Қазақстанға электронды ақша қажет пе?

Аталған мәселеге қатысты пікір білдірген Қазақстанның блокчейн және криптовалюталар қауымдастығының төрағасы Есет Бутин: «Бүгінде АҚШ, Жапония, Германия сияқты бірқатар мемлекеттер криптовалютаны заңдастырып, биткойндар саудасына ресми түрде рұқсат берді. Посткеңестік елдер де цифрлық ақшаның болашағына сеніммен қарай бастаған сияқты.

Өйткені, былтырғы жылдың соңында Беларусь арнайы заңнаманы қабылдаса, Ресей осы жылдан қалдырмай, тиісті құжаттарды рәсімдейміз деп отыр.

Сөз жоқ, Еуразиялық экономикалық одақ кеңістігінде болғаннан кейін, Қазақстан да осы бір жаһандық трендтен, әлемдік қаржы жүйесін өзгертетін үдерістен қалмауы қажет. Дегенмен, дәл қазір криптовалютаның болашағына қатысты нақты болжам жасау қиын. Біреулер «электронды ақша қазіргі әлемдік қаржы жүйесін түбегейлі өзгертіп, «доллар гегемониясынан» құтылуға көмектеседі» десе, енді біреулер ондай валютаны алыпсатарлық әрекеттердің құралы ретінде қарастырып отыр. Биткойн сияқты криптовалюталар тағы бір қаржы дағдарысына себеп болуы мүмкін деген болжамдар да жоқ емес.

Дегенмен, бір нәрсе анық: ол — электронды ақша нарығын заң жүзінде ретке келтірмесе, елдің ақшасы шекара асып, өзге мемлекеттердің экономикасын байытып отыратындығы. Қазақстандағы ақша шетелге кетіп жатса, бұл ел экономикасы үшін жақсы жағдай емес. Ондай нарықты өзімізде жасау қажет. Ол үшін тиісті ережелерді, бақылау мен реттеу шараларын әзірлеп, криптовалюталар алаңдары мен биржаларын құрған маңызды. Токендерді доллармен емес, теңгемен саудалауға жағдай жасау қажет. Сонда қазақстандықтар табыс таба алады. Ең бастысы, ол ақша шетелге кетпейді»,— дейді.