Қала тазалығы баршаға ортақ

Тараз қаласының әкімі Бақытжан Орынбековтің төрағалығымен өткен кезекті аппараттық кеңесте қазына қаржысының ағымдағы жылдың 1 наурызына болжамды орындалуы мен қаңтар айының әлеуметтік-экономикалық дамуы қаралды. Сондай-ақ Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауға арналған желілік кестенің жүзеге асуы мен көктемгі тазалық жұмыстарына дайындық барысы пысықталды.

Ең әуелі сөз алған Тараз қаласы әкімдігі қаржы бөлімі басшысының міндетін атқарушы Абылайхан Умирбаевтың сөзіне сүйенсек, биылғы 1 наурызға қала бюджетінің кіріс бөлігінің болжамды орындалуы 160,5 пайызды құрап, 5 295,8 миллион теңгені құраған. Бұл жоспардың 1996,3 миллион теңгеге артық орындалатынын көрсетеді.
Аппараттық кеңесте 19 наурызда өтетін Парламент Мәжілісі және мәслихат депутаттарын кезектен тыс сайлауын кеңінен насихаттау жұмыстары жайында қала әкімдігі ішкі саясат бөлімінің басшысы Ұлана Сламбекова баян етті. Оның сөзіне сүйенсек, кестеге сәйкес, қалада 254 іс-шара ұйымдастырып, 20 424 адамды қамту көзделуде. Ал желілік кестенің өзі 4 кезеңнен тұрмақ. Атап айтсақ, дайындық кезеңі, жұмылдыру кезеңі, үгіт-насихат кезеңі және сайлаудан кейінгі кезең. Қазір үгіт-насихат кезеңі бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Басқосуда қаралған өзекті мәселенің бірі – көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы. Қала әкімдігі ауыл шаруа- шылығы бөлімінің басшысы Жанболат Таңатаровтың айтуынша, шаһар аумағында өсімдік шаруашылығымен айналысатын 42 шаруа қожалығы бар. Олар өткен жылы 460,58 гектар жерге түрлі жеміс дақылдарын егіп, 17 654 тонна өнім жинаған. Ал биылғы жылға шаруа қожалықтары тарапынан 419,65 гектар жерге егін егу жоспарлануда.
Өз кезегінде қала әкімі Бақытжан Орынбеков көктемгі дала жұмыстарының маңыздылығын баса айтып, тек ауыл шаруашылығы саласында ғана емес, шаһар тазалығы, арық-атыздарды қоқыстан арылту, саябақтар мен скверлерді күл-қоқыстан тазалау жұмыстарының да жүйелі жүргізілуі қажеттігін ескертті. Ол үшін көктем шыға қалада екі айлық тазалық жұмыстары жанданбақ. Және бұл жұмыстарға қала тұрғындарын белсенді жұмылдырып, тазалық табалдырықтан басталатынын халыққа жіті түсіндіру жауапты мамандарға тапсырылды.

Саян Тілеужан