Ғ.Оспанқұлов: Жеке басының қиыншылығын мемлекеттің саясатынан көретін жастар бар

Біз күнделікті өмірде, тіпті аузымыздан тастамайтын бір сөз ол – «еліміздің болашағы – жастардың қолында» деген түсінік. «Ауыз айтып тұрғанмен, жүрек сенбес» демекші, осы аузымыз айтатын жаттанды тіркеске шынымен жүрегіміз сене ме? Жалпы қазіргі жастарымыз не істеп жүр? Олардың еліміз саясатына деген көзқарасы қандай деген секілді сұрақтарға жауап іздеу мақсатында Қазақстан Республикасы Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі Жастар саясаты департаментінің директоры Ғабидолла Оспанқұловпен әңгімелесудің сәті түскен еді. Ғабидолла Аблоллаұлы бүгінгі таңда еліміздің саясатын жастардың 70 пайыздан астамы қолдайды дейді.

— Әңгімемізді жастардың саясатқа деген көзқарасынан бастасақ. Жалпы еліміздегі жастар мемлекеттік саясатты қаншалықты қолдайды? Немесе қаншалықты түсіне алады?

— Бүгінде елімізде қоғамымыздың ең белсенді бөлігі саналатын жастардың саны 4,1 миллионды құрап отыр. Қазақстан Республикасының «Жастар саясаты туралы» Заңына сәйкес 14 пен 29 жас аралығындағы азаматтарымыз жастардың санатына жатқызылған. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, құрамы жағынан қала жастарымен (56,6%) салыстырғанда ауыл жастары (43,4%) аздау, ал қыз балалар саны жағынан шамамен ер азаматтарға қарағанда айырмашылығы көп емес, 49,6% және сәйкесінше 50,4%-ды көрсетіп отыр.

Ал енді қойылған сұраққа келетін болсақ, жүргізіліп отырған жастар саясатына қатысты жастардың пікірі әралуан болғанымен, сайып келгенде қанағаттанушылық (75,2) деген пікірлер басым. Бірақ оған бірнеше фактор әсер етеді. Мәселен, әлеуметтік сауалнама нәтижелері көрсетіп отырғандай, сауалнамаға қатысушылардың жасы неғұрлым жоғары болған сайын қанағаттану деңгейі төмендей беретіні байқалады. Ең жоғары деңгейді (шамамен 77%) 14 пен 23 жас аралығындағы жастар көрсеткен, бұл санат жалпы білім беретін орта мектеп, колледж немесе жоғарғы білім ошақтарында оқитын оқушылар мен студенттерге жатады. Олардың саны елімізде шамамен 1,6 миллионды құрайды.

— Ал қалған 25 пайызы ше?

Қанағаттанбаушылықтың жоғары деңгейі 24 пен 29 аралығындағы жастар арасында (15,8%) басымырақ. Әрине, бұл жастағы азаматтар арасында оқуды бітіріп, жұмыс істеп жүргендердің саны — шамамен 2,1 млн. немесе жұмыс таба алмай, тапса да өзі қалаған мамандығын істемей жүргендер де кезігеді. Демек, бұл топтың құрамы біркелкі емес, сәйкесінше, олардың мемлекет тарапынан жәрдем күтуі де, талабы да әртүрлі. Күткені немесе талабы орындалмай жатады, бірақ барлығы да өзің қалағандай болмайтыны бар емес пе? Кейде, жеке басының қиыншылығын мемлекеттің саясатынан көретін жастар да кезігеді. Дегенмен,талапты басқадан емес өзіңнен бастап күшейту қажет. Әрине мемлекет жастардың әлеуметтік қорғалмаған, жәрдемге мұқтаж санатына көмек көрсетеді, мысалы, мүгедектерге, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған немесе әлеуметтік аз қамтылған жандарға. Қалған санатқа мемлекет жастардың өсіп-өркендеуіне барынша мүмкіндік жасайды. Ал, сол мүмкіндікті дұрыс пайдалану ол әр жас адамның қолында. Дамыған елдердегідей, мысалы, елімізде білім алуға мүмкіндіктер барлығына бірдей берілген, тегін орта білім, онымен қоса тегін техникалық және кәсіптік білім алуды ескеріңіз. Қатарынан озып шыққан мектеп бітірушілердің тегін жоғарғы білім алуына мүмкіндігі бар. Бұдан әрі, әлемдегі ең озық білім ошақтарында білім алуына мүмкіндік беретін «Болашақ» бағдарламасының өзі жастарға жасалған қамқорлық деп ауыз толтырып айтуға болады. Міне, талаптансаң жетістікке жетуге болады, ол үшін, әр жас алдына мақсат қойып, соған жетудің дұрыс жоспарын құрып, тырмысуы қажет.

