Жібек жіппен тігілген кестелер көрмесі
Түркістанда «Жібек – тоқылған жарық, өрілген ауа» атты көрме өтті. Бұл көрме шынайы мәдени-көркем сипаттағы көпшілікті қызықтыруға бағытталған. Қазақ халқының көркемдік мәдениеті терең де бай. Сол көркем дүниенің ішіндегі ең нәзік салалардың бірі – кесте өнері, ал оның шыңы — жібек жіппен тігілген кестелер. Осы өнерге арналған тағылымы терең, эстетикасы ерекше мәдени шара.
«Жібек – нәзіктіктің символы. Ол ежелден бері шығыс өркениеттерінде асқан бағалы материал ретінде танылған. Оның жеңіл, жылтыр, әрі жұмсақ табиғаты – сұлулықтың, тазалықтың, нәзіктіктің белгісі саналады. Қазақ шеберлері жібекті тек сән үшін емес, рәміздік мәні бар материал ретінде де қолданған. Әсіресе қыз-келіншектердің сәукелесі, шапан-камзолдары мен тұрмыстық бұйымдардағы кестелер жібекпен өрнектелген. Бұл көрме сол жібек жіптердің үнсіз шежіресін сөйлететін орын», – дейді ұйымдастырушылар.
«Ұлы дала елі» орталығындағы кесте көрмесін келушілер қолөнер мен жан әлемінің үндестігі деп бағалаған. Кесте тігудің өзі үлкен өнер деп санасақ, бір ғана жіппен нәзік гүлді, күрделі оюды немесе символдық бейнені беру асқан шеберлікті талап етеді. Бұл көрмеде жібекпен тігілген дәстүрлі кесте үлгілерімен қатар, қазіргі заман шеберлерінің авторлық туындылары да қойылған. Жібек жіппен салынған әр өрнек жарыққа толы тыныс, ауадай жеңіл шеберлік деуге болады. Кесте тігу тек қолөнердің емес, сезімнің, ұрпақтық жалғастықтың және әйел болмысының көркем шежіресі іспетті. Осы көрме арқылы сол нәзік үнді естіп, жібектей жұмсақ, жарықтай жарқыраған өнермен қауышуға мүмкіндік бар. «Жібек – тоқылған жарық, өрілген ауа» атауының өзі өнер мен табиғаттың үндестігін аңғартатын бұл көрме көрерменге тек тамашалау қуанышын ғана емес, мәдени сабақтастықты сезінудің мүмкіндігін ұсынады. Жібек кестелер біздің ұлттық болмысымыздың нәзік, бірақ берік жібіндей. Ол үзілмей, өріле берсе екен деп тілейміз.
Түркістан қаласы