Қазақтың батыр қыздары

Қазақ халқы ежелден батылдығымен әрі ержүрек болуымен ерекшеленген. Халық арасында қазақтың батыр қыздар десе бірден, арғысы сақ патшайымы – Томиристен бастап, Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х. Доспановалар ойға оралады.

30 сәуір күні Қазақстан Республикасы Мемлекеттік Орталық музейі Қазақ Ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 9 мамыр –Жеңіс күніне арналған «Қазақтың батыр қыздары» жылжымалы көрмесін өткізеді. Көрменің мақсаты Ұлы Жеңісті дәріптеу, жас ұрпақтың санасына Ұлы Отан соғысында ерлік көрсеткен ата – бабаларымыздың, аналарымыздың істерін мақтан тұтып, соның ішінде қазақ қыздарының да Отан үшін жан қиярлық ерлік жолдарын үлгі ете отырып, отансүйгіштікке, адамгершілікке тәрбиелеу.

Ұлы Отан соғысы жылдарында Кеңес әйелдері бүкіл халықпен бірге майданда да, тылда да бұрын-соңды болмаған ерлікті көрсетті. Соғыстың әртүрлі кезеңдерінде майданда 800 мыңнан 1 миллионға дейін әйел шайқасты, олардың жүздеген мыңы партизандық құрылымдарда басқыншылармен соғысты, 15 миллионнан астам әйел жеңіске жету үшін әскери-экономикалық әлеует құра отырып, елдің тылында жұмыс істеді. Тек Қазақстанда әскери қызметке шақыру туралы өтініш берген еріктілердің арасында 40% әйелдер болды. Майдан шебіне бүкіл отбасылар аттанды. Ел үшін ең ауыр күндерде батырлығын танытқан 1571 қазақ әйелдерінің ерліктері белгілі.

Ұлы Отан соғысы жылдарында қазақ қыздары механик-жүргізушілер, атқыш-радисттер, авиамеханиктер, мергендер, ұшқыштар, пулеметшілер болды, зениттік батареяларда да қызмет етті және т.б.. Бронды әскерлерде қыздар тіпті танк командирлері болды. Әйелдер партизандық қозғалысқа да белсенді қатысты.

Көптеген қазақстандықтар офицерлік шенімен шайқасты: майорлар, капитандар, лейтенанттар. Әйел офицерлерінің саны – 637 адам болды. Майданға кеткен әйелдердің жалпы санынан – 7747 адам – оның әрбір 11-і офицер болды. Алдыңғы қатардағы дәрігерлердің 41%-ы, фельдшерлердің 43%-ы, медбикелердің 100%-ы әйелдер болды.

Қазақстандық қыз-келiншектер Қиыр Солтүстiкте де, Карелияның омбы қарында да, Смоленск өңiрiнiң қалың ну орманында да, Қап тауларында, Қара теңiз жағалауында, Украина мен Белоруссия қалаларында, Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшiн болған шайқастарда батырлықтың, шабандылықтың Отанға шексiз берiлгендiктiң жарқын үлгiлерiн көрсеттi.

Қазақтың тарихында ерлігі мен есте қалып, аты аңызға айналған батыр қыздарымыз Әлия Молдағұлова, Мәншүк Мәметова және Хиуаз Доспанова ел шетіне жау келгенде, қолдарына қару алып, сұм соғысқа қасқайып қарсы тұрды. Соғыс ұшақтарымен жау аспанын тілгілеп, от қарумен отанын қорғады. Қан майданда ұрыс алаңынан табылған еді.

Экспозицияға Ә.Молдағұлова, М.Мәметова, Х.Доспановалардың деректі материалдары: фотосуреттері, хаттары, куәліктері мен жеке заттары қойылады. Атап айтсақ, М.Мәметованың музей қорында сақталған көйлегі,  студент кезінде киген медициналық халаты, шанышқысы көрме көрушілерін айрықша қызықтырары сөзсіз.

Көрме аясында  ҚазҰҚПУ Филология институты, Практикалық шетел тілі кафедрасы 80 жылдық мерейтой аясында Ұлы Жеңіс күніне арналған «Қазақтың батыр қыздары» атты тәрбиелік-танымдық кеш өткізеді, университет студенттері батыр қыздар туралы баяндамалар оқып, өз өнерлерін көрсетеді.

 

Гауһар Тұрсынқожа