Жалпы жүргізіліп отырған саясатқа қанағаттанушылық деңгейінің жоғары болуы, бір жағынан мемлекет тарапынан атқарылып отырған жұмыстың нәтижесі екенін айту керек. Дүниежүзілік жастар дамуының индексі көрсетіп отырғандай Қазақстан 183 мемлекет арасында 61 орынға иеленіп, Қытай, Түркия және Ресей секілді мемлекеттердің алдына шыққан. Елімізде әртүрлі санаттағы жастарға арналған түрлі бағдарламалар жүзеге асырылып отыр, олар жайында ақпарат беретін жастар ұйымдары мен аудан, қалаларда құрылған жастар ресурстық орталықтары қызметтерін атқаруда. Бірақ бір мәселе, ол ақпараттың толыққанды жастарға жетпей жататыны бар. Мысалы, сауалнамаға қатысқандардың шамамен 7%-ы жастар саясаты туралы мүлдем естімегенін айтқан. Осы бағытта жұмыс бағыты анықталып, жүзеге асыратын бірнеше жоспарымыз бар.

— Жастардың кәсіпкерлікпен айналысу деңгейі қалай?

— Статистикалық мәліметтерге сүйенсек елімізде 29 жасқа дейін тіркелген жеке кәсіпкерлер саны шамамен 115 мың адамды құрайды. Соның ішінде, ауылдық жерге (24 мың) қарағанда қалалық жерде (91 мың) жас кәсіпкерлер саны басымырақ.

Мемлекет тарапынан жеке кәсіпкерлікті жүргізуге қолайлы жағдай туғызу жұмыссыздық деңгейінің төмендеуіне алып келетіні сөзсіз. Шағын және орта бизнесті ел экономикасының тұрақтандырушысы ретінде қарайтын болсақ, бұл салаға жастардың көптеп келуі әрине, мемлекеттің дамуына оң ықпалын тигізеді. Өткен жылдың желтоқсан айында қабылданған ҚР Үкіметінің Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017 – 2021 жылдарға арналған бағдарламасының нәтижесінде жас кәсіпкерлер саны ұлғаяды деп күтілуде. Бағдарлама кәсіпкерлік негіздеріне оқытумен қатар ауылда және қалада микронесиелер беруді кеңейтуді көздейді. Бұл бағдарламаның негізгі басымдықтары жастарға берілген. Онда жаңадан кәсібін бастағандар үшін, бұрыннан кәciбiн дөңгелетіп отырған жастарға дейін қолдау білдіретіні анық көрсетілген.

Бұрынғы Кеңес үкіметі тұсындағыдай, «алма пic, аузыма түс» деп ешкім де, қол қусырып қарап отыруға болмайтынын, тек қана мемлекет асырайды деген тоғышарлық санадан арылу керектігін жастар түсініп келеді. Соның арқасында олар өзінің жеке кәсібін ашып, одан өзіне де, үкіметке де пайда әкеле бастағаны абзал.

— Елбасымыздың 2015 жылғы Қазақстан халқына Жолдауында мүмкіндігі шектеулі жандарға қоғам назарын аударуды ерекше тапсырған болатын. Осыған орай еліміздегі мүмкіндігі шектеулі жастарға қандай көмектер бере аласыздар?

