«Қазақ елі үшін жасайтын жұмыстан ешқашан шаршамауымыз керек»

Қысқаша анықтама: Шамшадинова Анар Амангелдіқызы — ақын,  «Жанартау» жастар шығармашылық қоғамдық бірлестігінің төрайымы, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі, «Поэзия көктемі — 2000» студенттер байқауының жеңімпазы, «Шабыт — 2003» Халықаралық фестивалінің ІІІ орын иегері. — 2001 жылы «Жазушы» баспасынан «Жанар» атты тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көрді. — 2004 жылы «Жоқсың сен» — 2009 жылы «Кешірсең мені сен ғана» — 2010 жылы «Тамызда қайтып оралшы» атты өлең жинақтары жарық көрген.

Бүгінгі таңда республика, облыс көлемінде ел мерейін асқақтатар шаралар көптеп ұйымдастырылады. Олардың жоғары деңгейде өтуіне атсалысатын көптеген қоғамдық бірлестіктер бар. Солардың бірі — маңғыстаулық «Жанартау» жастар шығармашылық қоғамдық бірлестігі. Осы орайда, біз аталған қоғамдық бірлестік басшысымен сұхбаттасқан болатынбыз.

— Анар Амангелдіқызы, өзіңіз басшылық етіп отырған ұйым жайлы айтып берсеңіз. Қашан ашылды, қандай жұмыстар атқаруда?

— «Жанартау» жастар шығармашылық қоғамдық бірлестігі 2008 жылы құрылды. Басты мақсат — жастар шығармашылығын дамыту, жас таланттарды іздестіру, жастарды мәнерлеп оқуға үйрету, жастарды ақындық өнерге баулу. Алғашында «Жанартау» жас ақындар клубы ретінде құрылған болатын. Құрылған кезден бастап, біздің бірлестік көптеген игі істерге мұрындық болды. Көптеген рухани кештер мен шығармашылық кештерді ұйымдастырды. Оның ішінде, атап айтар болсам, Әбіш Кекілбаевтың кешін, Қашаған Күржіманұлына арналған «Сұрағандарың сөз болса…» атты жылжымалы жыр кешін ұйымдастырдық. Сондай-ақ, Амангелді Бұғабаев ақынның кешін өткіздік. Ол кісінің кітабын шығаруға мұрындық болдық. Яғни өзіміз демеуші тауып, кітаптың жарық көруіне атсалыстық. Жас ақындардан Асылбек Жаңбырбайдың «Жансусар» атты кітабын демеуші тауып шығардық. «Жанартаудың» қарлығаштарының алды бүгінде елге танымал азамат пен азаматшалар болды. Олардың барлығы бізге келгенде алғашында ақындыққа әлі бейімделе қоймаған, қолына енді қалам ұстап жүрген жастар болатын. Қазір олардың көбісі Маңғыстауға, сонымен қатар, Қазақстанға танымал жас ақын-жазушы болып жүр. 2008 жылдан бері «Жанартау» көптеген мәдени-рухани шаралардың өтуіне өзінің елеулі үлесін қосып жүр.

— Жалпы, «Жанартау» жастар қоғамдық бірлестігі маңғыстаулық жас ақындардың елге танылуына өз үлесін қосты. Егер құпия болмаса, сол ақындар жайлы айтсаңыз.

— Олар өздерін біз «жанартаулықтармыз» деп атайды. Олардың басында Асылбек Жаңбырбай, Бақтыбай Жайлау, Фархат Мусаев, Айзада Серікбаева, Еділ Бекмұратов, Мұханбетберді Сүйтов сынды ақындар тұр. Тағы да айта берсек, бұл тізімнің жалғасы көп. Бірақ ел алдына шығып жүргендері осы аты аталған «Жанартаудың» шәкірттері десем, артық айтқандық емес.

— Биыл бірлестіктің жұмыс жасап жатқанына 8-ші жыл екен. Ел мерейін асқақтатар, жас таланттарды танытатындай шаралар ұйымдастырыпсыздар. Ал ел тарихындағы айтулы мерекелерге қатысты, мысалы, биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдығы, осы мерейлі мерекеге қандай шара ұйымдастырып жатырсыздар?

