Ғасыр жүгін көтерген Назарбаев

Біріккен Ұлттар Ұйымы мінберінен Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың ана тілінде баяндама жасауы бүкіл әлемнің құлағын елең еткізді. Қалың елі қазағын толқытып жіберді. «Тілім — арым» деген ұлдың бұл қадамы бабалар аманатына деген адалдығынан туған жанкештілігі еді. Осы бір өжет ісімен-ақ елдің алғысына бөленіп, келер ұрпақтың мақтанышына айналары даусыз!

Ғасырлар бойына аңсай күткен Тәуелсіздігіміз келгенде, меніңше, толқымаған, тебіренбеген, көзіне жас алмаған қазақ баласы болмаған шығар деп ойлаймын. Уақыт деген жүйрік тұлпарға не дауа?! Кеше ғана алған Тәуелсіздігімізге, мінеки, 25 жыл. Ширек ғасырға жуық уақыттың биігінен өткеннің еншісіне көз жүгіртсек, адам айтса нанғысыз таңғажайып ұлы оқиғалар, жағдайлар, құбылыстар, жаңалықтар өткенін мойындап, еріксіз таңданасың. 25 жылға шегініп, сол кездегі уақыт мінберінен келешекке қарап, «осындай оқиғалар болады» деп кім айтса да нанбас едік.

Иә, алдымен дүние төңкеріліп түсті. Оны біз 180 градус деп әспеттеп жүрміз. Дап-дайын жұмыс, орнықты орташа мұң-мұқтажсыз өмір, алға мұрындық болып жетектеген қызыл идеология — коммунистік партия… Былай қарасаң, бәрі дұп-дұрыс. Дайын жұмыс, пәтерің, үйің, күнкөрісің — бәрі бар. Бірақ бұл нағыз адамға жетімсіз еді. Сонда не жетпейді? Кеңес империясының қатал заңы бойынша сен адамға құл болуың тиіс. Ақиқатын айтсақ, Мәскеуге, оның иесі «ұлы» орысқа басыбайлы құлсың. Аллаға емес, адамға құл болу, бұл — қорлықтың ең жоғары түрі. Сен ештеңе ойламауға тиіссің. Сен үшін Мәскеу ойланады. Сен ең бастысы тоқсың. Аштан өлмейсің. Сонда сенің малдан қай жерің артық? Тәуелсіздігің, ұлттық рухың болмаса, өзіңнің төл мемлекетің, елің болмаса, онда несіне өмір сүресің?! Міне, Тәуелсіздік алғанда осылардың бәрінен шұғыл бас тартып, яғни 180 градусқа бұрылып, жаңаша, мүлдем жаңаша өмір бастауың тиіс болды.

ХАЛЫҚ ТАҢДАУЫ

Халық дағдарды. Қанша тәуелсізбін деп марқайсаң да, жаңа жолды көрсететін көреген көсем қажет еді. Халық, қазақ халқы, бірден Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Болашағын, тағдырын, кең байтақ жерін, бар байлығын, тілін, дінін халық жан жүрегімен осы перзентіне сеніп тапсырды. Патша да ет пен сүйектен жаралған адам. Алланың құлы ол да. Бірақ пенделерден бір айырмашылығы — патша өз жеке басын күйттейтін жай пенде болуға хақысы жоқ. Ол халқының, елінің жағдайын өз жеке басынан жоғары қойғанда ғана нағыз патша. Оның қателесуге де хақысы жоқ. Қателесті ме, халқынан тез арада кешірім сұрап, тез түзеуі тиіс. Әйтпесе құрдымға құлауы оп-оңай!