Биылғы жылдың ең алғашқы Үкімет отырысында, еліміздегі жастар саясаты мәселесі қаралды. Осы отырыс үстінде көтерілген мәселелердің бірі, ол қоғамда «қиын жағдайға тап болған жастармен» жұмыс жүргізудің қажеттілігі туралы болды. Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл санатқа мүмкіндіктері шектеулі азаматтар да жатады.

Үкімет отырысынан кейін, осы мәселеге қатысты үкіметтік емес ұйымдар, жергілікті және орталық мемлекеттік органдар өкілдері, сарапшы мамандар, ғылыми қызметкерлер, мектеп психологтары қатысуымен өткен талқылаулар нәтижесінде нақты ұсыныстар қабылданды. Мысалы, жастар ұйымдары осы санаттағы жастармен көбірек жұмыс жүргізсе, ал мемлекеттік органдар осы бағыттағы әлеуметтік тапсырысты ұлғайтса. Бұл жұмыс қазip біздің бақылауымызда. Мұндай тапсырыстар бip жылға ғана емес, екі-үш жыл мерзімге берілсе деген ұсынысты қарастырып жатырмыз.

— Қaзipгi кезде жастар құқық бұзушылығы толастамай тұр. Kөбi жұмыссыздықтан дейді. Алайда мектеп жасындағы оқушылар арасында да ұсақ құқық бұзушылықтың тыйылмай отырғанын байқап жүрміз. Бұған не себеп?

— Әрине себептері көп, тіпті жастардың өздері көп жағдайларда жәбірленуші болып жатады. Бұл мәселе бүгінгі таңда өте өзекті мәселелердің бірене айналып отыр. Өйткені, мемлекет жастардың өсіп-өркендеуіне бір жағынан мүмкіндік туғызатын болса, екінші жағынан жастардың дамуына кері әсерін тигізетін тәуекелдерді барынша азайтуға тырысады. Сала аралық қарым-қатынасты дұрыс жолға қою мақсатында ҚР Ішкі істер министрлігімен бірлескен іс-шаралар жүргізу жоспарда бар. Құқық бұзушылықты алдын алуға бағытталған жұмыстарға жастар ұйымдарын сол арқылы жастардың өздерін тарту тәжірибесі тиімділігін көрсетуде. Жастардың өздерін құқық бұзушылыққа қарсы жұмыс істеуге жұмылдыру арқылы жастар арасындағы құқық бұзушылыққа тосқауыл қоюға мүмкіндік аламыз.

Оған қоса, жастарды құқық бұзушылыққа барғызбау амалдарының бірі олардың бос уақыттарын тиімді ұйымдастыру екені бар. Осы орайда, жастардың бос уақыттарын тиімді пайдалануға жағдай туғызу мақсатында Үкімет отырысында берілген тапсырмаға сәйкес жергілікті әкімдіктер нақты іс-шараларды қамтитын арнайы бағдарлама қабылдау жұмысын жүргізуде. Мемлекет пен жеке бизнес әріптестігі арқылы бос тұрған нысандарды осы мақсатқа пайдалануға мүмкіндік бар. Аулаларда дене шынықтыруға арналған спорттық алаңдар тұрғызу, шахмат, немесе тоғыз құмалақ секілді клубтар жұмысы, тағысын тағы.

Сонымен бipгe, құқық бұзушылықтың туындауына итермелейтін жағдайларды алдын алуды да қолға алу қажет. Оған мынадай мысал айтуға болады. Қазіргі уақытта білім алушылар, тіпті мектеп оқушылары сабаққа бағасы жоғары қалта телефондарын ұстап келеді. Ал баланың қолындағы дүниеге қызыққан өзге бipey оны ұрлап кетуге, не баланы алдап, қолға түcipyгe, сол арқылы ауыз жарымайтын пайдаға кенелуге ұмтылады. Бұл бip ғана мысал. Сондықтан, бұндай жағдайлардың орын алмауы үшін ата-аналармен де түсіндіру жұмыстарын жүргізгеніміз абзал.

— Қоғамда оқшауланып қалған жастармен жұмыс жүргізуді қалай жүзеге асырып жатырсыздар?

