ҚАЗАҚТАР неге қазақша сөйлемейді?

         Осы сауал мені де әр уақыт мазасыздандырады. Әрине, мен де жаспын, небәрі 18 жастамын. Бірақ та айналама қарасам, өзімнен үлкені де, жастысы да, кішісі де орысша сөйлейді. Тіпті өз ана тілін, қазақ тілін білгісі де келмейді, менсінбейді де.

Неге орысша?

Мен осы сауалға жауаптар іздеп көрдім. Ең бірінші олардың ата-аналары берген тәрбиесі. Міне, бар мәселе осында жатыр. Мысалы, өзіме келер болсам, кішкентай кезімнен бері әкемнің сондай патриот, ұлтын сүйетінін көріп өстім, маған әрқашан: «Балам, тілің, дінің, намысың, рухың бірінші орында болсын. Өз ана тіліңсіз сен ешкім емессің, сен хайуансың. Тіліңді, қазағыңды құрметте!» дейтін. Содан бері мен әкеме еліктедім, одан үлгі алдым.

Екіншісі – құлдық психология. Біз 300 жыл бойы Ресей халқына отар болдық, құл болдық. Сол 300 жыл бойына біздің санамызға сіңіп қалған нәрсе – орысқа тәуелділік. Шындығын айтқанда, біз әлі сол құлдық психологиядан арыла алмай келеміз. Тәуелсіздік алғанымызға 25 жыл болса да, осы уақытқа дейін орыс тілін ресми тіл қылып келе жатырмыз. Ресми тіл болса жақсы ғой, орыс тілінің Қазақстандағы қазіргі жағдайы мемлекеттік тілмен бірдей! Қазақ тілі жетім бала сияқты шетте көзі жасаурап тұрғандай…

Үшіншісі – «мәмбет» болып көріну. Иә, орысша сөйлесек бір интеллигент, білімді, сыпайы көрінетіндейміз. Бәрі орысша сөйлегенде, бір адам қазақша сөйлесе «Фу, мамбет, ауылбайский!» деп айтатындарды талай естігенмін. Сен бұл сөзді айтудан бұрын ойлан! Сенің әке-шешең, ата-әжең, ата-бабаң бәрі сол ауылдан шыққан, сол жерде туып-өскен. Сен қазақсың! Сен Абылай ханның, Абайдың, Райымбектің, Ахметтің ұрпағысың!

«Біз неге қазақша сөйлеуіміз тиіс?»

Жиі еститін сұрақтарымның бірі. Дұрыс, өте орынды сауал. Бұған өзіміздің үкімет те кінәлі. Өйткені тиісті заң жоқ. «Екі тіл тең дәрежеде қолданылады» деп жазып қойған. Бірақ сен өзің ойлануың қажет. Қазағыңның ұзақ ғұмыр сүргенің қалайсың ба әлде тілі құрып, діні жойылып, қайтадан сол Ресейге құл болғанын қалайсың ба? Талай қоғам қайраткерлеріміз айтып кеткен: «Сөзі жоғалған жұрттың, өзі жоғалады» (А.Байтұрсынов), «Тіл – жұрттың жаны. Тілінен айрылған жұрт – жойылған жұрт» (Х.Досмұхамбетов). Өте орынды айтылған сөздер, шынында да тіл жойылса, ұлт та жойылады…

Сіз орысша сөйлейтіндей, орыс сізге не істеді?

Әрине, мен орыс халқына тіл тигізейін деп тұрғаным жоқ, бірақ тарих ешқашан алдамайды. Жауап беріңіздерші, орыстың қандай пайдасы тиді? Әбілқайыр хан Ресей құрамына кіргеннен бері орыстардың басты ойы – қазақтың жерін алу ғана болды. Жерін алу үшін не істемеді десеңізші.

  1. Сырым Датұлы, Кенесары, Махамбет бастаған және басқа да болған көтерілістерді басып, халықты аямай қырды…
  2. Қолдан жасалған аштықта 3-4 миллион қазақ қырылды. Қазақтың малын, байлығын тартып алып, қазақтардың аштан қырылғанын көре тұра, көмекке келмеді…
  3. 1937-38 жылдардағы репрессия… Қазақтың «Алаш» көсемдерін, білімді азаматтардың бәрін көзін жойды. Өтіріктен өтірік «Халық жауы» деп жала жапты…
  4. 1941-45 жылдардағы соғыс. Біз сол соғыста орыстың жерін қорғадық. Мәскеу, Ленинград, Сталинград үшін шайқаста талай қазағымыз мерт болды…
  5. 1986 жылғы «Желтоқсан» көтерілісі. Қаншама жастарымызды аямай соққыға жықты, абақтыға жапты.

Сізге бәрібір ме?

Осы фактілер сізге жеткіліксіз бе? Егер бұл нәубеттер болмағанда, біздің санымыз 80-90 миллионға жетер еді, сіз соны білесіз бе? Көзіңізді ашыңыз, ояныңыз! Бәрі де сіз ойлағандай тамаша емес! Құрдастарым, достарым, қазағым, бар сұрайтыным қазақша сөйлесейік, ғаламторда қазақша жазайық, ұлтымызды сыйлайық! Әлихан, Ахмет, Міржақып бабаларымыз осы тілі үшін, қазағы үшін күресіп, құрбан болды емес пе? Олардың армандары осы ма еді? «Мен жастарға сенемін!» деп айтқан Мағжан атамыз осыны қалап па еді? Жастардың өзге тілде сөйлесіп, тілін менсінбегенін көргісі келді ме? Жоқ, ол сіздердің елін, тілін, ұлтын сүйетін азамат пен азаматшалар болғанын қалады… Әсіресе жастар, біз ұлтымызды сақтау үшін қолдан келгеннін бәрін жасауымыз керек. Ойлан, оян, қазағым!

                                                                            Сүлейман Демирел атындағы

                                                                                          колледждің студенті

                                                                                                                  Нұржан Ертайұлы