                                                      %d0%bd%d0%b0%d0%bd-%d1%81%d0%b5%d0%bc%d1%8c%d1%8f  %d0%bd%d0%b0%d0%bd1

Алда қазақ халқының, оның жаңа көсемінің алдында бұрын-соңды жүрмеген Ұлы дала ғана жатыр еді. Жаңа жолды өзің ғана салуың тиіс. Басқа ешкім емес. Себебі өзге мемлекеттердей қазақ халқы да өзіндік төл тілі, діні, салт-дәстүрлері, тарихы бар, дара халық, дара ұлт болатын. Мұндай кезде досың кім, жауың кім, айыра алмайсың. Тәуелсіз Қазақстан күдігі мен күмәні мол тарихи күндерді осылай басынан кеше бастады. Қызыл империя немесе, дәлірек айтсақ, Ресей мемлекеті бөлініп, бәрін тәрк етіп кеткен саған «Мә, сенің еншің!» деп ештеңе бермеді. Қулығына құрық бойламайтын империя Қазақстан жерінде бірде-бір өндіріс орнын салмаған екен. Қолдағы барларының бәрінің негізгі «денесі» Ресейдің жерінде, «аяқ-қолы, басқа мүшелері» ғана Қазақстанда шашырап жатыр. Яғни олардың бізге көк тиындық пайдасы жоқ. Жасанды «уколмен», дотациямен шалқып өмір сүріп жатқан ауылдың да ә дегеннен кеудесінен жаны кете бастады. Жаңа өмірге тәй-тәй басып келген бала мемлекет Қазақстан өз ауылына бұл жағдайды жасай алмады. Иә, тоқсаныншы жылдардағы жап-жас мемлекетке лап берген осындай мұхиттың таудай-таудай толқындарындай асу бермес қиындықтар мен ауыртпалықтар оны жер бетінен жойып жіберуге жетіп артылатын еді. Алайда аты-заты ешкімге белгісіз жас мемлекеттің дүние картасы бетінен пайда бола қалуы және оның Алла тағалам берген ерекшеліктері әлемнің алып алпауыт елдерінің назарларын бірден аударды. Оның ең басты екі ерекшелігі — территориясының үлкендігі мен сол жердің астындағы байлық пен қазынаның молдығы. Алпауыттар көздерінің құртын жеген Қазақ елін тезірек «қамқорлықтарына» алып, иеленгісі келетіні бесенеден белгілі. Олардың бәрінің діттегені әлжуаз кезінде тырп еткізбей дегеніне жүргізу болатын.

Мінеки, нар көтерер ауыр жүк ердің жасы елуге ендей кірген Нұр-ағаның мойнына артылды. Не істеу керек? Неден бастау керек? Еңбекақысын, зейнетақысын ала алмай зар ғып, ұлардай шулаған еліңді қызыл сөзбен қашанғы жұбатарсың? Елін, оның болашағын ойланып, толғанған ұйқысыз өткізген түндері қаншама десеңші!

%d0%bd%d0%b0%d0%bd6

Әрине, Кеңес үкіметі кезінде жастай билікке араласқаны, лауазымды қызметтерде болғаны, яғни жинаған қат-қат тәжірибесі, сондай-ақ алымдылығы, батылдығы, қайсарлығы, сарабдалдығы, біліктілігі осы кезде көмекке келді.

«1984 жылдың 22 наурызында мен Қазақстан Министрлер кеңесінің төрағасы болып тағайындалдым. КСРО-дағы ең жас премьер болып шықтым. Билікке бұлай жақын араласу екіұдай сезімге бөледі. Бір жағынан, өз тәжірибемді Қазақстанның экономикалық ахуалын жақсартуға жұмсағым келеді. Өйткені өмірдің біршама жақсы мектебінен өткен сияқтымын. Екінші жағынан, ашық айтуым керек, билеуші элита мен ел билеудің жаңа қырларын тек сол жылдарда ғана аңғардым».

Нұрсұлтан Назарбаев

Біліктілігі дегенде Құдай берген шешендігі, орысша мен қазақшаға бірдей ағып тұрғандығы, ата-бабаларынан қанымен берілген жадысының мықтылығы кез келген сәтте қиыннан қиыстырып жол тауып кететіндігі. Әрине, бұл қасиеттерге қазақы жайсаң мінез, қара домбыраны бір кісідей игерген өнерпаздығын, бабаларының ғасырлар бойына жинап, мұра етіп жеткізген салт-дәстүрлерін, даналығын көкірек сарайына молынан құйғандығын қосуға әбден болады. Қысқасы, Алла тағалам патша болатын құлын ерекше етіп жаратып, кемінде қырық кісілік ақыл-парасат береді-ау, сірә…

Жаңашылдық

ХХ ғасыр қазақ халқы үшін аса қасіретті ғасыр екенін Нұр-аға жақсы білді. Қызыл империяның қолдан жасаған нәубеттері халқын тұралатып кетті. Аштық, репрессия, соғыс… Одан қалды, Сталиннің жеке бұйрығымен қазақ жеріне әкелінген миллиондаған босқындар. Сондай-ақ, қазақ халқын біржола ассимиляцияға ұшырату үшін елуінші-алпысыншы жылдары Сарыарқаға алып келіп төккен тың игерушілердің легі… Міне, осылардың барлығы қазақты азшылыққа әкелді. Соңғы 20-30 жылдарда ғана аздап есін жиып, көбейді. Бірақ орыстану саясатының құрбанына айналды. Не істеу керек? «Өгізді де өлтірмей, арбаны да сындырмайтын» қай жол ыңғайлы?

