Қазақтың тау шаңғысына таласып жүргендер бар

Қазақтың тау шаңғысына таласып жүргендер бар

`Қысқы Азияда ойындарын елімізде өткізу бақыты бізге бұйырды. Бұл біздің спортшыларымыз үшін үлкен сын болғалы тұр. Және де қысқы спорт түрлерінен алынбаған еншіміз бар екені даусыз. Бағы мен бабы келіскен спортшыларымыз жеңіс тұғырының ең биік сатысынан көрінеді деген үмітіміз зор. Әйтпесе қазақтар қысқы спорт түрінен кенжелеп қалған деген гугу әңгіменің желдей есіп жүргеніне біраз болды. Осы қаңқу сөзден қалай құтыларымызды білмей жүргенде «іздегенге сұраған» демекші, Қытайдан Қазақияға арнайы келген спортшы бауырымыз Мұрат Ақатайұлымен жолығудың сәті түскені. Әңгімені бастамас бұрын қысқаша өмірбаянына тоқтала кетейік.

Мұрат Ақатайұлы 1963 жылы Қытайдағы ШыңжанҰйғыр автономиясының Алтай қаласында дүниеге келіпті. Гиннесстің рекордтар кітабына 2008 жылдың 27 ақпаны күні қысқы спорттың 8 түрінен көрсеткен қажырлы өнері үшін 44 жасында тіркелген. Жан ұялы. Екі баланың әкесі. Қытайдағы Алтай қалалық қазақ орта мектебінде дене тәрбиесінен сабақ береді.

Аңқылдаған бауырымыз Қысқы Азияда ойындары ата жұртында өтетінін естіп құстай ұшып жетіпті. Далақтап құр босқа келмегені көрініп тұр.

— Мұрат Ақатайұлы ата жұртқа алғаш реет табаныңыз тиіп тұр екен? Қандай сезімдесіз?

 . Менің аталарым бұл қасиетті даладан 1918 жылы үдере көшіпті. «Арқада қыс жылы болса арқар ауып несі бар» дегендей, өздеріне төніп келе жатқан қасіреттің бұлтынан қорқып Қытай асқан ғой. Біз арғы бете дүниеге келсек те анна тілімізбен ата дәстүрімізден жырақтаған жоқпыз. Ата-бабамның кіндік қаны  тамған өлкені көруді Алла тағала нәсіп етіпті.

Сізді миллиардтардың ішінен топ жарып, Гиннесстің рекордтар кітабына тіркеліпті деп естідік? Әрине, екінің біріне бұл атақ жалынан сипатпайды? Қандай ерекше қарым-қабілетіңіз осындай биікке көтеріп мерейіңізді тасытқан?

Бала кезімнен шаңғы спортымен, конъки тебумен тұрақты айналыстым. Жеткен жетістіктерім аз емес. Әлемдік деңгейге көтерілмегеніммен Қытайға танымал болдым. Қытайда өнердің қай саласында болмасын жоғары жетістікке жету оңай шаруа емес. Уақыт болса зымырап өтіп барады. Жасым болса біразға келіп қалды. Бұған дейінгі  жеткен биігіме, расымды айтсам, көңілім толмады. Бойымда алла тағала берген күш-қуат сарқылмай тұрғанда неге бағымды сынап көрмеске деген ой келді. Сөйтіп сүйегім қатайып кетсе де Гиннесстің рекордына кірмекке аңсарым ауды. Егер жетістікке жетіп жатсам өзім емес, қалың қазақтың даңқын шығарамын ғой деген құштарлық маза бермеді. «Құласаң нарда құла» деп іс қылдым. Алла жолымды оңғарды.

