Қазақтың дәстүр-ырымдары:

1. «Айналмақ» деген өзін-өзі садақа етіп, құрбандыққа қиятын ырым екен. Өзін біреудің жолына құрбан еткісі келген кісі ауырып жатқан науқасты үш айналып шығуы керек. Қазақтың жақсы көрген адамын «айналайын» деп атайтыны осыдан шыққан.
4. «Қалыңсыз қыз болса да, кәдесіз қыз болмайды» дейді. Ырымы жасалмай ұзатылған қызды, оны алған күйеу жігітті ананың ақ сүті, атаның ары мен кәрі атады деп ырымдалады.
10. Адам кіндік қаны тамған ата жұртынан басқа жаққа қоныс аударып барғанда сол жерге бірден үйрене алмайды. Жат жердің суы, ауасы жақпайды деп кіндік қаны тамған жерден топырақ ала кетеді де, барған жерінде суға шомылдырып ішіседі. Сонда жат жерге тез бауыр басып кетеді деп ұйғарады.
323. Жылқыны басқа бір алыс жерге апарғанда бұрынғы тұрған қорасындағы тезегінен ала жүріп, шым-шымдап жемге қосып береді. Сонда жылқы жат жерге тез үйренеді. Және бұрынғы жерін аңсап, қашпайды деп есептейді.
23. Адамның қызыл меңі көп болса қызы, қара меңі көп болса ұлы көп болады деп жориды.
34. Алғашқы некеге пайдаланылған бұйымдар бұзылмайды, той киімдері сөгілмейді. Себебі, бұлай етсе, тату неке бұзылады не адам өледі, көңіл жыртылады, араға суық түседі, ыстық құшақ суиды. От жүректе тұтап, өрт кеудеде лапылдап тұрған махаббат сезімі өшеді, әуелі адамдар бір-бірімен жауласады, бітпес дау басталады деп ырымдалады.
45. Ас үстінде қолын сілкімейді. Бұлай істегенде, ас сілкінеді, дәм-тұз атады.
68. Аяқты көкке көтеру—жақсы қимыл емес, оспадарлық. Онда аспаққа асыласың, аяғың көктен келеді, үйге өлімжітім, қорада мал шығыны болады, Көк тәңірі шамданады деп жорылады.
82. Әйел пышақ қайрамайды, жаниды. Пышақ қайраса, еркегінің сағы сынады деп жорылады.
(Қазақ ырымдары
Бабалар сөзі 94-том
800 ырымнан іріктеліп алынды)
100. Бала емізіп отырған әйел омырауын басқа кісілерге көрсетпеуі тиіс. Баланы қалқалап отырып емізеді. Бұл кезде сөйлемейді. Себебі, басқаның көзі омырауға түссе—емшегі ісінеді, сыздауық шығады деп ырымдалады. Ал сөйлесе, бала шашалып, қолқасы қабынады да, ауруға шалдығады.
101. Бала көкжөтелмен ауырса, көк ат мінген жолаушының жолын тосып: «Көлденең көк атты, көкжөтелдің емі не» деп сұрайды. Ол қандай ем айтса, соны ауру балаға қолданса, шипа болады дейді.
109. Бала тісегенде түскен тісін шидің арасына тастайды. Бұл—қайта өскен тісінің түбі берік болсын дегені.
121. Баланы бесікке салып жатқанда барлық әйелдер үн шығармай жым-жырт отырады. Сөйлеп қойса, бала жылауық, есейгенде өсекші болады деп ырымдайды.
130. Баланың маңдайынан қақпайды, бір адамның бақ пен соры оның маңдайына жазулы болады. Маңдайға ұрса, бақ қашады.
131. Баланың мойны тез және түзу беку үшін оның шілдеханасына сойған қойдың мойын омыртқасын тұтасымен асып, тесігінен шыбық өткізіп, кептіріп қояды.
(Қазақ ырымдары
Бабалар сөзі 94-том
800 ырымнан іріктеліп алынды)
132. Баланың төбе шашын ұзын өсіріп, моншақ араластырып өріп қояды. Бұл «айдар» деп аталады. Айдарлы адам айбарлы көрінеді, оған тіл-көз тимейді деп біледі.
