Қасымхан Сенғазыев: Елордалық оқушылар жаңа оқу маусымына тас-түйін дайын

Үш ай жазды артқа қалдырып, қыстың ызғарын сездірген қыркүйек те келіп жетті. Жазғы демалысын бірі лагерьде, бірі қалада, енді бірі далада асыр салып асық атып, атқа шаппаса да, көңілді өткізген балалар бүгін «Алғашқы қоңырау» салтанатты рәсімінде сап түзеп тұр. ҚР Білім және ғылым министрлігінің ресми мәліметіне сүйенсек, биыл еліміз бойынша үш миллионға жуық бала мектепке барса, оның 380 мыңнан астамы мектеп табалдырығын алғаш аттаған бүлдіршіндер екен.

Министрліктің мәліметінше, ең көп оқушыны Оңтүстік Қазақстан облысының мектептері қабылдап отыр. 74 мыңға жуық оқушыға есігін айқара ашқан облыста ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай жаңадан 25 білім ошағы пайдалануға берілгенін айта кетейік. Ал тұтас республиканың айнасы саналатын Астананың жаңа оқу маусымындағы жағдайы қалай? Бұл жөнінде Астана қаласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазыевпен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз.

— Қасымхан Сенғазыұлы, Білім күні құтты болсын! Басшылық қызметке келгеніңізге көп болмады. Осы басшы ретінде қатысқан алғашқы жиын да болуы керек, елордалық оқушылар оқулық жағынан таршылық көрмейді деп айтқан едіңіз. Осы уәде орындалды ма?

— Рақмет, сіздерге де мереке құтты болсын! Сұрағыңа келсем, астаналық оқушыларға тамыздың 2-сінен кітаптар таратуды бастадық. Қала бойынша 129 мың оқушыға, соның ішінде мектеп табалдырығын алғаш аттаған 21 мың балдырғанға оқулықтар түгелдей таратылды. Алдын ала есептеліп, талқыланған мәселенің бірі ғой. Қазір берген уәдеміз 100 пайызға орындалды деп сенімді түрде айта аламын.

— Бәрекелді! Өткен апталарда дәстүрлі Тамыз кеңесінде мектеп формасы жөнінде де сөз қозғалды. Білім беру саласында жыл сайын өзінің өзектілігін жоғалтпай келе жатқан мәселе ғой. Бұл жағынан Елордамызда қандай өзгерістер бар? Оқушылардың ата-аналары қиналып жатқан жоқ па?

— Астанадағы 75 мектептің жеке мектеп формасы бар. Көбіне мұны үлкен дауға айналдырып жататыны атааналардың өзіндік ойлары. Мәселен, біреуге бағасы қиынға түсіп жатса, енді біріне киімнің түсі ұнамай жатады. Сондықтан әр мектеп әкімшілігі жыл соңында атааналармен бірігіп жиналыс ашып, осы мәселені талқылайды. Сөйтіп, белгілі бір үлгідегі мектеп формалары дауысқа салынып, басым көпшілігі таңдаған форма қолданысқа енеді. Алдымен, оның бағасына, сапасына, түсіне, дизайнына мән берілетінін айта кетейін. Бүгінде балалар толықтай мектеп формасымен қамтамасыз етілді деуге болады. Оларды оқушыларымызға лайықтап тігіп беретін қалада 15 кәсіпорын бар. Бұрын әр мектепте ұстаздардың көмегімен сатылса, биылдан бастап оның бәрін жойып, 17 дүкенде сатылатын етіп бекіттік.

— Былтыр болуы керек, ата-аналар тарапынан сабақ уақытын таңғы 7:40-қа ауыстыру жөнінде ұсыныс түскен болатын. Жаңа оқу маусымында уақыт жөнінен өзгерістер жоқ па?

— Ол тек ұсыныс күйінде қалды. Бізде нормативтік құжаттар бар, соның ішіндегі санитарлық нормаға сәйкес сабақ уақытын 07:40-қа қоюды мүмкін емес деп таптық. Ал көлік кептелісін басқалай шеше жатар. Биылғы оқу жылында дәріс уақытынан ешқандай өзгеріс жоқ. Бұрынғы қалыппен оқушылардың сабағы 08:00-ден басталса, бірінші сыныптар үшін алғашқы сабақ 08:30-да басталады.

— Енді әңгімемізді мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне бұрсақ. Елордадан көше сайын дүкен, дәріханамен қоса жекеменшіктегі балабақшаларды кездестіреміз. Олардың қызметі, балаға беріп отырған тәлім-тәрбиесі көңіл көншіте ме?

