Қорғансыз кембағалды қорлаған кім?

Арамызда мүгедек, кембағал адамдардың қарасы жетерлік. Оларды қалада да, ауылда да, көшеде де, көлікте де көріп жүрміз. Маңдайына жазылған тағдырдың жазуы солай шығар. Жарық дүниенің шыр етіп есігін ашқаннан бері аурудан көздерін аша алмай, қол-аяқтары бұралып қалған кембағалдардың да, жүйкелері бұзылған мүгедектердің де құқығын қорғайтын заң бар. Оларға жылма-жыл миллиардтаған қаржы да қарастырылған, бағып- қағатын, ауруын емдейтін орындар да ашылған. Алайда олардағы ауру адамдардың көпшілігі шын мәнінде қорғансыздың күйін кеш- кенін Алматы облысының прокуратурасы тексе- ру барысында анықтап, жария етті.

Облыстың мүгедектер үйлеріндегі ауру адамдар қажетті дәрі-дәрмектермен қамтамасыз етілмегендіктен, пайдалану мерзімі өтіп кеткен медициналық препараттар қолданылған. Осы меке- мелердегі 2 мыңнан астам мүгедектер аудандық ауруханаларға ем алу үшін бекітілмеген. Оның ішінде Қоғалы мен Текелі орталықтарындағы 500 мүгедек, тіпті, емдеу мекемелердің назарынан тыс қалған. Тағы бір сорақысы, invalidмүгедектер үйлерінде ауру адамдардың ажалынан үш күн бұрын өлуіне де ықпал еткенге ұқсайды. Әйтпесе Жаркент мүгедектер үйінде қант ауруымен ауыратын кембағалдарға екі жыл бойы балмұздақ берілгенін немен түсіндіруге болады? Ал Еңбекшіқазақ ауданындағы «Аманат» мүгедектер үйінде со- зылмалы бронхитпен ауырған 60 адамға жылдар бойы темекі бергендері ақылға сыйымсыз. Осының салдарынан өкпе ауруына 2 адам ұшыраған. Осы мүгедектер үйінде Ж.Үркімбаева деген азаматша қажетті дәрі-дәрмек болмағандықтан ем-дом ала алмай, қайтыс болған. Ол мүгедектер үйіне түскенде дәрігер-психиатор «қол-аяғы тартылмасын» деп, дәрі тағайындаған, ал келесі дәрігер «оның қажеті жоқ» деп, еккізбей қойған. Осының салдарынан аурудың жағдайы төмендеп, ажал құшқан. Басқалай адам болса, сол дәрігерлер қылмыстық Кодекстің бірер тармағын арқалар еді. Амал жоқ. Ал осы жабық мекеме бола тұрып, мүгедектер үйлерінде жұқпалы ішек ауруларына, өкпе ауруларына, биттеуге неге жол берілген? Соңғы екі жыл ішінде Текелі қаласының «Шапағат» мүгедектер үйінде 105 адам, Еңбекшіқазақ ауданы «Аманат» мүгедектер үйінде 42 адам қайтыс болып, жерленген. Тіпті, жалған сертификатпен медициналық қызмет көрсетіп жүрген 9 факті әшкереленген. Дәрігерлер мүгедектер үйінде ар- найы лицензиясыз қызмет атқарып келген. Олар заңға қайшы өлген аурулардың куәлігін арнайы сараптамасыз, өздері толтырып отырған. Осы мүгедектер үйлерінің басшылары 160 адамның өлімі туралы фактіні жасырып қалуға тырысқаны жөнінде облыстық прокуратураның алқа жи- ынында айтылды. Онымен қоймай, кембағал адамдарды мерзімі өтіп кеткен азық-түлікпен тамақтандырып келген фактілер де анықталған. Көгерген тоқаштар мен шіріген көкөністер қоймада сақталып келген. Ал аспаздардың пісірген тамақтарынан ішек ауруларын қоздыратын бактериялар табылған. Ақыл-естері шамалы, бейшара кембағал адамдар сол тамақтарды жегенін ойласаң, төбе шашың тік тұрады. Олар сонда мал екеш мал ғұрлы болмағаны ма? Облыстық прокуратураның тексеруі ба- рысында арнайы орындарды мекендеген мүгедектерге тегін киім-кешектер де берілмейтіні анықталды. Көп жағдайда онсызда қоймада же- терлік тауарлардың басқа түрлері сатып алынып отырған. Осы салада сыбайлас жемқорлықтың нышаны жоқ деп кім айта алады? Әсіресе Есік қаласындағы «Аманат» мүгедектер үйінде жаңа қабылданғандарға өліп қалған ауру адамдардың киімдері кигізіліп келген. Шын мәнісінде, жыл- ма-жыл оларды тегін киім-кешекпен қамту «Арнайы әлеуметтік қызмет көрсету» Заңында анық жазылған. Алматы облыстық прокуратурасының бірінші басқармасының бастығы Сәбит Чембековтың келтірген мәліметі бойынша, 2015 жылы 21 мың мүгедектің 12 мыңы ғана, ал 2016 жылы 16 мың мүгедектің 10 мыңы ғана қажетті оңалту құралдарымен қамтылған. 291 цере- бральды сал ауруымен ауыратын балалардың 45-і ғана арнайы қоларбамен қамтамасыз етіл- ген. Осы құны 150 мың теңге тұратын қажетті қоларбалар «Қамқор» арнайы мекемесінде бір- неше жылдан бері шаң басып жатқан көрінеді. Басқа да мүгедектерді қажетті құралдармен қамтуда олқылықтар орын алған. Тексеру бары- сында Жаркенттегі мүгедектер үйінің қоймасы азық-түлікке, гигиеналық тауарларға толы екен. Өз-өздерін қорғауға қабілетсіз кембағалдардың «нанын» тартып жеп, байып, шалқып жүргендерді кім анықтайды? Қазіргі бас пайданың қамы үшін шімірікпей қолдарын былғайтын имансыз адамдардың қарасы көбейіп кеткенін көзіміз көріп жүр. Сонымен, облыс жұртшылығын дүр сілкіндірген осындай сорақы фактілер облыстық прокуратураның алқасында қаралып, арнайы бақылау іс-шаралары жүзеге асырылды. Облыс аумағындағы мүгедектер үйін мекендеген 1722 адам тегін дәрігерлік көмек алуы үшін аудандық ауруханаларға бекітілді. 13 аудандық әкімдікке мүгедек жандарды жұмысқа орналастыруы үшін арнайы квота бекітілді. 420 мүгедектің денсаулығы арнайы тексеруден өткізіліп тұратын болды. Облыстық бюджеттен мүгедектер мен кембағал жандарға техникалық құралдар алу үшін 2 млрд. теңгеден астам қаржы бөлінді. 73 лауазым иесі жауапкершілікке тартылып, 18 лауазым иесі қызметінен біржолата аластатылды.

Осындай іс-шаралардан соң облыстағы мүгедектер үйлеріндегі жағдай түзеліп кетті дей алмаймыз. Себебі бұл бір ғана тексерудің қорытындысы ғой. Ал ақыл-естері бірде бар, бірде жоқ, өздеріне көрсетілетін қиянатты, зорлық-зомбылықты айта алмайтын кембағал жандардың енді құқықтары бұзылмайды деп кім нақты сеніммен айта алады?

НҰРИЛА БЕКТЕМІРОВА,

Алматы облысы