Қазақстанға қауіп қандастан емес, қандасқа қаны қастардан

Дау жоқ, кесіп айтайын, 2023 жылы 19 сәуірде енгізілген «Халықтың көші-қоны туралы» заңына енгізілген 20-баптың 5-тармағы да, бұрын үш жұмыс күні ішінде «Халыққа қызмет көрсету орталығы» (ЦОН) арқылы оп-оңай беріліп келген «Қандас» мәртебесін беру тәртібін енді «Құтты мекен» ақпараттық жүйесінің мобильді қосымшасы арқылы отыз бес жұмыс күні ішінде берілетін етіп қиындатып тастау, біріншіден, шеттегі қазақтарды атажұртынан жеріту; екіншіден, Президент пен шеттен келген ағайынның арасына от жағу үшін арнайы жасалған жоба екені белгілі. Бұл туралы аз айтылған жоқ!

 

Шеттегі 7 млн қазақтың тағдыры заң жүзінде 5-ақ минутта шешілді

– Келесі мәселе «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне халықтың көші-қоны саласындағы заңнаманы жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы жөнінде екінші оқылым. Сөз Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің Хатшысы Магеррам Магеррамовқа беріледі, – деді Мәжіліс Төрағасы Ерлан Қошанов.

Сол-ақ екен, Магеррам Магеррамов басын баяғы Храпуновша «қазақша» бастап, ары қарай ана тілі – орысша судырата жөнелді. Сөзінің соңын тағы да Храпуновша «қазақшамен» аяқтады.

– Магеррам Мамедович, рақмет сізге! Әріптестер, бас комитеттен осы заңды қабылдап, Сенатқа жіберу жөнінде ұсыныс келіп түсті. Қарсылық жоқ болса, дауыс берулеріңізді сұраймын, – деп, төраға аталған Заң жобасын дауысқа салды.

Қатысып отырған сексен алты депутаттың сексен бесі қолдап дауыс берді. Бір депутат дауыс бермепті.

Сөйтіп, шеттегі жеті миллион қазақтың тағдырына қатысты заң жобасы 14 ақпан күні бес-ақ минутта қабылданды да кетті… Бес айдан бері күндіз-түні хаттар мен мақалалар жазып зарлағанымыз, елге оралған этникалық қазақтардың тартқан азабы мен тозағын «Халық үніне құлақ асатын» мемлекеттің Мәжілісі ескерген де, тыңдаған да жоқ.

Бізді қойып, кәсіби заңгер Әлібек Алмабайды ертіп барып,  «Халықтың көші-қон туралы» заңының аталған 20-бабының 5-тармағының Конституцияның бес бірдей бабына қарсы екенін Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрін мойындатқан, оны өзгертудің қоғамдық-саяси маңызының зор екенін барынша жеткізген депутат Қазыбек Исаның есіл еңбегін селге кетіріп, өзін қапыда қалдырды бұл Мәжіліс!

Төраға Ерлан Қошанов: «Қарсылық жоқ болса…» – дегеннен кейін, ең құрығанда, екі-үш депутат шығып, екі-үш ауыз қарсылық білдіруі, сұрақтар қоюы керек қой.

Жоқ!

Қарсы бір ауыз сөз айтқан бір депутат болса, АРАМ болсын!

Тіпті, осы көші-қон үрдісін өз бастарынан кешірген, тумалары мен жерлестері осы кедергінің кесірінен «қан сиіп» отырған үш депутат – Үнзила Шапақ, Нұргүл Тау, Жарқынбек Амантай да мәу деуге жарамады. Үнсіз түймешікті басып, қолдап жіберді…

Тәуелсіз Қазақстанның тарихында мұндай туған халқына қайырымсыз, мейірімсіз, тасжүрек, намыссыз Парламент, әй, болмаған шығар!

Енді осы заңға байланысты БАҚ-қа қайта-қайта шығып, түсінік берген Мәжілістің депутаты Жарқынбек Амантайұлының сөзіне құлақ түрейік.

 

Депутат Жарқынбек-ау, сен неге үндемедің?

«Елге келген азаматтың өтінішін 35 күн қарайды деген сияқты мәселелерге қатысты қазір бізде қоғамда бір түсінбестік болып жатыр. Біз мынаны білуіміз керек, қазір әлемде геосаяси жағдай сияқты түрлі жайттар біздің елімізге де келіп жатқан азаматтардың кей құжаттарын нақтылап қарауға тура келіп отыр. Бұған біз мәжбүр болып отырмыз десек болады. Сондықтан осы заңның еніп отырған маңызды тұстарының бірі – елімізге терроризмге, экстремизмге және балаларға қатысты жыныстық сипаттағы іске қатысы бар деп істі болған азаматтар біздің елге кіруге тыйым салынып отыр… – депті депутат Жарқынбек Амантайұлы «Nege.kz» сайтына берген сұхбатында.

