ҚОЙЛЫБАЙ ӘУЛИЕГЕ БЕРІЛГЕН АС Дулығалы өзенінің бойын дүбірлетті

Ертеде қыпшақта өткен Ер Қойлыбай, Қолына жүрмейді екен қобыз алмай, – деп атақты Қожаберген жырау жырға қосқан Қойлыбай Әбурахпанұлы исі қазақ пір тұтар киелі тұлға. Ол – атақты бақсы, тәуіп, көріпкел, қобызшы. Зерттеушілер Қойлыбайды Қорқыттан кейінгі бақсылардың ірі өкіліне жатқызады.   

Міне, сол тарихи тұлға, Ұлттық өнер мен мәдениетте өшпес із қалдырған, тарыққанға таяныш, зарыққанға демеу болған, дертіне дауа, жанына дәру іздегендерге дәрмен болған атақта бақсы Қойлыбай әулиенің ұрпақтары өткен аптада ас беріп, дүйім елдің басын «Дулығалы» өзенінің басында қосты. Өйткені, дәл осы жерде әулие баба мәңгілік дамылдап жатыр.

Ертеден жеткен есті әңгіменің біріне құлақ асар болсақ былай деп сыр шертеді. Сонау бағзы заманда Қаратаудың қойнауы қалың Қыпшаққа тарлық ете бастаған соң, елдің бір топ игі жақсылары қоныс жер іздеп Торғайдың торабы мен Арқаның атырабын шарласа керек. Ішінде Қойлыбай әулие де бар екен. Күндердің күнінде жер іздеген топ Ұлытаудың бөктеріндегі «Дулығалы» өзенінің жағасына келіп жетеді. «Шөбі шүйгін, суы мол, жазы жайлы екен. Қысының қабағына да қарайық» деп, ортақ келісімге келген олар жеткен жерлеріне қосын тігіп, қыстап қалады. Сол сапарда сырқатқа шалдығып, енді беті бері қарамасын сезген Қойлыбай бақсы қасындағыларға «Қыстың көзі қырауда сүйегімді Қаратауға сүйретіп әуре болмаңдар. Топырақ осы жерден бұйырған шығар, «Дулығалы» өзенінің жағасындағы алғашқы күні намазға жығылған қырдың басына жерлеңдер. Ұлытаудан бес түйе арша әкеліп, басыма белгі қойыңдар», деп ақтық сөзін айтады.

… Қойлыбайдың қасиетті кісі екені содан ақ белгілі емес пе, арада қаншама жылдар өтсе де сол аршадан салынған мола күні кешеге дейін мұрты бұзылмай жетті. Тек кеңес заманындағы кейбір кеңкелестердің кесірінен моланың аршасы ашылып қалды. Бірақ олар да мұның зауалын тарттын. Жә, ол өз алдына бөлек әңгіме. Кейін, нақтырақ айтқанда 1993 жылы жұртшылық жұмылып кесене салды. Ал, 1994 жылы жазда әулиенің аруағына бағыштап дәл осындай ас беріліп, «Дулығалы» өзенінің бойын дүбірлеткен еді. Исі қазаққа сауын айтылған сол алқалы жиында аламан бәйге ұйымдастырылып, жүйріктер боз даланың шаңын көтеріп, балуандар боз кілемнің шаңын қаққан болатын. Сол ұлы думан араға отыз жыл салып тағы қайталанды.

Биылғы думанға осыдан тура отыз жыл бұрын тұрғызылған әулие баба кесенісінің жанынан дертіне дауа іздеп келетіндерге арналып салынған «Тағзым үйі» мен Қойлыбай әулиенің жан серігі, сырласы болған қасиетті қобыз мүсінінің орнатылуы себеп болды.

Кезінде емшілігімен сыйлы болған Қойлыбай әулиенің басына күні бүгінге дейін тәу етіп келетін жандар аз емес. Алайда, иен даладағы киелі мекенге келгендерді кісі аялдайтын нысанның жоқтығы қинайтын. Аудан орталығынан 200 шақырым қашықта орналасқан кешенге жетудің өзі оңай емес. Шаршап-шалдыққан жолаушы жиі далада қонатын. Енді ауыл азаматтарының арқасында бой көтерген тағзым үйі осы мәселе шешімін тапты. Мазар басына тағзым үйі салынып, кешенге баратын жол бойына нұсқаулық белгілер қойылды.

Хоош. Сонымен аптаның соңын ала қарт Ұлытау тарихи оқиға дейтіндей тағы бір шараға куә болды. 92 баулы, 5 таңбалы, қайқы қылыш Қыпшақ баласы алыс-жақын ағайындарға сауын айтып үлкен ас берді. «Дулығалының» бойында 60-қа тарта киіз үй тігіліп, сауапты шараға келген 2 мыңға жуық қонақтарға қызмет көрсетті. Ұлттық ойындардың түр-түрінен сайыстар өтті. Серке Қожамқұлов атындағы Жезқазған музыкалық-драма театрының қоюшы-режиссері Теміржан Жанботаев белгілі қаламгер Ғазиз Ештанаев жазған Қойлыбай әулие жайлы тамаша спектаклді тарту етті келгендерге.

