Қоқан хандығына қарсы шыққан Хан Жамбыл жайлы не білеміз?

Ат тұяғының таңбасы, шашақты найзаның белгісі қалған Қаратаудың қойнауы — кәрі тарихтың сабағы. Тау баурайындағы, дала төсіндегі белгісіз сағана там, сартас молалар, қасқайған құлпытастар, беймәлім үйінділер — барлығы да кешегі жаугершілік заманның айшықты көрінісі.

Әулиеата өңірінде Хан және Жамбыл таулары бар. Тасын түртсең, тарих жайлы төгіліп қоя беретін таулардың бойындағы бұла күш, асқақ сезім тағылымы тарихтың өнегесі. Бүгінде жыр алыбы Жамбыл бабамыздың атымен аталатын облысымызда тарихи мекендер мен шежірелі өлкелер көп. Өз өмірбаяны туралы Жамбыл Жабаев «Шу өзенінің бойымен жүре берсеңіз, Хан және Жамбыл деген екі тауға кез боласыз. Менің әкем Жабай бір кезде осы тауларда көшіпқонып жүрген. Жамбыл тауының етегінде, қақаған қатты боранды күні мен туыппын. Маған сол көне Жамбыл тауының есімі ат болып тағылыпты. Бұл 1846 жылы ақпан айы екен. Менің әкем Жабай шоқпыт шапанды көшпелі кедей адам болған» деген ұлы жырау өз өмірбаянын «Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын» деп те жырға қосқан. Жамбыл тауының геологиялық құрылымы жоғарғы жартасты бөлігінің түпкі жыныстары ашық, беткейлері тік құлама. Топырағы сұр қоңыр қиыршықтасты болып келеді. Боз жусан, бұйырғын, баялыш, күйреуік көбірек өсетін тау. Тарихтан белгілі, бір кездері Жетісу өңірі Қоқан хандығына қарады. Бұл кезеңде ел басқаруда жолсыздық белең алды. Бір жағынан, ақ патшаның, екінші жағынан, жергілікті билеушілердің шектен тыс алым-салығы да халықтың шамына тиіп, ыза-кек өрттей қаулап т ұ р ғ а н шақ еді. Қоқан хандығы бұл өңірді 1864 жылға дейін биледі. Жалпы, Хан тауы, Жамбыл таулары жайлы аңыздар сыр шертеді. Бір аңыздарда жаугершілік замандарда қалмақ ханының Хан тауы маңында үш түмен әскері тұрған екен. Бір күні қалмақ ханы Сырдария бойындағы қалаларды шабу үшін түменбасыларын шақыртқан дейді.

Хан әскерінің бір түмені Хан тауының етегіндегі Жыландысайда, біреуі Жамбыл тауының етегіндегі Жыландыбұлақта, бір түмені Бас және Орта Ақтөбелердің маңайында болған. Алайда Хан және Жамбыл тауларындағы түменбасылар барыпты да, Ақтөбедегі түменбасы келмей қалыпты. Түннің шамасында ханға жолыққан түменбасы ханның аяғына жығылып, Бас Ақтөбедегі қазақтар қалмақ ханының Сыр бойындағы қазақтарды шабатынын біліп, қорғанды бұзып қашып кеткенін айтады. Міне, осы аңыздың өзі ақиқатқа жетелейді. Ұлы қазақ даласында бір ғана Хан тауы бар. Атақты ғ а л ы м Сәйден Жолдасбаев өзінің «Жетісу тарихы» деген еңбегінде Хан тауын зерттейді. Содан профессор «Хан сатысы», «Хан қорасы», «Хан оры» деген тарихи орындарды ашып, тарихи айналымға шығарады. Ғалым өз байламында бұл атаулардың барлығын да Керей мен Жәнібек хандармен байланыстырады. Тіпті, Керей хан осы Хан тауында жерленген деген де аңыз бар. Тарихшылардың айтуынша, Хан тауындағы ежелгі құбылыстардың барлығы да әр замандарда жауды бақылап отыру үшін пайда болған делінеді. Қоқан хандығының қыспағына шыдамай, жауға қарсы шапқан батырлардың бірі Ерназарұлы хан Жамбыл деп айтылады. Хан Жамбыл бабамыз Үйсіннің бір бұтағы. Ыстының Ойық ұрпағынан таралады.