«Осы уақытқа дейін «қандас» мәртебесін алған немесе оған өтініш берген азаматтардың арасында жаңа өзіңіз айтып отырған терроризмге, экстремизмге, педофилия сияқты қылмысқа қатысы бар азаматтар болды ма?» – деген сұраққа депутат мырза: «Оны тиісті органдар айта жатар, мен нақты кесіп айта алмаймын. Бірақ ондай азаматтар болса, олар шекарадан өткізілмейді. Ал шекараны кесіп өткен адамдар болды ма, болмады ма дегенге нақты статистика келтіре алмаймын…» – дейді екіұшты етіп.

Бұл – нағыз бюрократтың, мәселенің мәніне бойлай алмаған шалағай адамның жауабы!

Президент былтыр «Мемлекеттік аппараттың қызметін бюрократиядан арылту шаралары туралы» Жарлыққа қол қойды.

Ал, 2023 жылы 7 ақпанда өткен Үкіметтің кеңейтілген жиналысында Қасым-Жомарт Кемелұлы тағы да осы келеңсіздікке шүйлігіп: «Бюрокартияны тоқтату қажет!» – деді. Соған қарамастан, депутат Жарқынбек Амантайұлы «Оны тиісті органдар айта жатар, мен нақты кесіп айта алмаймын…» деп шіренеді келіп.

Бәрін құртатын – осындай білмейтіндер мен білгеннің тілін алмайтындар.

Оу, Жарқынбек жарқыным!

Сен де Баян-Өлгейден осы Ұлы көшке еріп келген жас бота едің ғой. Осында оқыдың, тоқыдың, міне, депутат болдың.

Отыз жылдан астам уақыттан бері Ұлы көш тоқтаусыз жалғасып келеді. Сонда, кеше келген сендер сүттен ақ, судан тұнықсыңдар да, енді көшіп келетіндер «қауіпті ағым өкілдері», олардың «біздің елге кіруі қорқынышты дүние» бола қалып па?!

Былтыр «Отандастар қоры» ұйымдастырған Монғолиядағы «Кіші құрылтай» қарсаңында Шапақ, Тау үшеуің Өлгейге барып, ол жақтағы ақ еділ ағайынның зор құрметіне бөленіп қайттыңдар. Бүкіл Монғолия қазағы сендер үшін иіліп жастық, жайылып төсек болып еді ғой. Ел ағалары Бәделхан Қабдісләмұлы, Тілейхан Әлмәлікұлы, Бейсен Бұланұлы ағаларымыз арнайы дастарқан жайып, дәм таттырып, ақ батасын беріп еді ғой.

Мынау сен сайрап, шаң жуытпай отырған заң, басқасын былай қойғанда, сол жерлестерің мен тумаларыңның тағдырына тікелей қатысы бар екенін білмейсің бе?!

Сенің туған еліңнің атажұртына оралуына қолдан кедергі қойып, ұлттық трагедия жасалып жатқанда, соған қарсы бір ауыз сөз айта алмағаннан асқан ездік пен намыссыздық бола ма?!

Қайда сол Монғолияға барғанда айтылған жалынды сөздер мен арман-тілектер?!

Сол көкжал ағаларың мен ақ жаулықты аналарың берген батаның, татқан дәмнің қасиеті атады-ау деп қорықпайсың ба?!

Ең құрығанда, Ішкі істер министріне бір парақ депутаттық сауал жолдап, бәрін қойғанда, соңғы он жылдықта терроризмге, экстремизмге және балаларға қатысты жыныстық сипаттағы іске қатысы бар деп істі болған азаматтардың ішінде шеттен оралған қандас ағайындар қанша екенін анықтай салсаң, саған біреу кедергі болып тұр ма? Сен анықтамасаң, оны біз баяғыда анықтап қойғанбыз.

2017 жылы тағы бір «іштен шыққан шұбар жылан» Дүкен Мәсімханұлы деген біреу «Первый канал – Евразия» арнасына сұхбат беріп, «ҚР азаматтығын алған оралман қазақтар мен этникалық ұйғырлар Қазақстан арқылы Сирияға кетіп жатыр…» деген қауесетті мүңкіткен болатын.

