне тартпақшы.

Қошқарбай тауының етегінде орналасқан шағын ауыл — түтіні түзу шыққан қазақ елді мекендерінің бірі. Олар үшін кіндік қаны тамған туған мекені, тасында табанының ізі қалған тауы қымбат. Осылай деген жұрт бір сәтте ауыл мектебі жабылады дегенде қатты уайымдапты. Сөйтіп, 11 жетімді бауырға басып, ата-аналық мейірімге бөлеу тығырықтан шығар жол деп тауып, өзара бірауыздан келісімге келген 6 отбасының әу бастағы мақсаты ауылдағы мектепті жабудан сақтап қалу болса керек. Бірақ енді әлгі ата-аналардың бірі Гүлнәр Баймаханова: «Бұл балалар қазір өз баламнан кем емес.  Өзімнің туған 4 балам бар. Соған қарамастан балалар үйінен 3 бала алып келдік. Жолдасым екеумізде бір келіспеушілік болды. Ол маған ұл алып кел деді, мен жоқ қыз алып келем деп біраз тәжікелестік. Ақыры балалар үйіне барсақ, бәрі шетінен сүйкімді,  көздері күлімдеп тұрған әп-әдемі балалар екен. Өз балаларыма ұқсап кетіп, ойланбастан бауырыма бастым. Олар өзге ұлттың балалары болғанмен, қазір өз балаларыммен қосылып, бәрі бір әке-шешеден туғандай болып кетті», — дейді қуанышын жасыра алмай.

Ауыл болып асырап алған 11 оқушы осыдан  1 жыл бұрын қыркүйекте мектеп партасына имене кеп отырған. Қазір ауыл балаларына да, мектеп мұғалімдеріне де әбден үйренген. Қазақ тілінде де таза сөйлеп, бағдарламаны меңгеріп алды дейді ұстаздары. Ал өздерінен қай ауылдың баласысыңдар деп сұрай қалсаң, бірден Қошқарбайдың балаларымыз деп жауап береді. Ауыл мектебінде қазір 40 оқушы бар. Бала саны шағын білім ошағын ұстауға жеткен соң, жоғарыдағылар ол жабылмайды деп шешіпті. Ең бастысы, аудан орталығындағы балалар үйінде тек дайынға үйренген жеткіншектер енді ауыл өміріне көндігіп қалған.

М. Хасенов атындағы Қошқарбай негізгі мектебінің директоры Айгүл Жақсыбаева: «Алғашында бізде де, балаларда да қобалжу болды. Өйткені ата-аналар мен бізде бұрын мұндай тәжірибе болған жоқ-ты. Қамқорлыққа алған балалармен жұмыс істеген жоқпыз. Біраз қиыншылықтар болды. Оқушылар үйренді. Ауыл тұрғындары балаларды жақсы қабылдады», — дейді . Ауыл тұрғындары шынымен игі істің жалғасуын күткен. Жетім балалардың өз отбастарын тауып, ауылға сіңісіп кеткеніне енді көздері жеткен сияқты. Бұл 11 баланы  негізінен мектеп мұғалімдері асырап алыпты. Қазір Қошқарбайдың басқа тұрғындары да балалар үйіне жиі барғыштап жүрген көрінеді. Игі іс жалғасын тапса дейміз.

Ермек Назым