Тағдырдың жазуымен Ысты ұрпақтарының бір бұтағы бүгінде Оңтүстік Қазақстан облысының Созақ маңын жайлап келеді. Сонымен қатар, Жамбыл облысының Талас ауданын да мекен етіп отыр. Қазақтың қай қиыры да, қай пұшпағы да ұрпақтарына жаттық көрсетпейді. Хан Жамбыл бабамыздың өзі Қоқан қыспағына қарсы шығып, тарихта қалған тұлға. Кезінде көздегені қазақтың кең байтақ жері болған Қоқан хандығы орыс отаршылдарымен бірігіп, тізесін батырады. Алайда Алланың басқа салғанына ғана көнген, жаудың қыспағына төтеп бере алмаған хан Жамбыл артындағы қараорман халқына сеніп, Байғара екеуі Қоқан хандығына алым-салық төлеуден бас тартады. Алайда, Қоқан хандығы да оңайлықпен берісе қоймайды. Содан Байғара мен Хан Жамбыл рулы қалың елді соңынан ертіп, ата қонысынан ауа көшіпті дейді. Керей мен Жәнібек хандар ту тіккен Шу өңірінің Қозыбасы тауына тұрақтайды. Бұл уақытта Қоқанның қолы бұл жерге жете қоймаған екен. Арада уақыт өтіп, дәуір бір арнаға түсті. Кешегі кер заман, жаугершілік уақыт тарихқа жүк болып қалды. Енді сол тарихты ұрпаққа жеткізетін, кейінгі буынға шежірелейтін кез келді. Хан Жамбыл бабамыздың ұрпақтары да бүгінде бір қауым ел. Олар да баба атын қастерлеп, болашаққа қалдыруды өздеріне парыз санайды. Қашанда ел ерсіз болмаған. Ерлердің ерен аты ұрпаққа үлгі. Хан Жамбылдың ұрпақтарының бірі, бүгінде ақсақалдық жасқа жетіп отырған Көшербек Жұманқұлов та бабасы жайлы көп жайды біледі. Бұл кісі кейіннен тағдырдың жазуымен хан Жамбылдың Шу бойынан өз еліне оралғанын айтады. Жаз мезгілінде баба салтымен тау жайлап, қыс мезгілінде Талас бойына көшіп, бейбіт ғұмыр кешкен екен. Талас бойындағы Жаңақорған қалашығын салдырғанын да ұрпақтың біле жүргенін жөн санайды. Ал белгілі жазушы, драматург Болат Бекжановтың да хан Жамбыл жайлы өзінің айтары бар. Жазушы әңгімені тарихи баян арқылы өрбітті.

— Кезінде Қоқан хандығы бізден а л ы м — с а л ы қ алып тұрған. Қоқанның қ а з а қ қ а көрсетпегені жоқ. Міне, осы жайларға хан Жамбыл қарсы болған. Ақыры Мойынқұм жеріне қарай көшкен. Бүгінде Мойынқұмдағы Жамбыл тауы сол кісінің атымен аталады. Сол тауда қазір тастан жасалған тақ тұр. Сол жерде қазақтар Жамбыл Ерназарұлын хан қылып көтерген. Ол кісінің ең үлкен ұлының аты Шоқпар болған. Шу өңірінде Шоқпар деген жер бар. Бұл да сол Шоқпар бабамыздың құрметіне қойылған. Хан Жамбыл бабамыздың немересі Бейбіт би де халыққа танымал адам болған. Оязға белгілі болған, төменгі Таласта ғұмыр кешкен. Көптеген үлкен дауларды шешкен. Негізі тектілер ғой. Кезінде Меркіде Нұрмағамбет деген кісі өткен. Сол Нұрмағамбет пен атақты Керімбай болыс қазақтың жолымен құда болыпты. Керімбайдың ұлына Нұрмағамбеттің қызын бесікте жатқанда-ақ айттырып қойыпты. Алайда бірі бай, бірі болыс, екі құданың арасында бір келіспеушілік болады да, Нұрмағамбет бай қызын қырғызға ұзатып жібереді. Бірақ Керімбай болыс қыздың қалыңмалын төлеп қойғандықтан, соғыс ашпақшы болады. Тіпті, даудың өршігені соншалық, арасында кісі өлімі де болады. Содан Меркіде Нұрмағамбет бай бір киіз үй, ал Керімбай болыс бір киіз үй тігіп, Бейбіт биді күтеді. Ақыры, Бейбіт би Нұрмағамбеттің үйіне келіп, қамшысын үш рет сілтейді. Содан Керімбай болыстың тіккен үйіне келіп, ол жерде де қамшысын үш рет сілтейді. Сөйтіп, би үшін арнайы тігілген үйге келіп отырған соң, сөз бастайды.