Ақын Гүлісхан Домалайқызы екеуміз сол кездегі «Нұр Отан» партиясы арқылы сол мәселеге сұрау салып, Ішкі істер министрлігінен жауап алғанбыз.

«… арыз бойынша жүргізілген тексеру іс-шараларының барысында Қазақстан Республикасы азаматтарының арасында террористік және экстремистік қылмыстарды жасағаны, оның ішінде шетелде халықаралық террористік ұйымдардың қызметіне қатысқаны үшін іздестірудегі, Қазақстанның азаматтығын алған ҚХР-дан келген оралмандардың жоқтығы анықталды» деп жауап берген болатын ҚР Ішкі істер министрлігінің Экстремизмге қарсы іс-қимыл департаментінің бастығы А. Арыстанов.

Бұл – бір.

Екінші, тұрақты тіркеуге тұру азаматтық аларда «қылмысы үшін алынбаған немесе жойылмаған сотталғандығы бар» адамдарды анықтау үшін талап етілетін анықтама ҚХР-дан келген этникалық қазақтардан 2018 жылдан бері талап етілмейді.

Міне, алты жылдан асып барады, ештеңе де болған жоқ.

Иә,  терроризмнің, экстремизмнің, педофилизмнің бар екені және оның өзің айтқандай, қауіпті ағым өкілдерінің біздің елге кіруі қорқынышты дүние екені рас. Бірақ, соңғы кезде белгілі бір ықпалды күштер сол терроризм мен экстремизмді басқа мүддеге пайдаланып жатқаны да жасырын емес. Сол ықпалды күштің басында АҚШ тұр. АҚШ қолайына жақпаған мемлекеттер мен тұлғаларды терроризм сылтауымен жаныштап, жер бетінен аластаумен келеді. Сондай мемлекет пен тұлғаның біреуі – Ирак және оның бұрынғы президенті Саддам Хусейн.

Ирак пен Саддам Хусейн трагедиясы туралы кезінде біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев та тоқталып: «Меніңше, Саддам Хусейн ешбір айғақсыз «Әль-Каида» террорлық ұйымын қолдады деп айыптап, қазіргі АҚШ әкімшілігі Ирак жөніндегі саясатында ірі жаңсақтық жіберді…» (Қасым-Жомарт Тоқаев, «Беласу» кітабы, 308-бет, 2003 жылғы басылымы), – деген болатын.

«Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-тан білім алып келген мырзалардың алды қазір Ақордада өте жоғары лауазымдағы қызметте отыр. Шеттен оралған қазақтар сол бейбақтың аса ықпалды біреуінің қолайына жақпай қалған болуы мүмкін. Қайдан білесің, ол бәлекет АҚШ-тан алған тәліміне салып, мына Жарқынбек Амантайұлы айтып отырған терроризмді, экстремизмді, педофилизмді сылтауратып, Ұлы көштің жолын қиындатып жатқан шығар?!

Міне, «Кейде осындай қылмысқа қатысы бар ма, жоқ па дегенді анықтау үшін келуші елге сұраулар жіберіледі. Сол дүниелерді анықтау мақсатында 30-35 күн деген уақыт еніп отыр», – деп Жарқынбек Амантайұлы «түсінік беріп» отыр.

Ал, Ақордада отырған анау біздің Жарқынбек Амантайұлы секілді буыны қатпаған саясаткерлерімізді сайратып қойып, өз етімізді өз майымызға шыжғырып қойып отырмағанына кім кепіл?!

АҚШ дегеннен еске түседі, 35-ші президенті Джон Кеннедидің  қастандықпен атып өлтірілгеніне, міне, биыл 22 қарашада 61 жыл толады. Азуын айға білеген АҚШ-тың өзі сол Кеннедиді атқан қанішерді әлі анықтай алған жоқ.

Жарқынбек шырақ, айтшы, құзырлы орган айналдырған 35 жұмыс күні ішінде кімнің террорист, кімнің экстремист, кімнің педофил екенін анықтап шығады дегенге қандай кепілдік бере аласың?! Мысалы, Қытай жіберген сұрағыңа өлсең де жауап бермейді! Осындай қылмыс жасаған азаматтарын ешбір мемлекет шетелге шығармайды. Есесіне соттайды, түрмеге жабады…

Сонда елге оралған әрбір қазақтың террорист, экстремист немесе педофил екенін депутаттар бір жерін иіскеп біле ме?! Сондықтан, мәселенің бұл жағына да терең үңілген дұрыс! Біліп қойыңыз, Қазақстанға қауіп қандастардан емес, сол қандастарға қарсы жұмыс істейтін намыссыздардан келеді. Оның жарқын мысалы – Кәрім Мәсімов!

