ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ МӘРТЕБЕСІ ҚАШАН БИІКТЕЙДІ һәм ТІЛ ЖАНАШЫРЫ НЕГЕ ЖЫНДЫХАНАҒА ҚАМАЛДЫ?

Қай мемлекетте болмасын Парламенттің алатын орны биік. Себебі онда халықтың «өз адамдары» отырады. Сенім артқан серкелері, сөзін сөйлейтін «еркелері» отырады. Содан да болар, халық еш алаңдамайды. Негізінен, Парламент – халықтың қолайына жағатын заң шығаратын, ұлттың тұтастығына, ынтымағына жұмыс істейтін орган.  Сондықтан да депутаттары  ішкі және сыртқы саясатқа әккі, қырағы келеді. Өте сақ қимылдайды. Ұлт болашағына қауіп төндіретін кез келген дүние, жердің асты мен үстінің байлығы, мәдениеті мен құндылықтары көздің қарашығындай сақталады. Мемлекеттің тұтастығына сына қағатын арандатулар, теріс пиғылдар  олардың сүзгісінен өтуі қиын. Тиып тастайды заң арқылы.

 

 

 

Біздегідей емес, олардағы депутаттардың барлығы дерлік сайлаушылар алдында берген анттарына адал. Мемлекеттік тілде ғана сөйлейді. «Өзге сөзбен былғанса сөз арасы, ол депутат – өз ұлтының бишарасы». Қағидат осы!  Кейбір партиялардан сайланған депутаттар халыққа берген уәдесін орындау үшін Үкімет мүшелері мен кейбір саяси партиялар өкілдерімен жаға жыртысып та қалып жатады. Дамыған елдерде бұл үйреншікті жайт. Ұлттық мүдде жолында «итше ырылдасып» жатқанымен, «ауыл іргесін бөрі торуылдаса» ауызбіршіліктері мығым.   Бәрі ұлт болашағы үшін, халықтың тыныштығы үшін бірігуге дайын…

Бізде, өкінішке орай, Парламент Мәжілісіндегі 98 депутат тіл жағынан ала-құла.  Себебі заң солқылдақ.  Мемлекеттік тіл қазақ тілі болғанымен, ресми тіл орыс тілі қосарланып жүр. Депутаттық сауал да екі тілде қойылып жатады. Жанға бататыны кейбір министрлік өкілдері депутаттардың қазақша сауалдарына ресми тілде жауап қатуға бейім. Ал орысша сауалға қазақша тіл қататындар жоқтың қасы. Мұның өзі – әділетсіздік. Алалау. Мемлекеттік тілге құрметсіздік! Соның салдарынан әлі күнге бірізділік жоқ. Шер-ағаңның «Айыр тіл жыланда ғана болады» деген мысқыл сөзі әлі күнге салтанат құрып тұрғаны өкінішті.

 Күні бүгінге дейінгі ресми орыс тілінде жазылып, мемлекеттік тілге аударылатын заңдар қатеге толы. Бұл мәселе 30 жылдан бері айтылып келсе де,  шешімін табар емес. Ең сорақысы Үкімет бірде-бір заңды мемлекеттік тілде ұсынбайды екен. Бұл ұлт үшін қасірет екенін түсінетін уақыт жетті емес пе! «Көрші Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан елдерінде заң өз мемлекеттік тілдерінде қабылданады. Мәселен, Өзбекстан тәуелсіздік алғалы 4-5 заң ғана орыс тілінде қабылданыпты. Бізде әлі күнге дейін заңдар ресми орыс тілінде қабылданып, сосын қазақшаға аударады. Аударма сапасыз болғандықтан, түсінбеушіліктер туындап жатыр, – деген еді Парламент Сенатының бұрынғы депутаты Мұрат Бақтиярұлы.

Қазақстан тәуелсіздік алғалы бері Парламент Мәжілісі 2 заңды ғана мемлекеттік тілде қабылдаған: 1997 жылы «Халықтың көші-қоны туралы» заңы;

Екіншісі 2002 жылы «Қазақстан Республикасындағы баланың құқықтары туралы» заң.

«Тіл туралы» заңның 4-бабында: «Мемлекеттік тіл – мемлекеттің бүкіл аумағында қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылатын мемлекеттік басқару, заң шығару, сот ісін жүргізу және ісқағаздарын жүргізу тілі» деп жазылған. Бірақ соған сай ма?