– Жалпы Ұлытаудың тарихы бұл көне замандардан бастау алатын, тамыры әріде жатқан тарих. Сол көне тарихтың топырағында ашылып жатқан жаңа облысты енді алдағы уақытта туризмнің мекеніне айналдыру. Халықаралық туризмнің орталығына айналдыру деген мақсат бар. Сондықтан бүгінгі шара туризмді дамыту мақсатында жасалып жатқан дүние.  Ұлытауда тарихи туризмге сұранып тұрған орын көп. Мысалы,осы Қойлыбай әулие мазарына жылына мыңдаған адам келеді. «Тағзым үйін» тұрғызған жұрт енді жол болса деген тілегін де айтып отыр, – дейді Ғазиз Ештанаев аймақтық БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында.

Орайы келгенде айта кетейік, Ұлытау өңірінде өткен тағылымды шараға Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы да арнайы атбасын бұрды. Аймақ басшысы ас алдындағы салтанатты шарада Қойлыбай Әбурахпанұлының Қазақ даласындағы атақты бес әулиенің бірі екендігін атап өтіп, ілкімді істің Ұлытау өңірінің кең көлемді туристік орталыққа айналуына өз үлесін қосатындығын да айтты.

– Өздеріңіз көріп отырсыздар. Жол жоқ. Рет-ретімен жол да соғылады деп үміттенеміз. Өйткені, облысымызда қазір көптеген шаруалар бар. Ендігі жылдары Байқоңырға дейін Қарсақбайдан асфальт тартамыз. Қарақұмға дейін жол жүреді. Осы жерге бүкіл Қазақстаннан келетін азаматтарға, ниеттеніп келетін ағайындарға мүмкіншілік жасауға өз тарапымыздан міндеттеме аламыз, – деді өңір басшысы өз сөзінде.

Аста өткен тағы бір айшықты шара кесене жанындағы құлыптасқа әулиенің қоңыр қобызының орнатылуы болды. Осы жерде белгілі жезқазғандық қобызшы Байғара Сәдуақасов «Дулығалы» бойын қобыздың қоңыр үніне бөледі.

 

P.S. Ел арасында бақсының есімімен бірге «Қойлыбайдың қобызы» деген тіркес сақталған. Сол ел аузындағы аңыздар бойынша Қойлыбай бір үлкен бәйгеге қобызын қосып, жарыс басталатын жерге алдын ала қобызды бір үлкен сексеуілге байлатады. Бәйгеден келе жатқандардың шаңы көрінгенде, Қойлыбай қолына қылышын алып, сарын айтады. Кенет, бәйге аттары кеткен жақтан қатты дауыл тұрып, ысқырған қызыл жел соғады. Көп ұзамай, дауылдың ортасынан аттар көріне бастайды. Ал бәрінің алдында сексеуіл сүйреткен Қойлыбайдың қобызы келе жатады. Осылайша Қойлыбай бас бәйгені жеңіп алған деседі.

Ізтай Белгібайұлы.

 

Тақырыпты тұздықтау

 

Қойлыбай да қолына алды қобызын  

 

Куәсі болдық үлкен шараның бар,

Ырза болды қатысқан қонағың да әр.

Аруақтарын сыйлаған ел азбайды,

Ұрпақтары Қойлыбай, жарадыңдар!

 

Білеміз өскен кімдер, өшкен кімдер?

Бас иіп Баба рухын ескердіңдер.

Дулығалы бойында дүйім елге,

Дүрілдетіп думанды ас бердіңдер.

 

«Бөлінгенді — бөрі жер», жек көрдіңдер,

Бірліктің ошағына от бердіңдер.

Әулиеге келетін жандарға арнап,

Тамаша «Тағзым үйін» сап бердіңдер.

 

Оң шешіліп ойлар мен ұйғарымдар,

Қазақтың жақсыларын жинадыңдар.

Араға бес ғасыр сап қасиетті,

Қобызын қайта өзіне сыйладыңдар.

 

Ел – егемен, халқымның бағы жанды,

Біз жүрміз Шәмші жазған салып әнді.

Үн қосам деп өзгерген өңіріне,

Қойлыбай да қобызын қолына алды.

 

Атқардыңдар ауқымды шаруаны,

Ұлытау – ұлттың қара шаңырағы.

Жаңа Қазақстанды жатсын қолдап,

Айтулы Аңыз – Адам аруағы!

 

Мұқаш Сейтқазинов.

Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.

ҚР — ның еңбек сіңірген қайраткері.