«Ал отаршылдықтан босаған елдердің алдындағы таңдау бұдан да көп еді. Социализм бе, жоқ капитализм бе, авторитаризм бе, жоқ жаңашылдық па — қалаған жолыңды таңдап ал. Ол мемлекеттер таңдап алған әр алуан жолдар қайсысының қандай қасиеті барын жіктеп, жіліктеп жатпай-ақ қояйын».

Нұрсұлтан Назарбаев

%d0%bd%d0%b0%d0%bd5

Сан жолдардың тоғысында тұрған халқын қай жолмен бастағанда тиімді болатынын Нұр-аға қатты ойланды. Ата-бабаларының сона-ау арғы тарихына да үңілді. КСРО кезіндегі Мәскеу тек орыстың тарихын ғана миымызға құйыпты-ау. Тарихын ұмыттырып, тілін кесіп, дінін лақтырып тастап, құлақ кесті құл етіп, қара орысқа айналдыра жаздапты-ау. Тәуелсіздігімізді берген Аллаға мың да бір шүкір.

Нұр-аға әу бастан жаңашылдықты жақсы көреді. Оны біз Қазақстанды басқарған жылдарынан жақсы білеміз. Бүкіл әлемді елеңдеткен тұғырлы бастамалар көтеріп, анау-мынау емес, алпауыт мемлекеттер басшыларының өздерін таңқалдырған талай жаңашылдықтары тарихтың еншісіне айналып кеткені халықтың жадында. Нұр-аға жаңашылдықсыз тарихи кешеуілдік кезеңінен ешқашан шыға алмайтынымызды топшылады. Бірақ жағдайға қарап бейімделген жаңашылдық қажет екенін ұққан ол, тиімділік қағидасын жүзеге асыруды мақсат тұтты. «Алыстағы рақат елінен атақты саясатшының ақылдарын оқи отыра, абайсыз шешімнің қантөгіске апаратынын жақсы білгендіктен, «мен ең бір әдемі қисындардан гөрі қарапайым ақылға қонымды істерді әлдеқайда артық санаймын» деген берік тоқтамға Нұр-аға сол бір аласапыран алмағайып тоқсаныншы жылдардың өзінде көз жеткізген. Сол жол дұрыс жол болғандығын кейінгі өміріміз нақты көрсетті.

Иә, ескі құрылыс күйреді, саяси күштер жаңаша бөлінді, жаңа текетірестер пайда болды. Елдің іші қазандай қайнап жатты. Жаңа партиялар дүниеге келді. Тіл майданында да ұлы өзгерістер келді. Қазақ тілі мемлекеттік тіл болды. Халық өз дініне бет бұрды. Әлеуметтік мәселелерде де түп-тұқиянымен төңкерілген өзгерістер қарапайым халықты есеңгіретіп, қалай аштан өлмеудің әрекетінде жүрді. Алыпсатарлық дендеді. Бұрынғы «алыпсатарлар», «саудагерлер» енді 180 градусқа бұрылып, «коммерсанттар», «бизнесмендер» деп, құрметпен аталатын болды. Жұмыссыздық елді діңкелетті. Күнкөріссіз қалған бұқара қалаға ағылды. Тіптен, тұтас көштер қалаларға келіп қоныстанды. Зейнетақы уақытында берілмеді. Міне, мұның бәрін бір арнаға түсіру, елдің әлеуметтік жағдайын қалыпқа келтіруге Президентіміз бар күшін сарп етті. Дегбірсізденген, шыдамсыздық танытқан халық жер-жерде наразылық шерулеріне де шықты.

«Ештеңе де бірден жеміс бермейді. Көптеген адамдар өзгерістердің өте баяу жүріп жатқанына қынжылады. Оны халқымыздың бойкүйездігінен көреді. Тіпті біздің халқымыз демократияға лайық емес, ол оны бәрібір түсінбейді деушілер де бар. Бірақ мен бұл сияқты сарыуайымшылдардан былай деп сұрар ем: бұл өзгерістерді біз кім үшін жасап жатырмыз? Оны кім жүзеге асыруы керек? Неге халық реформаның белсенді жақтаушысы болмайды?»