Меніңше, дәл осы сылтаулар мен осы нормалар арқылы этникалық қазақтардың құжаттануын қиындату, басқа түк те емес, Ұлы көшке жасалған  қастандық!

 

 

Президенттің уәжіне шенеуніктер мен депутаттар неге құлақ аспады?

Бір байқағаным және таңғалғаным, біздің атқарушы билік пен заң шығарушы органның басшылары мен қосшылары Президенттің сөздерін зейін қойып тыңдамайды, оқымайды екен. Тыңдаса да, құлақтарымен емес, басқа бір жерлерімен тыңдайтын секілді.

Дәл осы «Халықтың көші-қоны туралы» заңына осындай қатаң нормалар енуіне негіз болған Қазақстан Республикасының Көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы жарияланар тұста (2022 жылы) Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауын жасады.

Сол Жолдауда Президент Көші-қон саясатына арнайы тоқталып, «Қандастардың көшіп келуіне және ішкі миграцияға қатысты саясат түбегейлі өзгереді. Бұл орайда, демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек. Сондай-ақ, жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды», – деп, қадап тұрып айтқан болатын.

Тағы қайталап айтайын, Қасым-Жомарт Кемелұлының осы сөзін атқарушы билік пен заң шығарушы орган «бір жерлеріне» де қыстырған жоқ. Керісінше, Мемлекет басшысының тапсырмасына қарсы жұмыс жасады деп ойлаймын.

«Демографиялық және экономикалық үрдістерді ескеру керек!» – деді Президент. Мемлекет басшысы, тіпті, 2020 жылғы Жолдауында: «Біріккен Ұлттар Ұйымының еліміздегі халық санының өсіміне қатысты болжамы Орталық Азиядағы көршілес мемлекеттермен салыстырғанда көңіл көншітпейді», – деген болатын.

Көрдіңіз бе, Қазақстан халқының аздығына БҰҰ-ның өзі жіті назар аударып, үнемі болжам жасап отырады екен. Міне, сол болжам дәл жасалған екен, Кеңес Одағы тарағаннан бергі отыз жылдағы он бес республиканың демографиялық жағдайына көз жүгіртсек, өсім жағынан Қазақстан ең соңында тұр. Отыз жылда небәрі 21.9%-ға зорға көбейген… Қазір Қазақстан халқының саны 20 014 575 адам. Соның 1 млн 126,5 мыңы (6,3%-і) атажұртына оралған этникалық қазақтардың есебінен толығып отыр.

Әлемдегі жер көлемі жағынан тоғызыншы орында тұратын Қазақстанның халқы бір-ақ уыс. Екі жанында сілекейін шұбыртып, екі алып империя тұр. Бір айлық визасыз тәртіп күшіне енгеннен бастап, бүкіл базарды қытай басып қалды. Соғысқа барудан қашқан миллионнан астам орыс бір-ақ күнде сау етіп Қазақстанды басып қалды…

Ал, оған алаңдап отырған біздің атқарушы билік пен заң шығарушы орған жоқ. Шаш ал десе, бас алуға қылышын қайрап дайын тұрады. «Бірақ, қауіпті ағым өкілдерінің біздің елге кіруі қорқынышты дүние. Оған қатаң бақылау керек…» – деп, Жарқынбек Амантайұлы секілді мырзаларымыз алдыға түсіп, заулай жөнеледі…

Сол данышпан бала Қазақстанға басты һәм қатерлі қауіптің терроризм, экстремизм, педофилизмнен бұрын, осы халқымыздың санының аздығынан көбірек төніп тұрғанын бағамдай білсе ғой, шіркін!

Сол үшін де, Қасым-Жомарт Кемелұлы «жалпыұлттық мүддені басшылыққа алу өте маңызды» деген сөзді босқа айтып отырған жоқ.

Қасекеңнің 2022 жылғы Жолдауындағы осы сөзі мен 2023 жылғы 11 қазанда Астанада өткен «Отандастар форумына» жолдаған құттықтауындағы «Қай мемлекетті мекен етсе де, қазақтың бір ғана тарихи Отаны бар, ол – Қазақстан. Сондықтан біз шетелде тұратын бауырларымызды қолдауға қашанда баса мән береміз…» деген сөзін сабақтай отырып еске алсақ, Президенттің «Ұлы көштің жолын тарылт, этникалық қазақтардың азаматтық алуын қиындат!»  деп отырмағаны белгілі. Бірақ оны түсінетін депутаттар бар ма?!

 

Ауыт МҰҚИБЕК, қоғам қайраткері