АТА ЗАҢЫМЫЗ АУДАРМАДАН ҚАШАН ҚҰТЫЛАДЫ?

  Конституциядағы қате аудармалар жайлы толғағанда осыдан 4-5 жыл бұрын Праламент Мәжілісі аппаратының редакциялау және аударма бөлімінің меңгерушісі Дәуітәлі Омашұлының Қазақстан Конституциясындағы қате аудармаларды сынға алғаны еске түседі. Ол осыған байланысты 2 мысал келтірген еді: Бірінші мысал: 2017 жылғы 10 наурызға дейін қолданыста болған 53-баптың 3-тармақшасындағы «Если Парламент большинством в две трети голосов от общего числа депутатов каждой из палат подтвердит ранее принятое решение, Президент в течение семи дней подписывает закон» деген сөйлем қазақ тіліне: «Егер Парламент әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екісінің көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент жеті күн ішінде заңға қол қояды» деп аударылыпты.

 

Қателік: Осы аударманы оқыған адамда депутаттардың жалпы санының немесе барлық депутаттардың үштен екісі ғана дауыс беретін болса, қалған бір бөлігі дауыс беруге қатыспайды екен ғой деген түсінік қалыптасуы мүмкін. Бұл аудармадағы «үштен екісінің» деген тіркесті «үштен екі» етіп ауыстырса жетіп жатыр. Сонда дауыс беруге депутаттардың бәрі де қатысатын болып шығады. Ал енді осындай аса маңызды норма Конституция мәтінінде алты жерде кездеседі, соның бәрінде осылайша аударылып отырған.

Екінші мысал: Үкіметке сенім туралы мәселе көтерілетін 61-баптың 7-тармағында: «Голосование по этому вопросу проводится не ранее чем через сорок восемь часов с момента постановки вопроса о доверии» деген сөйлем қазақ тіліне былайша аударылған: «Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім білдіру туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей жүргізіледі».

Қателік: Бірінші қате – мұнда сенім білдіру туралы мәселе емес, сенім туралы мәселе айтылған. Өйткені, Парламент дауысқа сенім білдіру туралы мәселені қойғалы отырған жоқ, жалпы сенім білдіреміз бе, жоқ па деген мәселені қозғап отыр. Екінші қате – «қырық сегіз сағаттан кешіктірілмей» деген тіркес сол қырық сегіз сағаттың ішіндегі кез келген уақытта деген ұғымды білдіреді. Ал шын мәнінде конституциялық норма бойынша дауыс беру «қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмеу керек».

Ендігі мәселе аударма сапасы неге сын көтермейді? Заң ресми орыс тілінде жазылған соң мемлекеттік тілге аударылады. Біздің білуімізше, салаға маманданған кәсіби аудармашылар жоқтың қасы. Заң аударуда әдетте аз жалақы алатын арзанқол аудармашылардың көмегіне жүгініп жататыны айтылады. Ал олар болса, Ағарту министрлігі (Бұрынғы білім және ғылым министрлігінен бөлініп шыққан) құзіретіне қарайтын институттар жасаған sozdik.kz және кең қолданыстағы translate.google.com секілді аударма құралдарын пайдаланып келіпті. Нәтижесінде, аударма сапасы мүлде сын көтермейтін көрінеді.

«Заң – халықтың өмір сүру ережесі. Әр азаматтың тағдырына қатысты өте қуатты қару. Сол үшін әр сөз нақты, дәл болуы керек. Алайда еліміздегі заңдар ресми тілде талқыланады. Оның себебі – мемлекеттік тілдегі заң терминдері жүйеленбеген, екіұшты мағына беретін немесе баламасы дау тудыратын терминдер өте көп», – депті Заң ғылымдарының кандидаты, Жоғарғы сот судьясы Бағлан Мақұлбеков ертеректе.