133. Баланың төбесіндегі орайы екеу болса, ұл балаға—екі рет үйленеді немесе қыз балаға—екі рет тұрмысқа шығады деп жориды.
135. Баланың тісі ұсақ болса—әнші болады. Жаңа туған нәрестенің саусақтары жіңішке, ұзын болса, елге сыйлы, өнер иесі болады.
147. Бесіктегі бала шошып жылай берсе, ұйықтай алмаса, қорғасынды ерітіп жерге құяды. Сонан кейін құйылған қорғасынның пішініне қарап баланың неден шошынып ұйықтай алмағанын жориды да, сол қорғасынды бесіктің басына іліп қояды.
148. Бесікті бейуақытта сыртқа шығармайды. Нәрестені алты айдан асқанша үйде жалғыз қалдырмайды. Өйткені қараңғылық пен жарық жер бетінде таласып тұрған кезде Бақ пен Сор да тез алмасады. Перілер мен жын соғысып жатады дейді. Осы кезде ұйықтауға да болмайды. Бейуақтың күнәсі жабысады деп ырымдалады. Кіндігі қатпаған сәби осы мезгілде үйде жалғыз жатса, шошынады, перілер баланы алып кетіп, орнына өздерінің ақыл-есі дұрыс емес баласын тастап кетеді деп жориды. Кейде баланың ұрық безі бұзылып, рухынан айырылады, сондықтан қасынан адам үзілмеген жақсы деп иландырады.
Қазақ ырымдары
Бабалар сөзі 94-том
800 ырымнан іріктеліп алынды
149. Бесікті көбінесе, баланың нағашы жұрты алдын ала арнайы жасатып, бесік тойына тарту етеді. Онысы—жиен, жекжат, үрім-бұтағым өсе берсін, өрісім кеңейе берсін дегені.
169. Біреуді қайтыс болды деп естіп, кейін бұл хабар жалған боп шықса, ол адам «көп жасайды екен» деп ырымдайды.
171. Біреудің атына ғайбат сөз айту—қазақта жантүршігерлік жаман ырым. Ғайбат айту—кешірілмес күнә. «Ердің ғайбатын айтпа, қайратын айт» дейтін нақыл бар.
182. Дәретке кетіп бара жатқан кісіге қол беріп амандаспайды. Бойында нәжісі бар деп ырымдайды.
184. сол қабағы тартса, «бір жайсыз жағдай болар» деп іштей үрейленеді. Қабағына сілекей жағып: «Жамандықтан сақтай гөр!» деп тілейді. Мүсәпірлерге садақа береді.
Қазақ ырымдары
Бабалар сөзі 94-том
800 ырымнан іріктеліп алынды
227. Еліңнің патшасын, өз балаңды, өз жұбайыңды қарғасаң, тіліңе күйе жағып қарға. Қарғысың күйеде қалсын. Патшаға, балаға, жұбайына жуымасын деп те ырымдалады.
202. Егер жас нәресте туғанда арқасында жалы болса, не батыр, не бай, не бақытты адам болады.
225. Екіқабат әйелге түйе етін жеуге болмайды, әйтпесе ол баланы он екі ай бойы көтереді. Егер ол он екі айда да тумайтын болса, бураның мойнына ақ мата салып, содан аттап өтуі керек.
253. Жанып тұрған шырақты үрлеп өшірмейді, бір затпен басып өшіреді. Үрлеп өшірсе—бақ таяды, бақыт сөнеді, адам ұмытшақтық дертіне тап болады деп ырымдайды.
257. Жаңа босанған әйелге ақ сарыбас қой сойып, ақ тілеу айтып, қалжа жегізеді. Себебі туыттағы тері шықпаса, ана мен баланы қырық түрлі қырсық шалады, қалжа жемеген әйелдің баласы ынжық болады деп ырымдалады.
Қазақ ырымдары
Бабалар сөзі 94-том
800 ырымнан іріктеліп алынды