ҚХР: Қытай қазақтары биліктен араша сұрады

КТК арнасы: «Шыңжан-ұйғыр автономиясындағы бауырларымыз себепсіз сотталып жатыр деп дабыл қаққан бір топ оралман биліктен араша сұрады»,— деп хабарлайды . Айтуларынша, құр Қазақстанға келіп кеткені үшін Қытайдағы әкесі не басқа туысы қамауға алынады екен. Бұл мәселені кезінде елбасы Сыртқы істер министрлігіне тапсырғанымен, жағдай әлі күнге оңалмаған. Олармен байланыс орнату да мүмкін болмай тұр. Ғаламтор байланысы түгел үзілген. Тіпті, қамауға түскен азаматтардың осындағы ағайын-туғандары да ақпаратқа жарымай отыр. Қазіргі уақытта қамауда отырған 31 қазақтың тізімі бар. Себептері әр түрлі. Негізінен, Қазақстанға көшпек ойы болғаны үшін немесе Қазақстанға көп келгіштегені үшін сотталған дейді туыстары. Мысалы, Жұмадан Жарқынбекұлы деген жігіттің әкесін қамауға алғанда, ол билік тарапынан мұның себебін сұрай барса, ондағылар: «Ол Қазақстанға жиі өтіп тұрады екен. Оның Қазақстанда жүріп идеясыңда ауытқу болуы мүмкін. Сондықтан, біз оның идеясын тазалаймыз, оқытамыз. Сол үшін  оны саяси үйрену орталығына алып кеттік»,— депті. Сол саяси үйрету орталығының соңы 10 жылға түрмеге жалғасқан. Қазір әкесінен еш хабар ала алмай отыр. Дегенмен, жиыннан-жиын өткізген азаматтар өздерінің қол қусырып босқа қарап отырмайтындықтарын мәлімдеп: «Қарекет қылып, адам құқықтарын қорғайтын халықаралық ұйымдарға өтінішпен шықпақпыз. Министрлік пен белсенді азаматтардан бөлек, Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы да жағдайдың оң шешілуіне алаңдаулы. Ендігі шаруа тек уақыт еншісінде»,— деп отыр.