Әлемде биотлон, триотлон сияқты танымал спорт түрлері көп. Қазақтың да қысқы спорта алынбаған еншісі бар екенін көрсеткім келді. Ол үшін өзім ойлап шығарған 8 түрлі қысқы спорт түріне арналған сызбамды Шанхай қаласындағы Гиннестің рекордтар кітабының бас штабына 2007 жылдың желтоқсан айында өтініш етіп жазып жібердім. Өтінішімді алдымен Үрімжідегі штабтың уәкіл адамы оқып шығып мақұлдады. Бұл маған қанат бітірді. Біз секілді майда халықтардан  Гиннестің рекордтарына тіркелгендер аз екенін сөз орайында уәкіл  маған баса айтты. Өзіме қандай жауапкершілік артылып тұрғанын сол жолы қатты сезіндім.

2008 жылдың 27 ақпан күні Алтай қаласына дүниежүзілік Гиннес рекордтар бас штабының уәкілі және Алтай өкіметі куәландыру мекемесінің адамдары, комиссия мүшелері, дәрігерлер т.б. арнайы мамандар келді. Олар менің әр қимылымды, кезең- кезеңмен жасаған іс-әрекетімді бастан аяқ жіті қадағалап, хаттап отырды.

Сағат 9-дан 11 минут өткенде бірінші спорттық қимылымды бастадым. Бұл тау бөктерінен шаңғымен ағып түсіп, 350 метрге созылған кедергі шыбықтар арқылы өту еді. Одан кейінгі кезек таудан тік құлдилап түсу болатын. Мұның да қашықтығы 350 метр.Үшінші әрекетім заманауи дала шаңғысымен 13 шақырымға жүгіру.

Төртінші жасағаным шаңғыны конкиге айырбастап мұз үстімен 2 шақырым сырғанау.

Бесінші 12 шақырым 200 метр дала төсімен жаяу жүгіру.

Алтыншысы, қазақша жегілген атшананы 12 шақырымға өрмен айдау.

Жетіншісі, қазақы байырғы тау шаңғысымен 5 шақырымдай тағы жүгіру. Сегізінші қимылым мәреге жете сала қолыма садақ алып нысанаға алты жебені бірінен соң бірін ату. Айта кетейін мен нысананың төртеуіне дөп тигіздім. Әрекетімнің бәрі ауыспалы болғандықтан, қалайда уақытты ұтуға тырыстым.

— Көрсеткен нәтижеңіз қандай?

— 45 шақырым 40 метр жолды жүгеріп өтіппін. Уақытым 4 сағат, 39 минут, 4 секунд, 99 секундтың жартысына тең.

— «Әттеген ай, бұданда жақсы көрсеткішке қол жеткізуге болатын еді» деп кейін өкінген кезіңіз болды ма?

Болғанда қандай. Ат жегілген шананы 12 шақырым өрге айдағанда ат қатты шаршап тұрып қала берді. Бұл әрине менің рекордтық көрсеткішіме қатты әсер еткені даусыз. Өздеріңде білесіңдер Гиннестің рекорд кітабына кіру үшін әр секунд алтыннан қымбат. Әттеген- ай деп осыны айтар едім.

-Бұл кейін сіздің рекордыңызды жаңартқысы келетіндерге таптырмайтын жеңілдік қой?

-Ол рас. Кейде ондай «қорқыныш» болып тұрады.

— Сізге дүниежүзілік Гиннес рекордшыларының ерекше сыйлығы қоса беріліпті. Неге «ерекше»?

– Ерекше болатын себебі, бұл сыйлықтың  тағы бір «құпия» қыры бар. Менің еңбегімді бағалап көне қазақтың (жылқының пұшпағынан жасалып, шаңғының табанына салынатын ұзындығы 1,5-2 метр, жалпақтығы – 15 сантиметр) қар шаңғысымен, бүгінгі қар шаңғының арасын ажыратып, айырмашылығын ашып беруіме көрсетілген құрмет секілді. Бір жағынан қазақ шаңғысымен, ою өрнегі келіскен шанасының сыры мен сымбатына берілген баға болуыда мүмкін.. Қалай десекте, менің рекордым Гиннес үшін тың тақырып мазмұны терең болып көрінгені рас. Сол үшін де осындай үлкен мәртебеге ие болдым деп ойлаймын.