Нұрсұлтан Назарбаев

Бұл болып жатқан дүрлігістер, оқиғалар, жаңа-лықтар, кереғарлықтар табиғат-ананың көктемдегі тасқынын көзге елестетеді. Бұрқ-сарқ қайнап аққан өзеннің суымен небір шөп-шаламдар, қоқыстар ағып кетеді емес пе? Жазғытұры бәрі қалпына түсіп, жайбарақат өмір келмей ме? Нұр-аға халқының жарқын болашақты күтетінін, яғни күдік пен сенім қабаттасқан алмағайып заманның күндердің күнінде жақсы заманға ауысатынын көрегендікпен се-зінгенін бағамдауға болады. Сенім — ең үлкен, ең зор күш. Бірақ «өйтеміз, бүйтеміз» деп халықты алдауға болмайтынын Президент алдына асыл мұрат етіп қойды. Мысалы, Н.Хрущев: «1980 жылы біз коммунизмде өмір сүреміз!» — деп ұрандатты. Л.Брежнев: «Біз кемелденген социализмде өмір сүріп жатырмыз», — деп соқты. М.Горбачев: «2000 жылы әр отбасы өз алдына пәтерге ие болады», — деп данышпансыды. 1990 жылы КСРО сол данышпандар-дың болжауынша, Америкадан, Жапониядан, Германиядан озатын еді. Ол уәделердің уақыт дауылына ұшырағанын жақсы білеміз.

%d0%bd%d0%b0%d0%bd7

Реформалар және сабыр

Нарық реформасы алғашқыда жабайы түрде жүрді. Әрине, бұл жөнінде нағыз саясатшы болу керек екенін Нұрекең жақсы ұғынды. Ол нағыз саясатшыға мынадай үш қасиет қажеттігіне көзі жетті. 1) Теориялық дайындық. 2) Экономикалық қызмет тәжірибесі. 3) Қабылданған шешімнің орындалуына жауапкершілік. Саяси қайраткер ел көшбасшысы ретінде кеңесшілерінің де айтқандарына толық құлақ аса бермей, өзі де осы заманғы қоғамдық теорияны, ұсынылып отырған реформаның барлық егжей-тегжейін жетік білуі қажет. Өмір толассыз өтіп жатыр: бір кездегі білгені аздық ететіндігін Нұр-аға кемеңгерлікпен сезініп, биліктен қолы қалт еткенде үнемі оқитын, білімін байытатын. Тек оқып-тоқып қана қоймай, сарабдалдықпен ол білімін қолдануға тырысатын. Жас кезінде оқығаны, әсіресе рухани жағынан байытқан әдеби кітаптарды оқығанының көп пайдасы тиді. Әсіресе биліктің шыңында жүргенде де Абайдың кітабын жанынан тастамайтын.

Уақыт өткен сайын өзінің ойлары жемісін беріп жатқанын көргенде қуанышқа бөленіп, шаттанатын. Нұр-ағаның Құдай берген тамаша қасиеті — сабырлылық. Ол өмірдегі болып жатқан жаманды-жақсылы оқиғаларға сабырлылықпен қарауды үйренді. Қазақ ұлты және 130-ға жуық этностар тағдыры. Оларды келісімге әкеліп, олардың мақсат-мүдделерін бір арнаға салу ең ауыр жұмыс еді.
Мысалы, мемлекеттік машинаны әркім әрқалай түсінеді. Біздің жауларымыз оның үнемі жаман жақтарын жария етіп, қалың бұқараның жеккөрушілік сезімін тудыруға тырысады. Нұр-ағаның ойынша, мемлекеттік машина мешел халге түссе, ескі үрдісті қирата салу бөліне жарылушылықтың, аймақшылдықтың, рушылдықтың, діни және ұлттық өшпенділіктің, қылмыстың қаулап өсуіне қолайлы жағдай туғызатындығына сенімі кәміл. Тарихта ондай мысалдар жетерлік. Мұндай жағдайда мемлекеттік аппарат орнықтылықтың бірден-бір кепілі болып табылады.