Айтпақшы, бұл өзекті  мәселе 2019 жылы 11 сәуірде Парламент Мәжілісінде өткен «Рухани жаңғыру: қазіргі қазақ терминологиясы» ғылыми-тәжірибелік конференциясында да көтерілген болатын. Ғалымдар Үкімет жанындағы Республикалық терминология комиссиясы бекіткен сөзді алуға да, алмауға да болатынын айтып, Үкіметке реніштерін білдірді. Өйткені, ол – кеңесші орган. Өкінішке қарай, «Терминком қабылдаған сөздер Үкіметтің қаулысымен бекітілсін» деген нұсқау орындалмай келеді.

«Заң мемлекеттік тілде қабылдануы үшін қазақтілді ортада талқылануы керек» дегендер де болды сол жылы. Соның бірі – бүгінгі Мәжіліс депутаты Мұрат Әбенов.  Оның айтуынша, қазіргі заңдық өзгерістерді қазақтілді қоғам талқыламай, заң қазақ тілінде қабылданбайды. Бұл ұсынысты Филология ғылымдарының докторы, профессор Шерубай Құрманбайұлы да қуаттаған. Оның айтуынша, мұндай жиындар 28 жыл бойы өтіп келе жатса да, әлі күнге нәтиже бермеген.

МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ ТУРАЛЫ ЗАҢ ҚАБЫЛДАНБАЙ, ӨРІСІМІЗ КЕҢІМЕЙДІ

Айта берсек, заң шығарушы органда мемлекеттік тілге қатысты мәселе өте өзекті әлі күнге.  Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса «Мемлекеттік тілге қатысты» әлі күнге жарғақ құлағы жастыққа тимей айтудай-ақ айтып келеді. Бірақ «баяғы жартас – бір жартас».

2020 жылы 20 қыркүйекте «Қазақ үні» сайтында Қазыбек Исаның мақаласы жарық көрді. «Қазір Мемлекеттік тілдің мәртебесін қорғау еліміздегі ең басты мәселеге айналып тұр. Осы мақсатта «Қазақ үні» ұлттық порталында осыған дейін ҚР Конституциясындағы 7-бабы 2-тармағын алып тастау туралы сансыз мақала жарияланды. Солардың ішінде ең келелі әрі өзектісі осыдан үш жыл бұрын, 2017 жылы 26 ақпанда жарияланған «МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!» атты Қазақстан Президентіне жазылған Ашық хат. Конституциялық реформа кезінде еліміздің әлемге әйгілі тарландары – Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шарманов, Камал Ормантаев, Нұрғали Нүсіпжанов, Төлен Әбдік, Амангелді Айталы, Смағұл Елубай, Сәбит Досанов, Ғаббас Қабышев,  Темірхан Медетбек, Бексұлтан Нұржекеев, Исраил Сапарбай, Ұлықбек Есдәулет  және т.б. бастаған 125 ұлт зиялысы қол қойды.  Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдауды талап еткен бұл Ашық хатқа бүгінде  123 446 адам қол қойып, қолдап, бұрынғы межелерден 1000 еседей көп тарихи рекордтық деңгейге жетіп отыр. Ұлт мүддесі үшін бұрын мұншалықты қалың қол жиналған емес. Бұлар тек смартфон мен интернетке қолы жеткендер ғана. Бұл бір жарым айда ғана 122 мыңға жеткен  Ел патриоттары артында смартфон пайдалана алмайтын миллиондаған халық тұрғаны айқын. Бұл қалың қол ішінде  тек қазақтар ғана емес, әртүрлі ұлт өкілдері де (50-ге жуық) жеткілікті.

Белгілі журналист, қоғам қайраткері Максим Рожин бастаған көптеген орыс ұлты өкілдері де Мемлекеттік тілді талап еткен Ашық хатты қолдап, қол қойып, нағыз отаншыл патриоттықтарын көрсетті. Яғни, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау күн тәртібіндегі күннен-күнге күшейіп келе жатқан ең өзекті мәселе болып тұр. Сондықтан да «Қазақ үні» порталында 900 мыңдай адам оқып, 2000-нан аса  пікір жазылып қолдау білдіруде. Әлеуметтік желілердегі қаптаған қолдаушылардың санын есептеу мүлде мүмкін емес».

Конституциядағы орыс тілі туралы 7-баптың 2-тармағын алып тастап, Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау мәселесін ҚР Президенті жанындағы Ұлттық Кеңестің 2019 жылғы 6 қыркүйекте өткен бірінші отырысында  ақын  Қазыбек Иса тағы көтеріп, қоғамда қатты қолдау тапқаны белгілі.  ҚР Мәдениет және спорт министрлігі бұл ұсынысты өндіріске алып, толыққанды, бүгінгі заман мен қоғам талабына сай Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы тұжырымдамасын жасап, Үкіметке жіберді.