— Қоғамнан оқшауланып қалған жастармен жұмыс істеу еліміздің әлеуметтік саясатының негізгі бөлшегінің бipi болып саналады. Қазіргі таңда бұндай жастар еліміздің жастарының 9,2 пайызын иеленген. NEET деп аталатын бұл санаттағы еліміздегі жастар мәселесі ғылыми тұрғыда әлуметтік зерттеулерді қажет етеді. Соның нәтижесінде арнайы әдістемелік бағыт-бағдарлар берілетін болады. Бұл мәселе қазір «Жастар» ғылыми зерттеу орталығының басты мақсаты.

Осындай санаттағы жастармен жұмыс жүргізуде көбінесе жастар ресурстық орталықтарының жұмысына сүйенеміз. Қазіргі уақытта аудан мен қалалық жерлерде қызмет жасап жатқан ұзын саны 200-ден асатын орталықтар қоғамнан оқшауланып қалатын жастарды түрлі шараларға шақырып, мемлекеттік бағдарламаларға қатысуға үгіттейді. Алайда, мамандардың түйіндемесіне сәйкес мұндай санаттағы жастармен жұмысқа психологтар немесе арнайы дайындықтан өткен мамандар тартылуы тиіс. Бұл тұрғыда өзекті мәселе, осындай жастармен жұмыс жасайтын психолог-мамандардың жетіспеушілігі. Осы бағыттағы істер алдағы жұмыстың күн тәртібінде тұр.

— Сіздерде жастарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша қандай да бip жобалар немесе бағдарламалар бар ма?

— Қазіргi таңда баспана мәселесі тек жастардың ғана емес, еліміздегі көптеген азаматтардың өзекті мәселесіне айналған. Кез келген дамыған мемлекетті алып қарасаңыз барлық халықты баспанамен қамту деген міндет жоқ. Әрине, кейбір әлеуметтік жағынан көмекке мұқтаж топтағы азаматтарды мемлекет қамқорлығына алады, олар арнайы тізім бойынша пәтерге қол жеткізуде. Алайда елімізде баспананы қол жетімді етуге бағытталған бірнеше бағдарламалар арқылы тұрғын үйге ие болудың бірнеше жолдары бар. Мысалы, «Тұрғынүйжинақбанкі» арқылы өз қаражатыңды жинап, пайызы төмен несие арқылы пәтер алу. Мысалы, пәтерді ұзақ мерзімді жалға беру арқылы, еңбек нарығындағы мобильділікті қамтамасыз етуге болады. Жер телімдерінің инфрақұрылымын дамыту арқылы жеке тұрғын үй салуға жағдай туғызу. Үкіметтің қабылдаған 2017-2031 жылдарға арналған «Нұрлы жер» бағдарламасының нәтижесінде шамамен 1,5 миллион қолжетімді тұрғын үй салу жоспарлануда.

Бұл саладағы тағы бір өзекті мәселенің бірі, ол — студент жастарды жатақханамен қамтамасыз етілуі. Ceбeбi оқу үшін келген жастардың оқудан басқа мәселесі болмауы керек. Бұл мәселе Үкімет отырысында қаралып, сәйкесінше ҚР Білім және ғылым министрлігіне және өз құзіреті шегінде басқа да мемлекеттік органдармен бірлесіп, қарастыру тапсырылды.

Сонымен қатар, өз кезегінде жастарды баспанамен қамтамасыз ету бойынша жергілікті әкімдіктердің оңтайлы тәжірибелері туралы да айту қажет. Өз қаражатына сүйене отырып, жергілікті мәслихаттың келісімімен жастарды қол жетімді баспанамен қамтамасыз етіп отырған өңірдің бірі — Батыс Қазақстан облысы. Ол «Жас отау» деп аталатын жастар арасында кеңінен сұранысқа ие болған жоба. Осындай тәжірибені басқа да өңірлер үлгі алып жүзеге асыруларына болады.

— Әңгімеңізге рахмет!

Ержан Жаубай