Қаласы бірдің – құндылығы ортақ

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың өңірлерді дамыту бағытындағы облыс және қала әкімдеріне жүктеген тапсырмасында халықтың әлеуметтік ахуалын жақсарту мәселесіне ерекше маңыз берілген болатын.

Бұл орайда, Талас ауданы Қаратау қаласында елеулі істер еңсеріліп келеді.
Басты міндет – халықтың тұрмыс сапасын арттыру, өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалын жақсарту.
Болашаққа сенімді көз тастаған, кемел келешекке көш бастаған, қарт Қаратаудың сілемдерін бойлай орналасқан ажары ашық, жері бай, халқы қонақжай, әсем қаламыз жылдан-жылға қанатын кеңге жайып, жаңарып, жасарып, сәні мен салтанаты келіскен, бүгінгі заманға сай келбетке ие болуда.

Қала халқының айнымас бірлігінің, тынымды тірлігінің арқасында экономикасы қарыштап дамыған, әлеуеті артқан шаһарлардың біріне айналатын болады.
Біз баршамыз аймағымыздың тағылымды тарихымен, дәстүрімен, сүйікті қаламыздың көркем келбетімен мақтанамыз.
Міне осы орайда, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Жолдауында 2025 жылға дейін жергілікті жолдардың кемінде 95 пайызын жақсарту жөнінде Үкіметке тапсырма бергені белгілі.
Бұл жұмыстар Қаратауда да тиісті деңгейде атқарылуда.
Нақтырақ атап өтсек, күні кеше Қаратау қаласындағы Молдағұлова көшесіндегі 53 үй мен 41 үйдің арасындағы жаяу жүргіншілер жолына брусчатка төселді, түнгі жарықшамдар орнатылды.
Өйткені бұл жерде балабақша мен балалар жасөспірімдер орталығы орналасқан. Күннің ылғалды және жаңбырлы күндері балалардың сабаққа, балабақшаға баруы қиынға соғып, олардың киімдері бүлінетін еді.
Лайлы суды кешпесін, таза жолмен жүрсін деген мақсатта бүгінгі таңда осындай істер атқарылды.
Содан соң, Молдағұлова көшесіндегі 55 үйдің алдында ескі күркелерді шатырлап, орындықтар орналастырып, жазғы мезгілде төбеден күн өтпесін, қысқы, күзгі мезгілде ықтасын болсын деген мақсатта тұрғындарға таза ауада демалатын жағдайлар қарастырылды.
Ендігі мақсат – осы қарқынды бәсеңдетпей, ондағы халыққа ыңғайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру.
Бір сөзбен айтқанда, Қаратау қаласын дамыту — ең маңызды мәселенің бірі. Ал, оның іске асырылуы қаланың жаңа тынысын ашып, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға үлкен септігін тигізетіні анық.

Дархан Баймбетов, Қаратау қаласының әкімі