Құқық бұзған жасөспірімдердің көбі — ауқатты отбасының балалары

Астана қаласының прокуратурасы жасөспірімдер қылмысының алдын алуды жаңғырту жобасының нәтижелеріне арналған жиналыста Астана қалалық прокуратурасы өкілдері: «Біздің ведомство елорданың жасөспірімдер арасындағы қылмыстық статистикасына талдау жүргізді.

Зерттеу барысында кәмелеттік жасқа толмаған құқық бұзушылардың басым бөлігінің ауқатты отбасынан шыққаны анықталды.  2016 жылы астаналық жасөспірімдер 206 қылмыс жасаған. Бұл 2014-2015 жылы тіркелген көрсеткіштерден екі есеге көп. Жасөспірімдер арасында кең тараған құқық бұзушылық — ұрлық. Бір қызығы, құқық бұзған 206 баланың 149-ы ауқатты отбасының балалары, қалған 25-і — әлеуметтік жағдайы төмен отбасынан шыққан.

Сондай-ақ, 8 баланың ғана ата-анасы жұмыссыз»,— деп хабарлады. Сондай-ақ, Астана қаласының прокуратурасы жасөспірімдер қылмысын төмендету үшін биылғы оқу жылында іске қосылған «Жасөспірімдер арасындағы қылмыстың алдын алуды жаңарту» әлеуметтік жобасының алғашқы қорытындысын жариялады. Астана прокурорының аға көмекшісі Дана Мулакова: «Жасөспірімдер қылмысы мәселесі кез келген қоғамды алаңдатады.

Қала әкімдігімен, білім беру орындарымен және ішкі істер департаментімен бірлесе жұмыс істеген 4 айда елеулі нәтижелерге қол жеткіздік. Жасөспірімдер қылмысы 36 пайызға, әкімшілік құқық бұзушылықтар саны 11 пайызға, ювеналды полиция есебінде тұрған кәмелетке толмағандар саны 25 пайызға азайды. Маусымдық каникулда балалар құқық қорғау органдары академиясында білім алды, прокурор, полицей жұмысымен танысты, еліміздің танымал футболшыларының қатысуымен өткен достық турнирлерге қатысты.

Аталған жоба аясында астаналық мектеп оқушыларына өзін-өзі басқару мүмкіндіктері беріліп, әр мектептің өз министрлері тағайындалды. Аталған жоба биылғы оқу жылының соңына дейін жалғасады»,— деп мәлімдеді.