Құрылтай және Несіпбектің зары

Қазақстан Жазушылар одағының 12 ақпанда өткен ҮІ Пленумы мен кешегі кезекті ХҮ Құрылтайында Нұрлан Оразалин нысанаға алынып бірқыдыру сындар айтылды. Орындысы да, орынсызы да бар. Қазақ жазушылары – ұлттың ар-ұяты. Сондықтан да шоқтықты деген қаламгерлеріміздің ішкі мәдениетінің төмендігі, одақ жұмысының шеңберінен асып жеке басқа тиісу сияқты көргенсіздіктері қарын ашырды. Диванда жатып айқайлауға бәріміз батырмыз. Топтық мүдде үшін қағаздарға қол қойдыртудан басқа жазушылардың өздері өткір қоғамдық мәселелер бойынша ашық хаттар, үндеулер ұйымдастырып, Одақ тарапынан қолдау сұраған кезі бар ма? Бәрін одаққа жаба беру мүлде жөнсіз бе деймін.

Авторитарлық режимдегі мемлекетте тек мемлекеттік қана емес күллі шығармашылық ұйымдар биліктің үнсіз сұсы сызған шеңберінен шығып кете алмайды. Жазушылар одағы елдегі жетекші ақпарат құралдары тәрізді билікке құқықтық, қаржылық, контенттік тұрғыдан тәуелді. Сондықтан Одақты бұрын басқарған Нұрлан Оразалин де, шынын айтқанда қазіргі төраға Ұлықбек Есдәулет ініміз де шылбырды үзіп кете алмасы анық. Төраға ауысса болды барлық проблем өзінен өзі шешіледі деу ақылға сыймайды.

Біз Қазақ жазушылары ұлттық мемлекетімізді нығайтуға, ұлттық құндылықтарымызды әспеттеуге, өмір шындығын саясатсыз шынайы суреттеуге, шығармаларының кең таралуына, ол үшін мемлекеттің қолдауына, демократиялық құндылықтардың тереңдеуіне, қазақ халқының да, қазақ жазушыларының да өзіндік құқықтық мәртебесі болуына мұқтажбыз. Бірақ «аузы қисықтарға» салқын ойлы сарапшы қаламгерден гөрі алақан жайған сұрамсақтар ыңғайлы. Сондықтан таяу арада одақ тарапынан сұрапыл серпілістер болмасы анық. Жазушылардың бойындағы кеңестік кезеңнен қалған құлдық психология да жойылып біткен жоқ.

Ауызбіршіліктен гөрі алауыздықтың жетегінде жүрміз. Оның ішкі де, сыртқы себептері бар. Жалпы қазақ жазушыларының ауызбіршілігі «кейбіреулерге» өте ұнамайды, өйткені қаламгерлер біріксе ұлттың көкейтесті: Жер, Ел, Тіл мәселелері бірінші планға шығып кетеді. Ал топқа бөлініп, өзара қырқысып, бірін бірі езгілеп жатса пендешілік мінездерден ұлттық мәселелер кейінге ысырылып қалады. Оларға керегі де осы.

Сондықтан да Несіпбектің:
Ауылын пенделіктің жағаламай,
Басына бір төбенің жиналсаңшы,
Аңдаздап, әр бұтаны сағаламай.
Түбінен бір жүректің табылсаңшы,
Бауырды бөліп-жарып алаламай.
Әттең, ағалар-ай! Ағалар-ай! – деген зары аса бір өзекті болып тұр-ау.
Пендешіліктен биік болсақ қайтеді, ағайын!?