«ҚАРА ҚАЗАННЫҢ» ҚАЙЫРЫ

«ҚАРА ҚАЗАННЫҢ» ҚАЙЫРЫ
Қазір өмірде бар жеңгемнің әңгімесі: Қайным, өткен кезден әңгіме айтайын; біз де төркінде жүргенде анамыздың тәрбиесін алдық, әкеміздің қабағын бағып өсік. Біз де үйге келген талай қонақты күттік. Қонақ шақырамыз деп, дайындалдық. Айтайын дегн әңгімем алғаш келін боп түскен кездегі болған оқиға еді. Ағаңа тұрмысқа шыққан кез. Отбасы көп жанды кісілер екен. Атамыздың әкесі, жасы тоқсаннан асқан Үлкен атамыз, атам, екі енеміз,(атамның екі әйелі) қайынағалар мен абысындар, балалары және бойдақ қайныларымыз бар. Екі енеміздің үйі қатар қонған. Той өтті. Тойдан кейін де қонақ үзілмеді. Күніне екі-үш дүркін қонақ келеді. Асханадағы етке тола қара қазан тыным таппай қайнап тұрады. Бірін түсіріп жатып, екінші қонақтың сыбағасын қазанға салып жатамыз. Ол кезде келіндердің жұмысы қиын еді. Газ, свет жоқ. Шәйға суды самаурында қайнатып, тамақты ошаққа от жағып, нанды табаға салып, шоққа көміп пісіреміз.
Біздің үй де қонақсыз болған жоқ. Бірақ, мен келін боп түскен бұл үйдің қонағы тым, көп екен. Атамыз елге сыйлы, абыройлы кісі екен. Ауылда жақсы қызметтер атқарған, ескіден әңгімелер білетін, шежіреші, көптен хабары бар, белгілі кісілермен қарым-қатынасы жақсы кісі екен. Аталарымызға сәлем беріп, енді біреулері ақыл-кеңес сұрап келіп жатады.
Екі енеміздің үйі қатар қонған, екі үйдің отбасы мүшелері бір үйден тамақтанамыз. Және атамның да әкесі, жасы тоқсаннан асқан Үлкен атамыз бар. Ол кісіге де сәлем беруге көптеген кісілер келеді және ел тойдан, астан тб үлкен атамызға арнап, шапан, сыбағасы деп, жасаулы табақпен ет әкеліп, батасын алып жатады. Атам тамақты қонақсыз отырып жемейді, кейде қонақ болмай қалса, көрші кісілерді шақырып, әңгімелесіп отырып тамақтанғанды жақсы көреді.
Сонымен, тойдан кейін алты айдай уақыт өткен кез. Таңертеңгілік шәйда отырғанымызда қарасам, қонақ жоқ, тек өз отбасымызбен отыр екенбіз. Не шайтан түрткенін білмеймін, шәй құйып отырып:
– Бүгін үйде тек өзіміз ғана екен, бұл үйге қонақ көп келеді екен,- дедім. Сол кезде дастархан басы жым-жырт болды. Бірдемені бүлдіргенімді сезіп, жай ғана жан-жағыма қарадым, атам жөткерініп қалды, енелерім төмен қарап, ернін тістеп отыр екен. Жанымда отырған күйеуімнің реңі бұзылып кетіпті. Бұрынғыдай шәй ұзақ ішілмеді. Атам да, енелерім де, қайныларым да дастархан басынан бата жасап, тез-тез тұрып кетті. Дастарханды жинап, үй тазалап жүр едім, күйеуім үйге қайта келіп, қабағын түйіп:
– Қорадағы бота босанып кетіпті, барып байла,-деді. Таңертең түйелерді сауып болған соң, боталарды мықтап байлаған сияқты едім, қалай босанып кеткен, деген оймен қораға кірдім. Қарасам, боталар түгел байлаулы тұр. Сол кезде арқама қамшы қатты сарт ете қалды. Сөздің шынын айтайын, еңсемді көтертпей, денемде зіл тартып жүрген бір ауыр нәрсе ұшып, бойым жеңіл тартып қалғандай болды. Жауырныма қамшы тиген соң, артыма қарасам, қолында қамшысы күйеуім тұр екен. Жүзі суық:
— Үйге келген қонақты қаламай, әңгіме етуіңнің алды да, арты да осы болсын. Үйдің қазанының қайырын байлайын деп жүрсің бе,-деп, бұрылып қорадан шығып кетті. Сол кезде барып ойландым.(Бұрын үлкендерден есіткенім бар еді, құт-береке үйдің қазанында болады дегенде) Алла бұл үйдің несібесін қазанына бергенін, қайыры ҚАРА ҚАЗАНЫНДА екенін.
Міне, сол күннен бері 40 жылдан асты, оттан қара қазанды түсірмей, күндіз де, түнде де келген қонақтың сыбағасын асып, тапқанымызды дастарханға қойып, жадыраған жүзбен тамақ беріп, сый-құрметін жасап, ақ батасын алып өмір сүріп келеміз. Үйімізге әкім де, бастық та, бай да, қарапайым шаруа кісілер де келіп қонақ болды. Бөліп-жарып алалаанымыз жоқ, барымызды дастарханға қойып, шамамыз келгенше сыбағаларын беріп, күттік. Аллаға шүкір, ата-енелерімізді ренжітпей, сыйлап, құрметтеп жағдайын жасадық. Жас келіп қайтқан екі атамызды, екі енемізді арулап, шығарып салдық, қайныларымыз үйлендірдік. Отбасымыз аман, балалар өсіп-жетілді, түгел аяқтанды. Бүгін балалардың рақатын көріп, немере сүйіп, бақытты өмір сүріп жатырмыз. Аллаға сансыз шүкіршілік етемін.
Иә, бұл әңгімені тыңдап болған соң, осы отбасы туралы аталарымыздың, әкемнің айтқан сөзі есіме түсті. «Бұл әулетті біздің руымыз ҮЛКЕН АУЫЛ деп атайды. Үйленген ұлдың тойынан бұл ауылға арнап кит, шапан, сыбаға, ұзатылған қыздың қалыңынан да беріліп отырады. Арғы бабамыз Кедейұлы Пұсырманның 30 ұлы болған. Бай, малды кісі болған. Аллаға шүкір, сол отыз ұлдан тараған ұрпақ қазір бір рулы елдің санындай болды. Бұл әулет Пұсырман атамның ең кенжесінің ұрпақтары. Құт дарып, бақ қонған Пұсырман атамның ҚАРАШАҢЫРАҒЫ МЕН ҚАРА ҚАЗАНЫ ұрпақтан ұрпаққа жалғасып, осы әулетте сақталып келеді. Бұл әулетке несібені Алла қазанына берген»
Иә, жаратқан пендесіне Жаратушы ием бақ пен абыройды, ырзық-несібені тб қайырымды, жақсы бір іс-әрекетіне қарай; Біреудің тіліне, біреудің жылы қабағына, біреудің дасарханына, біреудің қара қазанына, біреудің қиналған жанға берген көмегі мен қайыр-садақасына, тб береді екен.
АЛЛА ҚАЗАҚТЫҢ ЫРЗЫҚ-НЕСІБЕСІНЕН АЙЫРМАСЫН, ҚАРА ҚАЗАНЫНЫҢ ҚАЙЫРЫН БАЙЛАМАСЫН.
Оңдасын Оразов