Қазақстанның Mgov-ы үздік деп танылды

Осы күндері Дубайда өтіп жатқан The World Government Summit атты Халықаралық Үкімет саммитінде Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев басқарған қазақстан делегациясы Egov – mgov мобильді қосымшасын әзірлеп, ендіргені үшін First World Govtechineers Race-2017 сыйлығымен марапатталды. Дәурен Абаевқа сыйлықты Дубай әмірі, БАӘ премьер-министрі және вице-президенті шейх Мохаммед ибн Рашид Аль Мактум табыс етті.

Egov.kz мобильді қосымшасы 2014 жылдың аяғында іске қосылып, осындай қысқа мерзім ішінде өзін көрсете білді әрі өзінің тиімділігін дәлелдеп үлгерді деп атап өтті саммит ұйымдастырушылары.

Марапаттаудан кейін Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев: «Бұл еңбегі сіңген марапат әрі осы саланың одан әрі дамуы үшін ынталандыру болып табылады», — деп атап өтті.    

Egov.kz мобильді қосымшасы үш тұғырнамада (Android, iOS, Windows Phone) іске асырылған. Бүгінде онда 86 қызмет қолжетімді. Оның мақсаты халыққа мобильді байланыс арқылы қызмет көрсету үшін мобильді үкімет тұғырнамасын құру болып табылады.

Қосымшаны смартфондары бар қолданушылар пайдалана алады. Қосымшаны  Google Play және App store, Microsoft Store онлайн-дүкендерінде жүктеп алуға болады. Mgov-тың тіркелген қолданушылар саны 2016 жылдың аяғындағы жағдай бойынша 1 636 937 қолданушыны құраған.

Қазақстан Республикасы

Ақпарат және коммуникациялар министрлігі