Енді қоғам Мемлекеттік тіл туралы заң жобасының Тұжырымдамасы Үкіметтен шықпай қалмаса, немесе Президент Әкімшілігінен аспай қалмаса деп алаңдап, Президентке жетуін талап етіп отыр. (Бұндай қауіпке негіз барлығы тіл жайлы мақалаларда айтылуда). Ел үміті ел тізгінін қолға ала салысымен ұлттық мүдделерімізді қорғауға баса назар аударып, «Ең бастысы – Қазақ тілі», «Қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп мәлімдеген Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевта! Ел басшысы Ел тілегін орындап, Ұлт аманатын орындайды деп сенеміз!

Қазақстан Республикасының Президенті болып сайланғанда «Ең бастысы – Қазақ тілі» деп мәлімдеген Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына жасаған алғашқы Жолдауыңызда  «Қазақ тілі – ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керек» деп атап көрсеткені отыз жылдай өзінің заңды мемлекеттік тілінің мәртебесін ала алмай келе жатқан  ел үмітін оятты. Иә,Тәуелсіздік алғалы бері қазақ тілінің мемлекеттік тіл ретінде қолданылу аясы біртіндеп кеңіп келе жатыр. Бірақ қазақ халқының демографиялық өсімі мен қоғам талабына сай емес. Қазір халқымыз 19 миллионға, оның ішінде қазақ ұлты 78%-ға жетіп  қалды. Қостанай және Солтүстік Қазақстаннан басқа өңірлердің тұрғындарының басым бөлігі қазақтар (бірнеше аймақта 90% құрайды!). Елдің ұлттық құрамының өзгеруі және тіл саласындағы мемлекеттік саясаттың нәтижесі балабақшаларда, мектептерде балалардың дені мемлекеттік тілде оқуына, білім гранттарының қазақ топтарына көптеп бөлінуіне алып келіп жатыр. Енді, Қазақстан Президенті атап өткендей, қазақ тілін шынайы ұлтаралық қатынас тіліне айналдыратын келесі нақты шараларды қабылдау қажет.

Мақаламыздың басында Парламент Мәжілісінде  мемлекеттік тілді білмейтін (Білсе де сөйлегісі келмейтін) ала-құла 98 депутат отырғанын бекер айтпадық. Олар ұлттық мүдде жолында тізе түйістіріп күресуге дәрменсіз. Себебі ана тілінде ұлттық құндылықты бойына сіңірмеген адамдардың тағдыр талайында ұлтына жанашыр болғандар  некен-саяқ. Атақты жазушымыз Жүсіпбек Аймауытов «Бала өз ана тілінде тәрбиеленбесе, өз ұлтына қызмет ете алмайды» деген екен. Мұны ұрпақ тәрбиесінде темір қазық етіп алу керек те, өзге замана ұсынған жаңалықтарды өз жағдайымызды ескере отырып қабылдау қажет. Мұстафа Шоқай да «Шетелде оқып, тәрбие алған зиялы қауымның ұлтына пайдасы жоқ, ұлты да оны пайдаланбайды» деген екен.  Қазақтың маңдайына біткен асыл ұлдарының айтқанының айнымай келгеніне таңғалмай көр.

ТІЛ ЖАНАШЫРЫН ЖЫНДЫХАНАҒА ҚАМАУ ҚАЗАҚ

ТІЛІНЕ КӨРСЕТІЛГЕН ДӨҢ-АЙБАТ ЕМЕС ПЕ?

PS: Тіл демекші,  мақаламызға тұздық қылуға жарайтын бір оқиға 24 қаңтар күні Павлодар қаласында орын алды. Тіл жанашыры, қазақ тілінің қорғаны, ұлт патриоты Руза Бейсенбайтегін еркінен тыс психдиспансерге жауып тастапты. Мұны естіген әлеуметтік желідегі жұрт  «Бұл – қазақ тілін түрмеге қамау. Әдейі ұйымдастырылған іс» деп, жазықсыз жапа шегушіні бостандыққа шығаруды талап етті. Бұл сол күндері Алматыдағы жер сілкінісінен кем емес, ел сілкінісін тудырған оқиға болды.

