Қолдың сары майы керемет табиғи дәрмек

Қазақ дастарханынан қысы-жазы түспеген тағамның бірі – қолдың сары майы. Астың да, нанның да дәмін келтірген майдың арнайы ерітілген (топленое) түрі әсіресе қыста ерекше сұранысқа ие. Кейбір жерде «күйдірілген» (қорытылған) деп аталатын бұл сары майды емдік мақсатта да қолдануға болады.
Тең мөлшерде балға араластырған күйдірілген сары май иммунитетті көтеретін мықты табиғи құрал. Ол үшін таңертең жылы сүтке араластырып, ашқарынға ішсеңіз болғаны. Ол кеудедегі қақырықты босатады, ішектердің жиырылу қасиетін реттейді, іш қатуын болдырмайды, иммунитетті көтереді. Сүйектердің беріктігіне көмегі бар. Ағзаны зиянды қалдықтардан тазартады. Жасушаларды жаңарту арқылы ағзаны жасартады. Кемі 3-5 ай жалғастырған жағдайда атеросклерозға қарсы оң әсері байқалады.
Қазекемнің қыстыгүні суықтап қалған балаға беретін ең бірінші «дәрісі» де осы май қосылған сүт екенін білеміз. Дәмді де сіңімді бұл сусын әлсіздікті жеңуге, ағзадағы суықты қууға қауқарлы. Бал қосылған қолдың сары майы жүйке мениммундық жүйеге оңды әсер етеді.
Күйдірілген сары май аюрведа әдісімен ем жасайтын үнді шипагерлерінің де басты қаруы. Олар тіпті тері мен шаш сұлулығын да осы әдіспен сақтайды екен.
Жасы алпыстан асса да бетіне әжім, шашына ақ түспеген, көзі өткір, тісі сау, қимыл-қозғалысы еркін үнді бишілерінің бірі Ресейдің әйелдерге арналған бағдарламасына қонақ болған екен. Сонда жүргізуші алпыстағы бишінің отызға жетпеген сұлудай мінсіз дене бітімінің сырын сұрайды. Үнді сұлуларының көбі күйдірілген сары майға бал, жаңғақ, кептірілген өрік, мейіз, жержаңғақ қосып жейтіні тағамтанушыларды таң қалдырады. Зерттей келе олар майдың бұл түрі А, D, E, K витаминдеріне бай, холестерин деңгейін төмендететін, тамыр қабырғаларын тазартатын, зейінді арттыратын, сіңімді әрі өте пайдалы деген шешімге келген. Күйдіру (еріту) барысында майдың құрамындағы су толығымен жойылады. Сондықтан май ағзада іркілмейді, қайта ішек пен асқазанды тазартады.
Айтпағымыз, суық маусымда күнделікті таңертең сүтке 50 грамм күйдірілген май қосып ішуді әдет етіңіз, пайдасы шаш-етектен.
Жарас ҚАСЫМ.
«Ауырмаңыз!» газеті.
(Мақаланы көшіріп басқанда «Ауырмаңыз!» газетінен алынды» деп сілтеме беру міндетті. Авторлық құқық қорғалған!)