“Қордайдың қоңыр құлжасы”

Қордай ауданында заңғар жазушы, «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, қадірлі қаламгер Несіпбек Дәутайұлының жылдық асы алдында “Қордайдың қоңыр құлжасы” атты дөңгелек үстел өтті.

Аудан әкімдігінде болған келелі кездесуге ҚР Жазушылар Одағы Басқармасының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев, жазушылар Елен Әлімжан, Жұмабай Шаштайұлы, Әшірбек Көпішев, Маралтай Райымбекұлы, Бейбіт Сарыбай, сондай-ақ еліміздің әр өңірінен ақын-жазушылар, Тараз қаласынан бір топ қаламгерлер мен журналистер қатысты. Әрине, жазушының жерлестері, қордайлық ақсақалдар мен атқамінер азаматтар да осы жиыннан табылды.

Дөңгелек үстел тізгінін белгілі ақын Ерлан Жүніс ұстап, алқалы жиынның мәні мен маңызы жайлы сөз етті. Жамбыл облысы әкімінің орынбасары Еркін Үйсімбаев Нәсіпбек Дәутайұлының өмірі мен шығармашылығын насихаттау тұрғысында Тараз қаласында қолға алынғалы жатқан игі-шаралар туралы әңгімелеп берді. Олардың қатарында жазушы атындағы байқау да ұйымдастыру бар екен. Дөңгелек үстел барысында Несағамен үзеңгілес, рухани сырлас болған жандар сөз алып, жазушының кісілік келбеті, шоқтығы биік шығармашылығы жайында ой толғап, бірқатар ұсыныстарын да айтты. Соңында «Қордайдың қоңыр құлжасы» атты кітаптың тұсауы кесіліп, одан кейін жиналған жұрт Қордайдағы «Інжу-Палас» ресторанында жайылған жазушының жылдық асына қатысып, бағышталған Құранға қол жайып, арнайы фильмді тамашалап, сол жерде де естеліктерімен бөлісті.