Қарағандыда  кеншілер ереуілге шықты

«АрселорМиттал Теміртау» компаниясы баспасөз қызметінің өкілі Татьяна Багамолова: «Қарағандыда «АрселорМиттал Теміртау» компаниясына тиесілі шахталардың жұмыскерлері ереуіл ұйымдастырды. Осы оқиғаға қатысты компания:

«Қазіргі уақытта төрт шахтадағы кеншілерінің бір бөлігі, нақтырақ айтқанда 200-ге тарта адам түнгі ауысымдағы жұмыстарынан кейін жер үстіне көтерілмеген. Аталған акция рұқсат етілмеген болып табылады. Себебі, кеншілер тарапынан шахта басшылығына, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның әкімшілігіне ешқандай ресми талаптар қойылмаған.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағы тарапанынан ешқандай өтініш түспеген. Қалған шахталар штаттық режимде жұмыс істеп тұр»,— деп мәлімдеме жасады. Ал, Қарағанды облысы әкімдігі баспасөз қазметінің басшысы Әлия Сыздықова болса: «11-і желтоқсан күні «АрселорМиттал Теміртау» көмір департаментінің төрт шахтасының кеншілері ауысым аяқталғаннан кейін жұмыс орындарынан кетуден бас тартқан.

Қазіргі уақытта компания басшылығы мен жұмыскерлердің мүддесін қорғайтын «Қорғау» көміршілер кәсіподағы арасында еңбек заңнамасына сәйкес диалог жүргізіліп жатыр. Қалған кеніштер штаттық режимде жұмыс істеп тұр Қазіргі уақытта жағдай Қарағанды облысы әкімдігінің бақылауында»,— деп хабарлайды. Еске салсақ, 30-ы қараша күні Қарағанды облысының Сәтбаев қаласында «Қазақмыс» корпорациясының кеншілері де митинг ұйымдастырып, бір тәуліктен астам уақыт бойы шахта жұмысы тоқтатылған болатын. Кеншілер компания басшылығынан жалақыларын көтеруді талап еткен.