Ғалымдардың наразылығына не себеп?

Жақында өткізілген ғылыми конкурстардың қорытындысына қатысты ғалымдардың наразылығы және қоғамдық пікірлер кезекті рет мемлекеттік органдарға өз шешімдеріне неғұрлым тыңғылықты және байыппен қарау қажеттігін көрсетті

Өйткені гранттар ғылыми қызметкерлер мен олардың отбасының негізгі өмір сүру табысы екенін және олардың ұсыныстарының ғылымға бөлінген қаржыдан әлдеқайда озық тұрғанын бәрі де білді ғой. Сәйкесінше, мемлекеттік саясат та бюджеттік қаражаттың неғұрлым тиімді жұмсалуын және оларды бөлуде әділдік қағидаттарын негізге алғаны жөн еді.

Ал шын мәнінде не болып жатыр?
Біріншіден, осы жылдар ішінде біз ғалымдар үшін дұрыс міндеттер қоя алмадық. Ең алдымен, біз шетелдік серіктестеріміз сияқты бизнестің нақты қажеттілігін ескере отырып, конкурстар өткізуде оның басымдықтарын (тақырып аясын) нақтылауымыз қажет.
Мәселен, бізге қазір астық өндіру ісінде ауруларға төзімді, тұрақты өнім беретін және сапалы астық сұрыптары керек(!)
Ал бүгінде конкурстарды өткізу кезінде ғалымдардың алдына саланың жалпы мәселелері қойылады және олар мүмкін болатын барлық ғылыми бағыттарға келеді. Әрине, мұндай жағдайда конкурсқа барлық ғалымдар қатысады. Яғни, өндірістік сұраныстың қажеттілігіне қарай емес, ғалымдардың қалауына қарай!
Нақтырақ айтсақ, біз ғалымдарға өз алдына өздері міндет қоюға жағдай жасаймыз, қажетсіз ұсақ тақырыптардың пайда болуына себепкер боламыз. Сөйтіп дүрбелеңге, конкурстар айналасындағы дауларға жол береміз,

Екіншіден, конкурс жеңімпаздарын анықтауда түсінікті және ашық бағалау жүйесін қалыптастыру қажет. Осы тұста бірден «шетелдік сарапшылардың бағалауы неге есепке алынбайды?» деген сұрақ туындайды. Егер сараптамаға күмәнмен қарайтын болсақ, бюджеттен не үшін оған шамамен миллиард теңгеге жуық қаржы жұмсадық?
​Сонымен қатар, ҰҒК (ұлттық ғылыми кеңес) құрамы жоғары білікті болуы керек және конкурсқа қатысушылардың мүдделік қақтығыстарын болдырмауы тиіс.

Өкінішке орай, ҰҒК құрамы Үкіметтің бекіткен талаптарына сәйкес келмегені айқын болып отыр. Ғалымдардың көбінде қажетті Хирша индексі жоқ. Бұл – шындық! ҰҒК құрамына аккредиттелген ғылыми ұйымдардың басшылары енгізілген. Мұны да жасыра алмаймыз. Тіпті, кейбір ғылыми ұйымдардың 2-3 өкілінен қосылғанына не айтамыз?
​Менің ойымша, мұндай заң бұзушылықтарды ашық түрде мойындап, оларды жою үшін тиісті шаралар қабылдану керек.
Ал, жалпы алғанда, ғылымды қаржыландыру бағытына жүйелік өзгерістер енгізудің уақыты жетті. Жоғарыдағы мәселелер шұғыл түрде назар аударуды қажет етеді.