«Үйімнің қасындағы «Халық банктің» бөлімшесіне кіріп бара жатыр едім, бір еркек артымнан  «женщина, женщина, постойте» деп айқайлады. Мен орысшаға жауап бермейтін әдетіммен жүре беріп едім, артымнан келіп мені түртті. Бұрылып қарасам, бір жас жігіт тұр екен. «Не подскажите Майры 29» деді.

«Қазақтың баласы емессің бе, неге қазақша сөйлемейсің деп едім, мемлекеттік тіл – орыс тілі мен қазақ тілі. Менің орысша сұрағыма орысша жауап беру керексің» деп агрессиямен дөрекі жауап берді. Мен бұның подстава екенін түсіндім де, телефонымды алып, видеоға түсіре бастап едім, полиция шақыртты. Полиция да жылдам келе қойды, артынан «жедел жәрдем» келді. Сөйтсем, ол «жедел жәрдем» емес, психбольницаның қызметкерлері екен. Мені апарып аяқ-қолымды байлап, жауып тастады. Қайта тікелей эфирге шығып үлгергенім жақсы болды. Сол арқылы кісілер мені іздеп дабыл қағыпты.

Мен үшін алаңдаған барша жұртқа алғысым шексіз!!! Аман болыңдар! Қазақ барда қазақ тілі өлмейді» деп жазды Руза апай кейін.

Шындығына келсек, халық улап-шулап қояды, билік құлақ түрмесе. Осындайда жасындай жарқылдаған кез келген шенеунік, ұлт қайраткері, Парламент депутаты халықтың арасынан табылса, бәсі артады, абыройы көтеріледі. Себебі халыққа қарағанда билікке дауысы жақын, беделі бар тұлға халықтың сөзін жоғарыға жеткізе алады. Талап етуге де қауқарлы.

Әттең-ай дегізгені, халықтың  жанайқайына лауазымды тұлғалардың бәрі бірдей селт ете қоймады. Тіпті мыңқ етпегендері де жетерлік. Оларға «жә» делік. Алайда «халық қалаулысы» деген дардай атақтары бар депутаттардың  «Бұл не шу» деп көңіл бөлмегендері, «Мемлекеттік тілде сөйлеуді талап еткен» әйелге жанашырлық танытпауы Парламенттің  әлі де «бір қайнауы ішінде» екенін көрсетсе керек…

Обалы қане, Павлодардағы тіл жанашырына көрсетілген қыспақ пен қысымды естіген депутаттар арасында ұлтқа бір бүйрегі бұрып тұратын азаматтар үнсіз қала алмады. Соңына дейін халықпен бірге болды.  Аталған мәселе бойынша депутаттар Қазыбек Иса, Ермұрат Бапи, Абзал Құспан, Жарқынбек Амантайұлы, Мақсат Толықбай бастаған т.б. әріптестері мемлекеттік органдарға бұл жағдайдың сорақылық екенін ескертіп жатты.  Министрлік те, облыс басшылығы да депутаттардың алаңдаушылығын естіді. Жауапты органдардан жағдайды дереу реттеп, тіліміз бен ұлтымыздың жанашыры Руза апамыздың үйіне жақын уақытта оралуын талап еткендер ақыры жеңіске жетті.

Арқалықтан адвокаты Әскербек Какимов та құстай ұшып жетіпті. Апайымызды жындыхананың есебінен шығартып, заңсыз қамағандарға шара қолдану керек депті ол.

Үнемі тілдің жоғын жоқтап, мұңын мұңдап жүдеп жүрген Мәжіліс депутаты Қазыбек Иса: ҚАЗАҚ ЕЛІНДЕ ҚАЗАҚ ТІЛІН ТАЛАП ЕТКЕНДЕР ЖЫНДЫ БОЛСА, ОНДА БІЗ ҚАНДАЙ ЕЛМІЗ?!» деп атандай ақырып шықты.

Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауруымен  ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға  ешкімнің құқы жоқ, бұл – заңды бұзу!

