Қазақ ұшқышына неге батыр атағы берілмеді?

1941 жылы соғыс басталғанда құрылған Қорғаныс Қорына барлық совет адамдары өз үлесін қосты. Соғыста жүрген ер азаматым аман-есен келсе болды деп, қазақ әйелдері өздерінің алтын сырға мен сақиналарын өткізді. Осындай үлкен бастамадан 1927 жылы «Қазақ даласының батыры» атағы берілген палуан Қажымұқан жасы 70-те болса да тысқары қалған жоқ, елді аралап өнер көрсетіп, одан түскен 100 000 сомды аударып, Жоғарғы Бас қолбасшы Сталинге телеграмма салып, 100 мың сомға ұшақ жасатып, оны қазақтың батыры Аманкелді Имановтың атымен атауын және ол ұшақ қазақ ұшқышына тапсырылса деп өтінген болатын. Көп ұзамай Сталиннен телеграмма келді (фото), онда: «Жолдас Мұңайтпасов сіздің Қызыл Армияның қорғаныс қабілетін арттыруға қосқан үлесініз үшін Алғыс айтамын. Сіздің өтінішіңіз орындалады»-деп жазылған еді. Аманкелді Иманов атындағы ұшақ қазақ ұшқышы Қажытай Шаламановқа салтанатты түрде тапсырғанын қызыл армиянының бас газеті «Қызыл Жұлдызда» жарияланғаны арқылы білеміз. Басқа мәлімет жоқтың қасы, сонымен Қажытай Шалабаев кім? Қажытай Мұсаұлы 1922 жылдың 1 маусымында Семей қаласында дүниеге келді.1932 жылғы қазақтың жартысын жалмаған аштық Қажытайдың да әке-шешесінде алып кетті. Он жасында жетім қалған Қажытайды анасының інісі Темірлан өз қамқорлығына алды. Жетіжылдық мектепті бітіргесін ФЗО жанындағы курста оқып кеме жондеушісі деген мамандық алып шыққанмен, тері илеу комбинатында тері сұрыптаушысы болады. Сосын Семей кеме шаруашылығында қызмет істейтін нағашысы Темірланның қасында жұмысқа тұрады. Соғыс алдында нағашысы ағасының айтуымен Ақтөбе қаласындағы ұшқыштар даярлайтын училищеге түседі. Соғыс басталысымен майданға сұранғанмен, Баку қаласындағы истребитель-ұшқыш даярлайтын қысқа курсті бітіргесін, По-2 ұшағының ұшқышы, кіші лейтенант шенімен Ленинград майданында Балтық теңізін қорғауға кіріседі. 1944 жылыдң соңында эскадрильяның саяси жетекшісі подполковник Смирнов штабқа шақырып: «лейтенант Шалабаев сенің бай туысқандарын бар екен ғой, арнайы ұшақ жіберіпті ғой» дегенде, таң қалып өзінің жетім өскенің енді айтайын дегенде, подполковник арқасынан қағып сыртқа шығарып, сапқа тұрғызылған эскадрилья алдына шығарып, Аманкелді Иманов деп жазылған «именной» ұшақты салтанатты жағдайда тапсырады (фото). 1945 жылдың басынан бастап есептегенде, осы өзінің ұшағымен әуеге 120 рет көтеріліп тапсырған бұйрықты мүлтіксіз орындайды. Жалпы соғыс кезінде Қажытай әуеге 600 рет көтеріліп ерен ерліктің үлгісін көрсетті. Естеріңізде болса Бегелдинов Талғат ағамыз әуеге 605 рет көтеріліп тапсырманы орындағаны үшін екі мәрте батыр атанған болатын. Соғыс кезінде Қажытай ағамызды батыр атағына үш рет ұсынған, соның соңғысы авиациялық дивизия командирі полковник Протасов 1945 жылдың 10-шы маусымында Совет Одағының батыры атағына ұсыну парақшасына: «аға лейтенант Қ.М.Шалабаев бір состав жау эшалонын жойып, жау солдаттары тиелген 16 автомашина мен 3 теміржол палотносын жойып жңберді»-деп жазылған еді, төрт жылда мұндай ерліктердің қаншасын жасады? Ол ағамыздың ішінде болып, айтпастан алып кетті. Салыстырмалы түрде айтсақ әуеге 204 рет көтеріліп әскери тапсырманы орындаған Василий Решетников Совет Одағының батыры атанды, жау оны екі рет атып түсірген болатын. Ол Қажытай ағамыз әуеге 600 рет көтерілсе де, жау оғы өзіне не ұшағына тимей жерге аман есен қонған болатын. Әуеге 370 рет көтерілген Владимир Ефремовқа Совет Одағының батыры атағы екі рет берілді. Осы жерде Совет Одағының Маршалы, екі мәрте Совет Одағының батыры И.С.Коневтің: «Әскери ұшқыштың әуеде тапсырманы бір рет орындап келгенінің өзі-ерлік» дегені еске түседі. Міне орыс шовинизімі қайда жатыр, тіпті соғысты кіші лейтенант шенімен бастаған ағамыз соғысты аға лейтенант шенімен аяқтады және қалай аяқтады десеңізші, Курландия аспанында фашистердің ас ұшқыштарымен айқасты. Соғыстағы ерлігі үшін бар болғаны үшін Қызыл Жұлдыз, Ұлы Отан соғысы орденінің І және ІІ дәрежесімен ғана марапатталды. Қажытай ағамыз ас ұшқыш ретінде 1945 жылы 24 маусымда Қызыл алаңда өткен атақты парадқа шақырылып, Қызыл алаң үстінен По-2 ұшағымен ұшып өтуге тиіс болатын, алайда жаңбыр үздіксіз жауып тұрғандықтан, ол көрініс алынып тасталды.
1945 жылы өзінің Аманкелді Иманов атындағы ұшақты Иваново қаласында таяу жердегі Керпач деген аэродромға тапсырып, елге қайтты. Қайтар жолда Шымкент облысының Темір станциясындағы Қажымұқанға барып сәлем беріп қайтты (фото). Кейін де кездесетін болып қимай қоштасқанмен, Қажымұқан палуан 1948 жылы қайтыс болды.Елге келгесін Қажытай аға Шаламанов азаматтық авиацияда абыройлы еңбек етіп зейнетке шықты. Соғыс жылдарындағы мен азаматтық авиациядағы ұшуларын қосып есептегенде әуеде 16 000 сағат болыпты не деген жанкештілік! Осындай батыр ағамыз 2003 жылдың 8 мамырында қайтыс болғанда, Жеңіс күніне жиналған халық соңғы сапарға шығарып салды. Біз өз батырымызды бағалай алған жоқпыз, тірі кезінде Қажытай ағамызға «Халық қаһарманы» атағын беруге болатын еді, соғыстан соң есімізді жиған соң елуінші жылдары Аманкелді батыр атындағы ұшақты Қазақстан үкіметі мұражай үшін алдыртуға да болатын еді…….

Бақытжан Абдул-Түменбай тарихшы, журналист-дайджест.