— Шыны керек, «Жанартау» 2011 жылға дейін белсенді жұмыс жасады. Одан соң менің отбасылық жағдайыма байланысты 2011-2013 жылдар аралығында бала күтімімен үйде отырған соң, жұмысы сәл бәсеңдеген болатын. Бірақ биылдан бастап, «Жанартаудың» жұмысы қайта жандануда десем болады. Биыл «Жанартау» қоғамдық бірлестігі Маңғыстау облыстық Ішкі саясат басқармасының әлеуметтік тапсырысы негізінде шетелдегі отандастармен байланыс орнату лотын ұтып алдық. Жобаның басты мақсаты — шетелдегі отандастармен қарым-қатынасты орнату. Рухани, мәдени, әлеуметтік байланысты нығайту. Жоба аясында «Жанартаудың» мойнына үлкен міндет жүктеліп отыр. Қазір жоба бойынша қызу жұмыс жасап жатырмыз. Қазан айының 7-сі күні Алматы қаласында дүниежүзі қазақтарының ұйымдастыруымен өткен «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты халықаралық өнер фестиваліне қатысып келдім. Онда әлемнің түкпір-түкпірінен, яғни 20 елден қазақ диаспораларының басшылары, өнерпаздары жиналды. Сол жерде мен қазақ диаспораларының басшыларымен кездесу өткізіп, келіссөздер жүргіздім. Осы шара аясында «Дүниежүзілік қазақтар қауымдастығы» республикалық қоғамдық бірлестігі мен «Жанартау» жастар шығармашылық қоғамдық бірлестігі бірге жұмыс жасауға меморандумға қол қойылды. Осындай мүмкіндікті берген қауымдастық басшысы Талғат Мамашев мырзаға алғысымды айтамын. Фестиваль кезінде мен Түркиядағы, Моңғолиядағы, Өзбекстандағы, Ресейдегі, Англиядағы қазақ диаспорларының басшыларымен сөйлесіп, олардың барлығымен келіссөздер жүргіздім. Қазіргі таңда «Жанартау» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен маңғыстаулық делегация шетелдерге барып жүр. Жоба бойынша біз Каспий жағалауындағы мемлекеттерге баруымыз керек. Ондағы қазақ диаспораларымен кездесулер өткізуіміз керек. Бүгінгі таңда көрші елдерге барып та үлгердік. Қаражатымыз жетсе, мысалы, Қытайға, Моңғолияға, Түркияға барамыз. Айта кететін жайт, біздің жобамыз тәуелсіздіктің 25 жылдығына арналады. Біз сол мемлекеттерге барғанда тәуелсіздігіміздің 25 жылдығы аясында еліміздің жеткен жетістіктерін айтатын боламыз. Іссапар барысында біз рухани дамуымызбен қатар, кәсіпкерлік бағытындағы жетістіктерімізді де айтып жүрміз.

%d0%b0%d0%bd%d0%b0%d1%80-01

— Өзіңіз ақынсыз, журналист болып та қызмет атқарасыз, одан қалса «Жанартаудың» жұмысы тағы бар дегендей. Барлығын бірге алып жүру қиын емес пе?