Осыдан төрт жыл бұрын 2020 жылы күзде Мемлекеттік тіл мәселесімен әкімдікке келген Руза Бейсенбайтегіне жындыхана қызметін шақыртқан Павлодар қаласы әкімі аппаратының сол кездегі басшысы Қайыржан Оңғаров тіл жанашырларының, журналистердің  шуынан кейін қызметінен босатылған еді. Бұл туралы сол кезде «Қазақ үні» сайты жазған болатын. Енді міне, мемлекеттік тілді талап еткендерді көрсе, жау көргендей болатын павлодарлық шенеуніктердің теріс пиғылы ақыр іске асып тынды…

Бұл іс түбегейлі тексеріліп, кінәлілер қатаң жауапқа тартылуы тиіс. Өйткені таразыда тек адам тағдыры ғана емес, Тіл тағдыры – Ел тағдыры тұр!

«Айдың-күннің аманында аймаңдай Руза апайымызды жоғалтып алып, төтенше жағдайда өткен күндеріміз де артта қалды. Қазақ тілінің қорғаны Руза апайымыз ортамызға оралды.

Кешегі бір күніміз бен түніміз биліктегі жауапты тұлғалармен сөйлесуге кетті. Кереку өңірі басшыларымен де сөзіміз аз болған жоқ… Ақыры, әділеттілік орнады. Қазақтың қайсар қызы, Қазақ тілінің жанкешті күрескері Руза Бейсенбайтегі апайымыз бүгін бостандыққа шықты! Қазақ тілі бостандыққа шықты десек те болады! Руза апаймен сөйлестік, көңіл күйі дұрыс. Елге рақмет айтуда. Қасында керекулік ұлтшыл азаматтар Серік Елікбай мен Медет бар. Тал түсте төбемізден жай түскендей болған жайсыз оқиғаның жақсылықпен аяқталуына өз үлестерін қосқан қалың елдің қайратына ризамын. Қиындықтан шығу үшін бір жұдырық болып жұмыла білген жұртқа алғысымыз шексіз!

Қазақ тілін қорғаған Руза апайды ел де қорғап қалды! Өйткені таразыда тек адам тағдыры ғана емес, Тіл тағдыры – Ел тағдыры тұрды!..

Алғашқы күннен бірден қолдаған бір топ депутат әріптестеріме де ризамын.

Сонымен қатар биліктегі жаңаша ойлай бастаған көкірегі ояу, көзі ашық азаматтарға көп рақмет! Билікте де жаңа тұрпатты жауапты тұлғалар бар екеніне көз жеткіздік.

Егер адам бұрын-соңды ми жүйкесі ауруымен ауырып, арнайы есепке алынбаған болса, оны сот шешімінсіз бірден психоневрологиялық диспансерге, яғни жындыханаға мәжбүрлеп қамап тастауға ешкімнің құқы жоқ, бұл – заңды бұзу! Енді осы заңсыздыққа барғандар жауапқа тартылуы тиіс! Иә, бұл кешегі ойларына келгенін істеген отыз жылдық биліктің, өзін қор, өзгені зор тұтқан құлдық саналы саясаттан қалған жарылыстардың жаралы іздері. Ендігі міндет зардап әкелер жарылыстардың барлығын залалсыздандыру болмақ. Ол, әрине, әрбір Тәуелсіздік алған мемлекеттер өтуі тиіс отарсыздану саясаты мен Ұлттық идеология. Ұлттық идеология болмаса, әрбір аяқ басқан жерден осылай қауіп-қатердің түтіні шыға беретіні белгілі. Ал Ұлттық идеологияның негізі – Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау! Мемлекеттік тілді міндеттеу – Мемлекеттің міндеті! Руза мен Қазыбектердің міндеті емес… парызы болса да…

Сондықтан заң арқылы шешілуі тиіс барлығы. Руза апайымызға зор денсаулық, қажыр-қайрат тілейміз! Еліміз өрге, тіліміз төрге шыға бергей!» деп жазды депутат Қазыбек Иса.

Ел ертеңі – тіл! Егер тілге қатысты мәселеде кез келген азамат (ол мейлі билікте болсын) бір-біріне жанашыр болса, ешбір  жау ала  алмайды. Қазақ елінің болашағы – мемлекеттік тілінде! Оған қарсы келгендер – ұлттың жауы!

 Нағашыбай Қабылбек