%d0%bd%d0%b0%d0%bd4

Мемлекеттің рәміздерінің бәрі орын-орнына орнықты. Әнұран, ту, елтаңба дейсің бе, барлығы-барлығы орнына келді. Нұр-ағаны сол кезде мазасыздандырып, екіұдай ойға түсірген маңызды мәселе — ұлттық валюта. Рас, алғашқыда ол «рубль-аймағын» сақтауға тырысқанын кейін ашық жазды. Бірақ сол ойда жүріп-ақ 1992 жылы ұлттық ақша шығаруға құпия түрде дайындық жасай бастаған. Қай ақшаға тоқтау жөнінде Ресеймен арада небір оқиғалар өткен. Ақырында өз ұлттық валютамызға тоқталды.

«Біз өз ақшамызды қалай атау керектігі жайында да көп дауластық. Маған «алтын» деген атау ұнады. ТМД халықтарының бәріне де түсінікті. Түркі тілдерінде де, славян тілдерінде де бар сөз. Қазір батыстағы экю сияқты, ТМД елдерінің айырбас валютасына «алтын» деген атау ұсынар едік. Ақырында «теңгеге» тоқталдық».

Нұрсұлтан Назарбаев

Ұрпақ тәрбиесі басты мәселе екенін қай ел басшысы да жақсы біледі. Кеңес өкіметі кезінде 700 қазақ мектебі жабылғанын қынжыла айтқан кезіміз болды. Енді ол мәселе жойылды. Қазақ мектептері, балабақшалары мың-мыңдап дүниеге келе бастады. Ертегідегі сияқты ғажайып мектеп, балабақша ғимараттары бой көтерді. Елбасымыздың бастамасымен «100 мектеп», «100 аурухана» бағдарламасы дүниеге келуі зор бетбұрыс болды. Тағы да бір Президенттің «Болашақ халықаралық стипендиясының» негізі 1995 жылы қаланды. Нұр-аға «Болашақ» бағдарламасының қол жеткізген табыстары негізінде шетелде оқитын қазақстандық студенттеріміздің білім алуын қамтамасыз ететін ұзақ мерзімді бағдарламаларды жүзеге асыру мәселесіне ден қойып қана қоймай, оны батыл түрде өмірге әкелді. Қазір «Болашақтың» балалары билікке келіп, нәтижесін бере бастады.

%d0%bd%d0%b0%d0%bd3

Екінші дүниежүзілік соғыстың зардабын ең көп көрген елдердің бірі — қазақ жұрты. Осы зұлмат соғыста Қазақ елі еркектерінің тең жартысынан айырылған. Біздің жерімізге соғыс кезінде босқындар көп келді. Мұны айтып жатқанымыз, қазіргі кезде ел-елде, әсіресе араб жерлерінде соғыс ошақтары көбейді. Бейбіт өмірді сақтау ынтымақпен, бірлікпен келеді. Президентіміздің Ассамблеяны құру жөніндегі идеясы да кемеңгер бастама дер едім. Меніңше, жергілікті этностарымыз Елбасымыздың бұл бастамасы мен сеніміне зор құрметпен қарап, отаншылдық сезімдерін күшейте беру керек. Менің тағы бір айтайын дегенім, біздің елімізден ядролық қаруды аластау идеясын жүзеге асырған Нұр-ағадан, біздің елімізден әлем үлгі алуы тиіс. Жер шары — ортақ үйіміз. Шаңырағымыз бір күнде қирап, бүкіл адамзат бір ақымақтың кесірінен жойылып кетуі әбден мүмкін.

«Біз ертең достастықтың, Ресей басшылығының не болатынын білмейміз. Ендеше, АҚШ бізден, Индиядан, Пәкстаннан талап еткенін (ядролық қаруларды таратпау жөніндегі келісімшартқа қалай да қол қоюды) олардан неге талап етпейді? Неге Англия мен Франция отыз жыл бойына ядролық қару таратпау режиміне қосылмай келеді? Неге мұндай қысым тек Қазақстанға ғана жасалады? Бұл әдепке сия ма?»

