Қазақстандық министр алаяқтар туыстарының атына несие алғаны туралы айтты

Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин телефон алаяқтары туралы айтты, — деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Мәжілістегі үкімет сағатында сөйлеген сөзінде министр қазір несие алу өте оңай екенін атап өтті. Ол өзі телефон алаяқтарымен бетпе-бет келгенін, ал туыстарына алаяқтық жолмен несие рәсімдегендер туралы айтты.
«Мен өзім де кездестім, туыстарым да алды (қоңыраулар. — еск.), олардың атынан осылай несие алған. Алаяқтық түрде SMS-ті біліп алған, әлі күнге дейін кінәліні таба алмай жатырмыз. Бірақ соңында байланыс операторларының үйлестіруші органы ретінде жұмыс жүргіздік, енді Ұлттық банкпен және Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігімен онлайн-құралдар арқылы кредиттер берудің ықтимал форматын қатаңдату үшін жұмыс істегіміз келеді», — деді Бағдат Мусин.
Оның айтуынша, министрлік үш факторлы аутентификацияны ұсынады.
«Биометриялық сәйкестендіру міндетті форматта. SMS аутентификациясы жеткіліксіз. SMS екінші фактор ретінде. Үшіншіден, мұның бәріне ЭЦҚ арқылы қол қойылуы керек. Себебі бүгінде несие алу үшін сізге жіберілген SMS нөмірді жазып, миллион теңге несие алуға болады», — деді министр.
Оның айтуынша, қазіргі уақытта байланыс операторлары телефон алаяқтарының кейбір нөмірлерін есептеп, бұғаттауды үйреніп, бір-бірімен барлық ақпарат алмасу үшін интеграцияланып жатыр.
«Шынымды айтсам, мен де азаматпын, менде мұндай қоңыраулар саны азайды, бірақ біз операторлармен жұмыс істейтіндіктен көріп жүрмін. Бірақ мәселе мынада, бұл алаяқтардың телефон нөмірлерімізді пайдалануға, оларды шетелге және шетелден роуминг арқылы шығаруға мүмкіндігі бар, және мұның бәрі мүмкін», — деді Бағдат Мусин.

Дина Шарипханова, Корреспондент