— Сұрағың өте орынды. Бүгінгі таңда қаламызда жалпы саны 212 балабақша жұмыс істейді. Оның 95-і мемлекеттік, 89-ы жеке меншіктегі, екеуі ведомстволық балабақша және 25-і мектепке дейінгі білім беру IMG_4957орталықтары. Қателеспесем, 2011 жылы болуы керек, лицензиялауды алып тастағаннан кейін, бізге тіркелмеген жекеменшіктегі балабақшалар бірінен кейін бірі ашыла берді. Солардың саны бүгін 107-ден бірақ шығыпты. Енді біз «Қазақстанның мектепке дейінгі білім беру мекемелерінің ассоциациясымен» бірігіп жұмысқа кірістік. Жақында бірлескен семинарымыз өтті. Ондағы мақсатымыз — бізбен жұмыс жасаймыз деген жекеменшіктегі балабақшаларға методикалық көмек көрсету. Өйткені жеке кәсіпкер болғандықтан, оларды тексеріп отыруға үнемі мүмкіндік туа бермейді. Сондықтан аталмыш ассоциация арқылы оларға методикалық әдістерді үйретіп, білім беру саласындағы өзгерістерді, жаңалықтарды жеткізіп отырамыз. Осы орайда біздің бір бағытымыз айқын көрінеді. Ол — Астана қаласында жекеменшіктегі балабақшалардың санын көбейту және олардың сапасына көңіл бөлу. Дәл осы мақсатта жаңа маусымда жүйелі жұмыстар жасаймыз деген ойымыз бар.

— Сонда сіздің басқарманың жекеменшік балабақшаларды бақылауда ұстауға, қадағалап отыруға құзіреті жоқ қой?

— Иә, біздің оларды тексеруге еш құқығымыз жоқ. Жаңа айтып өткенімдей, оларға тек методикалық әдістерді үйрету арқылы көмек бере аламыз. Бақылау, қадағалау ҚР Білім және ғылым министрлігі жанындағы территориалды департаменттің қызметіне кіреді.

— Астана колледждерінің халі қалай?

— Елордада 34 колледж бар, оның 12-сі мемлекет қарамағында, қалғаны жекеменшік білім ордалары. Қазір 26772 студент Астана қаласының колледждерінде жаңа оқу маусымын бастап отыр. Колледждерге сұраныс жылдан-жылға еселеніп артып жатыр. Өйткені жұмысшы мамандардың қажеттілігі туындап отырғаны өзіңе де белгілі. Бүгінде 24 орта мектепте кәсіптік бағдар жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Бұрын дипломды қажет етпейтін, мектеп қабырғасында кәсіптік бағдарға үйрету болатын. Соны біз қайта жаңғырттық және болашақта оның да санын көбейтетін боламыз. Сондай-ақ, колледждерде кәсіптік бағдар бойынша студенттерге тиімді мобильді қосымша жасадық. Ол да былтырғы жылдан бері «Навигатор профессий» деген атаумен кеңінен қолданылып келеді. «Кәсіптік бағдар» деп аталатын арнайы жобамыз да бар. Оны осы оқу маусымында жүзеге асыратын боламыз және дуальды оқыту жүйесіне 18 колледждің көшкенін айта кетейін.

— Осы дуальды оқыту дегенді қалың оқырманға түсінікті етіп айтып бересіз бе?

— Дуальды оқыту дегеніміз — колледж студенті таңдаған мамандығының 60 пайызын өндіріс орнында, 40 пайызын теория түрінде оқу орнында үйренеді. Жоғарыда атап өткен 18 колледждің 2200 студенті кәсіпорындармен меморандум жасаған. Яғни колледж студенттері келісімшарты бар кәсіпорындарда мамандығына машықтана алады. 45 кәсіпорын колледждермен келісімге келген болса, солардың ішінде ең ірілері деп «Базис», «B.I. Group», «Қазақстан темір жолы» АҚ, «Rixos» секілді алпауыттарды атай аламын.

— Жаңа оқу маусымында жалпы оқырманға айтар тілегіңіз болса, мархабат…

— Алдымен, барша қазақстандықтарды өткен Конституция күнімен құттықтаймын. Ел іргесі аман болсын! Екіншіден, Білім күнімен оқушыларды, ұстаздарды, ата-аналарды құттықтаймын. Әсіресе биыл мектеп табалдырығын аттаған бүлдіршіндеріміздің алтын ұяларына тарыдай болып кіріп, таудай болып шығуларына тілектеспін. Біз, ұстаздар қауымы, ел болашағы саналған жас ұрпаққа білім мен тәрбиені, жақсы тәлім беруде аянбай еңбек ететін боламыз. Сіздерге де мереке құтты болсын, «ЕлАна» сайтының оқырмандары жаңа маусымда көбейе берсін!

— Рақмет! Басшылық қызметте бағыңыз жансын!

Сұхбаттасқан Ермұрат Назарұлы