Нұрсұлтан Назарбаев
(«Вашингтон пост» газетінен)

«Еуразия» одағының өмірге келуіне де мұрындық болған — Нұрсұлтан Назарбаев. 1994 жылы Мәскеудің Ломоносов атындағы университетінде лекция оқыған кезде сол одақты қалыптастыру жайында Нұрсұлтан Назарбаев егжей-тегжейлі түсіндіреді. Сол бойда-ақ бір топ ғалымдар бұл ұсынысты қызу қолдады. Демократиялық реформалардың халықаралық қозғалысы ТМД мемлекеттері басшыларының Мәскеу кездесуінде «Еуразия одағы болуы керек» деген үндеуі жарияланды. Араға біраз жылдар салып «ЕО» дүниеге келді. Алғашқы кезде де, қазір де сын айтылып жүр. Бірақ қалай болғанда да, бұл — жақсы бастама. Ел қауіпсіздігі мен берекесінің сақталуына үлес қосып жатса, неге оны дұрыс демеске?!

%d0%bd%d0%b0%d0%bd2

Тәуекелшіл ұлтымның алдында бас иемін!

Жиырма төрт жыл аз ба, көп пе? Біздіңше, тарих-бабаның алдында өте аз уақыт. Бірақ ғасырға бергісіз уақыт дер едім. Себебі Қазақстанда таңғажайып ұлы істер, кемел өзгерістер жүзеге асты. Соның бірегейі — Сарыарқа төсінде Астана қаласының жұлдыздай жарқырап дүниеге келуі. Бұл да Нұр-ағаңның кемеңгерлігінің бір белгісі. Мақаламыздың басындағы тоқсаныншы жылдардағы кемшіліктер мен келеңсіздіктер қазір келмеске кетті. Халқымыз бай-қуатты. Ала қоржын арқаланған аналарымыз азайды. Шетелдерден миллиондай бауырларымыз келіп, құт әкеліп жатыр. Шекара мәселесі де ойдағыдай шешілді.

Қазір Қазақстанды дана Елбасымыздың арқасында төрткүл әлем таниды. Әлемнің 130 мемлекетімен дипломатиялық қарым-қатынастамыз. Қазақстан ТМД, Еуразиялық экономикалық қауымдастығы, Шанхай ынтымақтастық ұжымы және басқа да әлемдік бірлестіктерге мүше. ЕО мен ЕО үштігі Орталық Азия елдерінің диалогының Астанада өтуінің өзі де көп нәрсені аңғартады. ТМД-да, ЕҚЫҰ-на, Ислам мемлекеттерінің ұйымына төрағалық етуіміздің өзі зор мәртебе емес пе?! Азия мен Тынық мұхит елдері мемлекеттерінің экономикалық және әлеуметтік комиссиясының 62 мемлекеттен 400 делегат қатысқан сессиясының Алматыда болуы да және басқа да халықаралық жиналыстардың біздің елімізде өтуі Қазақстан даңқын бүкіл жер шарына мәшһүр етті. Қытаймен арадағы жобалар да еліміздің игілігі үшін жасалып жатқан шаралар…

«Менің халқым бүкіл ХХ ғасырдың өне бойына өзге халықтардың түстеріне кірсе, шошып оянатындай қорқынышты оқиғаларды бастан кешті. Қанша қиындық көрсе де, абзалдығы мен сабырлылығын басқа халықтарға деген сыйлаушылығын сақтай білген халықты, қазіргідей қиыр-шиыр тарихи сын кезеңде өзім ажырамас бөлшегіне айналып отырған асыл жұртымды, ХХІ ғасыр табалдырығынан аттап, өз талайын тағы бір сынап көргелі отырған тәуекелшіл ұлтымды қалай мақтаныш етпеспін. Қалайша бас имеспін!»

Нұрсұлтан Назарбаев

Бүгін мен Президентім жайлы ана ретінде қысқаша ғана өз пікірімді ортаға салдым. Кіндік қаны тамған атажұртынан тамыр алған, қарапайым ғана отбасыдан шыққан қарадомалақ бала өз еңбегінің, ізденісінің, таудай талап пен асқар арманының, тал бойындағы Алла берген талантының, білімінің, біліктілігінің арқасында әлемге аты белгілі тұлғаға айналуы жөнінде мақала жазуды өзіме парыз санадым. Бұл мақаланың сәтті, сәтсіз шығуы жөнінде төрелігін халқым айта жатар. Қазір Президентіміз дағдарыс және үнемшілдік жайында жиі сөз қозғап жүр. Мен де бұған Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) хадисінде айтылған асыл сөзін келтіре отырып, мақалама нүкте қойғым келеді.

«Үнемшіл болған кісі кедейшілікке ұшырамайды. Үнемделген дүниенің берекесі бар. Үнемдеу, яғни орта жолды ұстау ысырапшылдыққа жол бермейді…»