Қайсысының еті, қайсысының жұмыртқасы тәтті?

Ауылдық жердің тұрғындарының жекеменшік қосалқы шаруашылықтарында ет пен сүт өндіруді, оның ішінде құстың еті мен жұмыртқасын, онан әрі өсіруге зор мүмкіншіліктер бар екенін көпжылдық жинақталған тәжірибелер анықтап отыр. Бұл ретте ірі өнеркәсіптік құс шаруашылығы кәсіпорындарының интенсивті дамуы жекеменшік қосалқы шаруашылықтардың осы саладағы құс еті мен жұмыртқасын өндірудегі айтарлықтай үлесін төмендете алмайтынын атап өткен жөн. Бұл жағдайда құс өсіруші ауылдық жердің тұрғындары өздерінің құс өнімдеріне деген сұранысын қанағаттандыра отырып, оның біраз бөлігін базарға шығарып сатады, яғни бұның республикадағы азық-түлік қорын толтыруда үлкен маңыздылығы бар екенін атап өткен жөн.

Құс етін өндірудің айналасында су құстарының шаруашылығы мал шаруашылығында жоғары өнімді сала болып есептеледі. Қазіргі суда жүзетін үй құстарын көне замандардан бері ет пен жұмыртқа алу үшін, кейіннен қауырсын мен мамық, ал соңғы екіүш жүзжылдықтарда бордақыланған қаздардың майлы бауырын алу үшін өсіріледі. Қазіргі уақытта дүниежүзілік нарықта суда жүзетін құстардан алынатын өнімдердің жалпы өндіріс көлемі жылдан-жылға ұлғаюда. Көптеген елдерде суда жүзетін үй құстарының майы баяғыдан кейбір дәстүрлі мерекелерде айтулы тағам, жеңсік ас ретінде есептеледі. Құс майы шикізаттың бағалы бөлігі ретінде сою пункттерінен әрі қарай аспаздық мақсаттарға немесе консерві мен фармацевтика өндірістеріне жөнелтіледі. Қаз майында холестерин өте аз, сонымен қатар онда  құрамында ем-дәмдік және тез сіңімді қасиеттері бар май қышқылдары баршылық. Қаз майы консерві мен кондитер өндірістерінде, аспаздықта, косметика мен фармакологияда кеңінен қолданылады.

Суда жүзуші үй құстарынан тірілей және сою пунктінде ұшаларды өңдеуде алынған қауырсыны мен мамығы көрпе-жастық, төсектер, балалар және спорттық киімдер дайындауға пайдаланылады. Қазақстанның климаттық жағдайлары оның барлық түкпірлерінде де үй шаруашылығында ауыл шаруашылығы құстарын өсіруге мүмкіндік береді. Алайда құстың қандай да бір түрін өсіру үшін олардың биологиялық ерекшеліктеріне сәйкес келетін қосымша жағдайларды есепке алып отырған жөн. Мысалы, үйректерді семірту жануар және өсімдік текті қоректері мол табиғи су көздерінде өте тиімді. Ал қаздарды болса қоректілігі жағынан жұтаңдау, бірақ айналасында оты мол жайылымдары бар суларда өсіру пайдалы. Бұл қаздарды қысқа мерзімде аз шығынмен өсіруге мүмкіндік береді, өйткені олар көктемгі-жазғы жайылымдарда және күзде егін аңыздарында жемазықтарды қажетсінбейді.

Көптеген әуесқой құс өсірушілер құстан мол ет пен жұмыртқа өнімдерін алу үшін асылтұқымды құс басын иелену, құрғақ та жылы және желдетіліп тұратын қораларда ұстау, жасанды жарықтандыруды қолдану, толыққұнды азықтандыру, кәрі мекиендерді жастарымен уақытында алмастыру керек екенін біледі. Солтүстік Қазақстанның климаттық жағдайы үй шаруашылығында ауыл шаруашылығы құстарының бүкіл түрін, әсіресе суда жүзетін үй құстарын, өсіруге өте қолайлы. Бұл жағдайда алынатын өнімдердің арзандылығы қолжетімді табиғи жағдайда өсіріп азықтандыру (жағаларында оты мол табиғи су айдындары) және азық шығындарының аздығы (бау-бақша, асханадан ас-су, жергілікті өңдеуші өнеркәсіп қалдықтары) арқылы жүзеге асады. Солтүстік аймақтағы ауыл тұрғындарының үй шаруашылықтарында қаз бен үйрек өсіру кеңінен орын алған. Қазіргі уақытта үй шаруашылықтарында итальяндық ақ қаздар тұқымы көп таралған. Солтүстік аймақтың үй шаруашылығында негізінен пекин тұқымының етті үйректері өсіріледі. Бұл тұқым балапандарының тез жетілгіштігі, өміршеңдігімен, жақсы жұмыртқалағыштығы және жұмыртқаларының үздік сапалылығымен ерекшеленеді. Пекин үйректері төзімді  болып келеді, қатты суықтарды жақсы көтереді. Сонымен қатар Солтүстік Қазақстан мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты мен Бескөл құс фабрикасы ұжымдарының бірлесе жұмыс жасауының арқасында отандық «Бескөл түрлі-түсті» үйректері тұқымы мен екі ізді «Қызылжар» кроссы шығарылды. Бұл үйректер осы уақытта еліміздің түкпір-түкпірінде зор сұранысқа ие болуда.

Етінің жоғары сапалылығына қарай үй жағдайында өсіруге мускустық үйректерді кеңінен қолдануға болады. Қазіргі уақытта бұл құстарға деген қызығушылық олардың етінде майдың аз болып, тағамдық және дәмділік қасиеттерінің жоғары болуында жатыр. Мускустық үйректердің аталық желілері негізінен басқа жұмыртқалағыш үйрек тұқымдарымен будандастырылған кезде қолданылады. Осындай будандастырудан алынған түраралық мулардтар еттерінің өте жоғары сапалылығы арқасында халықтың оларға деген зор сұранысына ие болып отыр. Қорыта айтқанда, суда жүзетін үй құстарын үй шаруашылығында кеңінен өсіру елімізде құс етін өндіруді тез ұлғайтуға өз үлесін қоса отырып ауыл жұртына адамға пайдалы толыққұнды экологиялық таза өнімдерді алуда үлкен демеу болады.

Ақан Жұнысов,

ауыл шаруашылығы

ғылымдарының кандидаты,

М.Қозыбаев атындағы Солтүстік Қазақстан мемлекеттік университеті