— Нұрмағамбет, сенің үш кінәң бар. Бірінші — қазақтың салтын бұздың. Екінші — кезінде бесіккерді құда болып едің. Ақыры айнып, уәдеңді бұздың. Үшінші — қазақтың қанын қырғызға саттың. Сондықтан, сен кінәлісің, — дейді. Осындай дауларды шешкен Бейбіт би де хан Жамбылдың ұрпағы. Тарихта көп айтыла бермейтін Қоқанға қарсы шыққан адам осы хан Жамбыл. Ол кезде Қоқанға қарсы шығу деген үлкен қатер. Ал атақты жырау бабамыз Жамбыл Жабаев сол Жамбыл тауының етегінде дүниеге келген дейді Болат Үмбетәліұлы.

Ұрпақтың саналылығы да бабасына деген құрметтен көрінеді. Жуырда сарысулық кәсіпкер, «Алтын орда» ЖШС-ның басшысы Дәулеталды Жанбаев баба рухына арнап ас беріп, Құран оқытты. Бұл күні Оңтүстік Қазақстан облысының Бәйдібек ауданы және Жамбыл облысының Сарысу ауданының түйіскен шекаралас аймағында, қарт Қаратау сілемін бойлай аққан Арыстанды, Қарасу өзендерінің маңына бірнеше киіз үй тігіліп, көпті көрген көнекөз қариялар тарихтан сыр шертті. Көпшілік Ерназар әулие мен хан Жамбылдың аруағына дұға жасап, Алладан жәрдем тіледі. Бәйдібек ауданы, Шақпақ ауылының тұрғындары Елубек Сералиев, Әлмырза Еркебаев, Құсибек Наурызбаев сияқты ел қариялары ата тарихтың ұрпаққа беймәлім тұстарын әңгімеледі. Хан Жамбылдың Қоқан хандығына қарсы жүргізген ерлігін айтты. Сондай-ақ, кеңес барысында республикалық «Егемен Қазақстан» газетінің облысымыз бойынша меншікті тілшісі Оралхан Дәуіт, облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары Әділбек Баққараевтар сөз алып, мұндай тұлғалардың ұрпақ жадында әрдайым болуы керектігін де айтып өтті. Осынау игі іске мұрындық болған Дәулеталды Жанбаев құба далада елеусіз жатқан бабалардың басына кесене орнатсам деген де ойын айтты. Сондай-ақ, көнекөз қариялардың аузынан бабалар жайлы естелікшежіре жинап, оны тарихпен ұштастырып кітап шығару ниеті де бар екен. Бұдан кейін тігілген киіз үйлерде ас беріліп, Құран оқылды.

Игі шара барысында жиналған көпшілік, баба ұрпақтары әуелі Ерназар әулиенің басына барып, Құран оқыды. Алақан жайып тілеген дұға қабыл болғандай, аспанның да тиегі босап, нұр сорғалағандай жаңбыр төкті. Артынша күн көзі күлімдеп, айнала төңіректі бір ғаламат күйге бөледі. Әуелі құлпытастың бетінен ешқандай белгі көрінбегенмен, артынша-ақ «Назарымбетұлы Ерназар Шоғайдартегі 1705-1795» деген жазу көрінді. Кезінде әулиелігімен аты шыққан Ерназар кісі тоқсан жас жасаған екен. Бұдан кейін көпшілік хан Жамбылдың басына келді. Арасы үш шақырымдай жер. Елсіз далада, аспан астында тұрған құлпытастың бетінде «Ерназарұлы хан Жамбыл, Шоғайдартегі, 1772-1872» деген жазу бар екен. Хан Жамбыл бабамыз да ғасыр жасап дүниеден көшіпті. Ал марқұмдарға бұл құлпытастар 2001 жылы, яғни осыдан он бес жыл уақыт бұрын орнатылған екен. Жаңбыр шайып, күн қақтаған құлпытас ұрпағына бар тарихты баяндап, аманат арқалатып тұрғандай.

Саятхан САТЫЛҒАНОВ