— Әрине, қиындау. Дегенмен, Қазақ елі үшін, өзіміздің ұлтымыз үшін қажетті, маңызды шаруаны жасағаннан ешқашан шаршамауымыз керек. Мен осыдан бірнеше жыл бұрын Мәскеу қаласына барған болатынмын. Сапар барысында тұрғындардың тіршілігінен елдегі қарқынды дамуды көрдім. Бейжай отырған бір адамды көрген жоқпын. Соған қарап, олардың қарқынды дамуын көрдім. Бұл — бірнеше жыл бұрын болған картина. Қазіргі таңда дәл осы көрініс біздің елде де байқалады. Еліміз қарқынды дамуға бет алды. Адам жан-жақты болу керек. Барлығына үлгеру керек. Мен өзім еңбектен ешқашан шаршамаймын. Екі қолға бір жұмыс болса, кез келген адам содан таймау керек. Бұл жерде тек қол еңбегін айтып отырған жоқпын, жалпы рухани жағымызды да айтып отырмын. Бағана әңгіме барысында айтып кеткен болатынмын, Алматы қаласында өткен «Алматы — тәуелсіздіктің алтын бесігі» атты фестивальге қатыстым деп. Сол фестиваль барысында Қытайдан келген қазақ өнерпазы, жас әнші Сәния Өнерханмен сұхбаттастым. Ол өзі Қытайдан Қазақстанға үш жылда бір келеді екен. Сұхбат барысында ол атажұртын қатты сағынып, қуанып келетінін айтты. Сол кезде одан «көңіліңе кірбің ұялатқан жағдай болды ма» деп сұрап едім, «Иә, бір-ақ нәрсе менің көңіліме кірбің ұялатты. Мен көшеде жүріп немесе бір мекемеде отырып, қазақтан қазақша бір нәрсе сұрасам, олардың барлығы маған орысша жауап береді. Ал мен орыс тілін түсінбеймін. Тек жастар емес, үлкен жастағы азамат пен азаматшалардың өзі де маған осылай жауап қатты. Осы көрініс менің көңіліме кірбің ұялатты. Неге қазақ пен қазақ бір-бірімен түсінісе алмаймыз? Олар орысша сөйлейді. Мен орысшаны түсінбей, қазақша сөйлеймін. Сол нәрсеге қатты ренжулімін», — деп жауап берді. Оның тап-таза қазақша сөйлеп отырғанын көріп, мен өзім қатты ұялдым. Сонда айтайын дегенім — тілімізге, ұлттық салт-дәстүрімізге қатты мән беруіміз керек. Елбасымыз айтқандай, «Мәңгілік ел» болу үшін, меніңше, түп-тамырымыз мықты болу керек. Егер біздің салт-дәстүріміз, тіліміз болмаса, біз ұлт болып қала алмаймыз. Сондықтан біз экономикалық даму жағымызды ғана емес, рухани даму жағымызды да ойлауымыз керек.

— Жас таланттармен, ақындармен жұмыс жасайсыз. Жалпы, қазіргі өсіп келе жатқан ақындарға қандай баға бересіз?

— Жас кезімнен өлеңге өте жақын болдым. Қазір де өлеңдерім жарық көріп тұрады. Қуантарлық жайт, қазіргі жас ақындар белсенді. Әлеуметтік желілердің пайда болуы олардың танымалдығын арттыра түсті. Біздің кезімізде ондай болған жоқ. Біз тек газетке ғана шығатынбыз. Қазір әлеуметтік желіге салып-ақ жақсы танылуға болады. Жастардың арасында маңғыстаулық жас ақындарды оқимын. Олардың жазып жүрген өлеңдерінен хабардармын. Ал республикалық деңгейде біршама талантты ақындар бар.

— «Жанартаулықтарға» қандай бағыт-бағдар беріп отырасыз?

— Оларға үнемі ақыл-кеңестерімді айтып, кездесулерге қатыстырып тұрамын. Қажет болса, өлеңдеріне талдау жасаймыз. Соңғы кездері олардың барлығы танымал болып, жап-жақсы ақын болып кетті. Енді «Жанартауға» жас буын өкілдерін жинауым керек. Маңғыстауда әлі шығып үлгермеген, қанаты қатаймаған, буыны бекімеген, бірақ таланты асқан жас ақындардың көптігі анық. Жоспарым бойынша, жаңадан жас буынды жинауға жұмыс жасап жатырмын. Негізінен, бірлестік құрамында жиырма шақты жас бар.

— «Жанартаулық» жас ақындарға қандай шеберлік сағатын ұйымдастырып тұрасыз?

— Бұл өте орынды сұрақ. Маған бүгінгі таңда осы сұрақпен көптеген жастар келуде. Бірақ біздің қазіргі уақытта олай жасауға мүмкіндігіміз жоқ. Осындай жобалар әлеуметтік тапсырыс негізінде бар. Сондай жобаның аясында, әрине, оны өткізуге болады. Дегенмен жас ақындарға маңғыстаулық үлкен ақындармен кездесу ұйымдастырып тұрамын. Оның барлығы тегін. Бірақ тұрақты түрде шеберлік сағаты өтпейді. Жалпы, ақындық — адамға берілген табиғи талант. Мүмкін, болашақта жас буындарды жинап, басын біріктіріп алғаннан кейін бұл туралы да ойланатын боламын.

— Анар Амангелдіқызы, тұшымды сұхбатыңызға рақмет!

Сұхбаттасқан — Айман Оңғарбайқызы