Қалыңдықтың гүл лақтыруы дұрыс па?

Бауыржан атамыздың келіні, салт-дәстүрді насихаттаушы, бірнеше кітаптардың авторы Зейнеп Ахметованың салт-дәстүрімізге байланысты алдағы уақытта ғибратты әңгімелерін жиі беріп тұрамыз.

Қазір қызды шығарып салар кезде бір топ қыз қалыңдықтың артына тұрады. Сөйтіп тұрудың өзі қазақтың қыздарына өте ыңғайсыз. Байсырап бара жатқандай, үлкен-кіші, әке-шешеңнің көзінше гүлге таласу ерсі көрінеді. Күйеуге тиетініңді елдің бәрі біледі ғой, бірақ олай жария ғып керегі жоқ. Ана гүлді лақтырған сәтте бәрі улап-шулап, осы қазір күйеуге шығып кетердей айғайлайды. Бірақ қазақтың салтында ұзатылар қыз гүл емес, тақиясындағы үкісін кейінгі жақын сіңлілеріне бөліп беріп кетеді. Неге осыны тойда жасамасқа?..

Қырық күннің қасиеті туралы не білеміз?

Қазақта «Алтын — сәндікке, күміс — емдікке» деп айтады. Қазақ күмісті көп пайдаланған. Өйткені күмістің қасиеті көп. Баланы қырқынан шығарар кезде күміс сала-тын себебі, біріншіден, судың күшін күшейтеді, екіншіден, залалсыздандырады. Ұлдарға да, қыздарға да күміс сала береді. Ал суға ақша салуға болмайды. Ақша өте былғанышты нәрсе, оны қанша жуғанмен, бойында энергия қалып қояды. Сондай-ақ, баланы қырқынан шығару кезінде жаман әдет пайда болыпты. Оңтүстік жақта баланы 20 күн толғанда шығарады екен. Бұл не сұмдық десем, біз күн мен түнді есептейміз дейді. «Жарайды, онда күн мен түнді есепте де, әйеліңе 4,5 айда бала туғызып ал», — дедім. Расында ғой. Қырқынан шығарды деген жырларда да, ертегілерде де кездеседі. Ал 20 күнде қырқынан шығарды деген жоқ. Қазақ деген сұмдық данышпан халық болған. Қырық күннің қасиетін қазақ атам ерте заманнан білді.

 

Жұлдыз Әбіл