— Қытайдағы қазақтардың арасынан сізден басқа Гиннестің рекордына тіркелгендер бар ма?

– Бар.  Нұрлан Расул деген қазақ. Ол маған дейін Қытайдың атақты Такламакан шөлімен жүгіріп өткен болатын.

— Гиннестің рекорд кітабына кіргеніңіз үшін ақшалай сыйлық төленген болар, Қытай тарапынан?

– Шынын айтсам, айтуға ұят. Керісінше өзім шығынға баттым. Гиннес кітабына кіру үшін өз қалтамнан 40 мың юань төледім. Теңгеге шағар болсақ 1 млн-ға тарта ақша. Бұл қаражаттар киім кешекке, спорт құралдарына, келген дәрігерлерге, комиссияның, бақылаушылардың жұмысына, олардың ішіп жеміне т.б. толып жатқан нәрселерге кетті.

— Сонда қалай осыншалық еңбегіңіз ескерусіз қалғаны ма?

– Солай деген дұрыс-ау. Қытай үкіметі сыйақы төлейміз дегендей ыңғай танытқан. 2 жылдан асты сөз бұйдаға салып келеді. Мүмкін Қытайдың солақай саясатының ықпалы да бар шығар.  Қытай, болмаса  саны көп  ұйғырдың бір азаматы болғанда бәрі керісінше болар ма еді.

— Қазақстанға келудегі мақсатыңыз бен ойыңызды білуге болама?

– Әрине, 2011 жылы қысқы Азияда ойындары Қазақстанда өтпек. Менің арманым сол Азиядаға қатысып, Гиннестің рекордына өзім енгізген спорттың 8 түрінен өз өнерімді көрсетуге мүмкіндік туса. Осы ойымды Азияданы ұйымдастырушыларға жеткізсем, биліктен қолдау тапсам деп келдім. Егер арманым орындалып жатса қазақтың тау шаңғысын өзге де спорт түрлерін кең насихаттауға жол ашылар еді. Әйтпесе мен сөз еткен қазақтың тау шаңғысын Монғолдар біздікі деп шаужайға жармасып жатқалы көп болды. Жайбарақат жатсақ олар аузымыздан жырып әкетуі бек мүмкін.

— Әңгімеңізге рахмет.

Алып- ұшып Ата жұртына жеткенмен, билікке ұсынысын жеткізе алмай біраз қиналыпты. Кей жерлерде ресми тілді білмей пұшайман күйге түсіпті. Біз оның алған бетінен қайтпас қайсарлығына сүйсіндік. Қолымыздан бар келгені Мұрат бауырымызды Парламентте отырған халық қалаулысы Құрманғали Уәли мырзамен жолықтырдық.. Ол кісі бар жаймен қаныққасын, алыстан ат арытып келген жігіт ағасын емен жарқын қарсы алып бар жағдаймен танысты.. Елдің еңсесін көтер, абыройын асырар игілікті іске қолынан келген көмегін аямайтынын жеткізді. Кейін уәдесінде тұрып Қытай тарихынан мол хабары бар Сенат депутаты, Өмірбек Бәйгелді мырзаға алып барыпты. Сөйтіп ол кісілердің көмегімен спорт және туризм министрлігіне жолы түсіпті. Әзірге қуанарлық нәтижеге қол жеткізбеседе  жоғарыда отырған ағаларының ілтипатына дән риза екенін айтып хабарласты. «Өзге жерде сұлтан болғанша өз елінде ұлтан болғысы» келген бауырымызға біздіңде айтар алғысымыз шексіз.. Қалың қытайдың ішінде жүрседе қазақтың абыройын аспандатқан бауырымыз өз еліне келіп еленбей, жігері құм болып қайтпаса екен деп тілейік ағайын.