Қазақ баласы қазақы тәрбиемен тәрбиеленуі керек!

Бұл туралы бүгін Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, филология ғылымының докторы Анар Бекмырзақызы Салқынбай мәлімдеді.

АНАР САЛҚЫНБАЙ: «Елбасының «Рухани жаңғыруда» айтқан 2 мәселені атап өткім келеді. Жастар тәрбиесіндегі прогматизм мәселесі. Сондай-ақ, шетелдік кез-келген ақпаратты дәл сол қалпында қабылдайтын болсақ, Елбасы айтқандай, ол үлкен қатер болмақ. Сондықтан, бұл мәселелер басты назарда болғаны жөн.
Әдебиеттанушы, ғалым, ұстаз Алма Қыраубаеваның «Сенім» бағдарламасы — қазақ баласын қазақы тәрбиелеу мақсатын бірінші орынға қояды. Қазақтың баласы есіктен сәлем беріп кіруден бастап, ата-бабамыздан қанға сіңген тәрбиесімен тәрбиеленуі керек. Егер бұл жүйені сіңіре алмасақ, ертеңгі ұрпағымыздың дүниетанымы, болашағы өзге мемлекеттің немесе өзге ұлттың мәдени деңгейінде қалыптасуы әбден ықтимал.
Рухани жаңғыру — бір нәрсені жасау, шетелдің дүниесін игеру емес, бұл өзіміздегі бар нәрсені жаңғырту. Бізде дүниелер өте көп. Жазба ескерткіштер, жазбалар, қиссалар, эпостық жырлар секілді дүниелерімізді әрбір қазақ баласы оқып, көріп, біліп, түсіне алатын болса бұл рухани жаңғыру.
Сондықтан Елбасының бұл бағдарламасы дәл бүгінгі уақытқа келген үлкен бастама деп білемін».