Ғибрат пен тағылымды «Мөлдір бұлақтан» оқи аласыңдар, балалар!

Республикамыздың ауылдары мен қалаларында тұратын біздің кішкентай достарымыз!
Сүйіп оқитын досың «Мөлдір бұлақ» журналының 2018 жылдың қаңтар айындағы 1-нөмірі сендерге жол тартты.
Журналдың мұқабасына Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті-Елбасының «АТАМЕКЕН» тарихи-мәдени орталығы алдында фотоға түскен Қарасай ауданының оқушылары басылған. Журналдың 4-бетінде «Ұстаз шәкіртімен бай» атты мақалада қарасайлық оқушылардың оқу-білімдегі жетістіктері сөз болады.
Жаңа жылдық аналық ақ тілекті «Қазақстан-ZAMAN» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызының «Айналайын, кішкентай достарым, мен сендерге сенемін!» деген бір беттік құттықтауы жарияланды. Достарымызға деген аналық ақ тілегінде:
— Өмірдің нәрі де, мәні де бала! Баланың сыңғырлаған күлкісінен, уайымсыз-қамсыз жүрісінен артық бақыт бар дегенге кім сенеді? Кез келген дамыған елдің деңгейі баланың шат-шадыман еркелігімен өлшенеді. Балалары бақытты ел ғана бақытты. Құдайға шүкір, бізде мамыражай заман. Бәрі бар. Таршылық көріп жылаған сәби жоқ. Дүниеде ешбір қазына баламен теңестірілмейді. «Бар жақсылық — балаға» деген қағиданың ертеден бүгінге дейін жалғасып келе жатқаны да соның бір дәлелі! — деп айта келе оларға үлкен жауапкершілік артып, сенім білдіретінін айтады.
— Сөз соңында айтарым: Сендер алға қойған үлкен мақсатты орындау үшін бойларыңдағы бар қажыр-қайраттарыңды, жігерлеріңді білімге жұмсауларың қажет. Өйткені, аға буын қашанда болашағының жарқын, ертеңінің сенімді қолда болғанын қалайды. Мағжан ақын айтпақшы, «Мен жастарға сенемін!», яғни балаларым, кішкентай достарым, сендерге сенемін!
Балғын ұрпақ, қадірлі балалар! Келешекте қадамдарың нық, жолдарың ашық, жүректерің нұрлы, ниеттерің ақ, пейілдерің кең болғай! Биылғы жаңа жылда сендерге зор денсаулық, қажымас қайрат тілеймін, — дейді.
Басылымды парақтай отыра, Доспол бидің даналық сөздері, достарыңның жазған балғын өлеңдері, шығармаларымен танысасыңдар.
Ең басты сендерді қызықтыратыны, «Армандарым қанат қаққанда» атты екі тілде жарияланған бәйге. Бәйгеге қатыс, өзің қатысып қана қоймай, достарың да журналмен дос болсын деген ниетпен оларға әңгімелеп бер.
Жаныңа жақын танымдық дүниелерді қызыға оқи отыра, жазушы Төкен Әлжантегінің «Жайлау қызықтары» атты әңгімесінің қызықтарына батасың. 4-8 сыныптарға арналған тұрақты жарияланатын тест сұрақтары сенің ең сенімді көмекшің!
«Үш тұғырлы тіл» бүгін білім саласында ең маңызды болып отыр. Журналың саған үш тілде еркін сөйлеп үйренсін деп 31-бетті ұсындық.

Бәйгеге қатысыңыздар! Құрметті ата-ана!
Ұл-қызыңыз бәйгеге қатысып, сыйлықтардың біріне ие болуына тілектеспіз.
Барлықтарыңыздың мектепте оқитын ұл-қыздарыңыз бар. “Мөлдір бұлақ” журналында ғибрат пен тағылымға толы дүниелер көп. Соның ішінде балалардың дүниетанымын кеңейтетін тақырыптық бәйгелердің орны ерекше.
Биыл оқырмандарымыз үшін “Армандарым қанат қаққанда” атты бәйге жарияланды. Оның тақырыбы мен шарттарын журналдан оқи аласыздар.
Басылымнан бас алмай оқып, біраз рухтанған соң, басылымның соңғы бетінде құпия суретке үңіл деп отырмыз. Оның жауабын дұрыс тауып, редакциямызға хабарлассаң, аты-жөнің журнал бетіне жазылады.

Ж.Кучукова, Бас редактор,
ҚР Мәдениет қайраткері