,,ҚОРҚЫТ,, КЕЛДІ !!!

,,Қазақстан,, телерадиокорпорациясы режиссер Қанағат Мұстафиннің төрт бөлімнен тұратын ,,Қорқыт,, биографиялық туындысын ұсынды. ,,Қорқыт,, фильмін бір деммен көріп шықтық. Фильмнің аурасы жылы, бояуы қанық. Бірден көне дәуірге жетелей жөнеледі. Жалпы Қорқыт туралы аңыз-әпсана, ел аузындағы түрлі мәліметтер мен қатар көнеден жеткен ,,Қорқыт ата кітабының,, баяны бәрімізге мәлім ғой. Сценаристер мен режиссер аталмыш фильмдегі мазмұнды тандағаны да көңілге қонымды. Оқиғаның уақыты мен орны да ғажайып үйлесім тапқан. Мені таң қалдырған ең басты дүние фильмнің тілі болды. Ұлттық фильмнің көбі осы тіл мәселесінен опық жеп жатады. Ал, бұдан ондаған ғасыр бұрынғы тілдің мәйегін бұзбай әжетке жарату өте ыждаһаттылықты қажет етсе керек. Біліктілік пен білгірлік осы жерде қажет. Көркем дүниенің бағын әуезді тіл, мағыналы сөз, көңілге жатық ой ашады. Бұл тұрғыда біздің отандық фильмдегі марқұм Таласбек Әсемқұловтың орны ойсырап тұр еді. Осы олқылықтың орны ,,Қорқыт,, фильмінде толайым толыққанын аңғардық. Біз бұл жетістікті ,,Қорқыт,, фильмінің көркемдік кеңесшісі және белді сценаристерінің бірі фольклорші Берік Жүсіпов мырзамен байланыстырамыз. ,,Қорқыт ата кітабындағы,, образды эпитеттер біздің Берікжанның сөз саптауымен орайласа үйлесіп, құшақтаса жымдасқан сәтте ғажайып сөз тіркестері дүниеге келген. ,,Қорқыт,, фильмін ұстап тұрған ұстыны, өрелі өрімі көне де жаңа, жатық та бағзы тіл әуезесіне нық байланған. Берікті жақсы танитын кісі, Берікпен үнемі тілдесіп жүрген жан бұл фильмді көріп отырып Берік Жүсіповпен сөйлесіп отырғандай әсер алар еді. Себебі, көркем фильмдегі мәтін Берік досымыздың күнделікті тұрмыста еркін пайдаланып жүрген сөз тіркестері ғой. Сонда ол бізге соноу ІХ ғасырда ғұмыр кешкен Оғыз дәуіріндегі Қорқыттың тілінде байырғы бабаларымыздың сөз саптауымен тілдесіп жүрген боп тұр-ау!
,,Қорқыт,, фильмі ажалды жеңген Қорқыт бабамыздың өзіндей ғұмырлы болатын сынайлы. Себебі, фильмде қаузаған мазмұн, орағыта астарлай меңзеген ой мол екен. Мәнін жоймайтын мазмұн, бүгін мен болашаққа ұласып кеткен ой… Ел билеу өнеріндегі өресіздік пен қайшылық, ерендік пен берендік те осында. Бұрынғы тарихи фильмдерде айналымға түспеген билік титулдары да аталмыш дүниеде орнықты орын тапқан. Мәселен, фильмдегі қағаннан бір саты төмен тұратын Қазан жабғу лауазымын (Жабғу!) бүгінгі ресми билікте де пайдалануға әбден болады деп ойлаймын. Осындай кесек, ірі еңбекті жұртшылыққа ұсынған ұжымға алғыс айтам. Фильмдегі актерлердің образ сомдаудағы ізденістері мен шынайылығы, нышандық параллель бейнелер көңіл көншітті. Жаңалыққа толы, жарқын дүние ел игілігіне жарарына бек сенімдімін!
МАРАЛТАЙ