Жамбылдық жобаға қызығушылар өте көп

Өткен аптада Әулиеата өңіріне арнайы келген Үкімет басшысының орынбасары Е.Тоғжанов оның еліміздің өзге өңірлеріне халықтың тұрмыстық табысын арттыру үшін енгізілуге тиіс екенін баса айтты.
Өткен аптада хабарлағанымыздай, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов өткен аптада екі күндік жұмыс сапарымен Жамбыл облысында болып, негізінен ауылшаруашылығы бағытындағы өңірдің тыныс-тіршілігімен, яғни облыс тұрғындарының тұрмысын арттыруға бағытталған қанатқақты жобаның мән-маңызына қанығып, оның қазіргі аяқ алысының барысымен танысты.
Алдымен осы жобаға енген Байзақ ауданы, Талас ауылындағы «Қостөбе — 2019» ауылшаруашылығы кооперативінде болды. Мұнда облыс тұрғындарының тұрмыстық табысын арттыруға бағытталған қанатқақты жобаның барысында көп жұмыс атқарылыпты. Атап айтсақ, Қостөбе ауылдық округінде жобаға 1222 аула қатысқан. Ондағы кооператив мүшелеріне 887 млн теңге несие берілген.
Облыс әкімінің орынбасары Нұржан Календеровтың айтуынша, жоба аясында бірінші кезекте үй іргесіндегі жер телімін игеруге басымдық беріліп отыр. Оған қажетті тұқымға 6 млн теңге жұмсалған. Несие «Тараз әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы берілген.
– Несие ауыл тұрғындарына 2,5%-бен беріліп, оның басым бөлігіне мал алынған. Мал алуға берілген несие 754,7 млн теңгені құрады. Қазіргі таңда 1222 ауланың бес жүзден астамында мал бар. Ауыл тұрғындарының 73%-ы мал шаруашылығымен айналысуда. Үй іргесіндегі жер телімінде қияр, қызанақ, тұрып пен қырыққабаттар өсірілуде. Бір ауладан жиналған бірінші айналымдағы өнім 113, екінші айналымда 126 мың теңгені құраған. Ал мал басы 53%-ға жоғарылаған. Осы жобаның арқасында кәсіпкерлер саны 257 кәсіпкерге жеткен. Осының есебінен атаулы әлеуметтік көмек алатындар 49% -ға төмендеді, – деді ол.

 

Кооперативке 34 шаруа қожалығы, 257 кәсіпкер мүшелікке енген. Несиенің қайтарылымы 97%-ды құраған. Несиені кооператив мүшелері көктем және күзде өтейді. Бүгінгі таңда несиесін толық жапқандардың үлесі 25%-ға жеткен.
Кооператив директоры Мәди Сейітқасымов жұмыс қарқыны ойдағыдай екенін жеткізді. Дегенменде кооперативке 400 га егістік жер керек. Елді мекендегі мал азығын олар 235 га егістік алқаптан жинаса, қалғанын гидропоника қондырғысы арқылы қамтыған.
Премьер-Министрдің орынбасары «Субсидияға байланысты мәселе көп. Берілген субсидияның қайырымы бар ма?», – деп сұрады.
Кооператив төрағасы округте 6 шағын цехтың ашылғанын, олардың құрал-жабдығы 50% субсидияланғанын, қазір жылыжай мен қайта өңдеу цехтарының жұмысы жолға қойылып, өнім өндіріп жатқанын айтты. Жалпы округтегі өнім көлемі бұрынғымен салыстырғанда 3,7%-ға жоғарылапты.

 

 

– Қазір Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен тың бағдарламамен жобалар қабылдануда. Бұл бірінші кезекте халықтын тұрмысын, өмір сүру деңгейін дамытуға бағытталған. Соның ішінде «Ауылдың аманаты» атты бағдарлама қабылданғалы жатыр. Осы арқылы 2025 жылға дейін елдегі азық-түлік қауіпсіздігін шешіп, оны 100%-ға жеткізу көзделген. Жамбылдық мүмкіндігі шектеулі Анар Бексұлтанова өз кәсібін ашып, аяғымен көрпе тігіп, өзгелерге үлгі болуда. Түркістанда Нұржан деген азаматтың екі аяғы жоқ. Ол да кәсіп ашып, күнделікті 9 мың теңге табыс табады. Ол кісі жұмыс жоқ дегенге сенбеймін, ниет болса жұмыс бар дейді. Осындай азаматтарды халыққа үлгі ете отырып, халықты жұмысқа тартуымыз керек. Сол үшін осындай кооперативтерді көбейтіп, ауыл тұрғындарын бір шаруаға бейімдеген абзал. Қажет болса кооператив төрағаларын оқытып алған да артықтық етпейді, – деді Ералы Тоғжанов.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітов қазіргі таңда облыста 14 ауылдық округте осы жобаның табысты жүзеге асырылып жатқанын айтты. Егер Үкіметтен қаржы бөлінсе өзге де көптеген ауылдық округтер осы жобаға қатысуға ынта танытып отырғанын жеткізді.

 

Бұдан кейін облыс әкімдігі жер қатынастары басқармасының басшысы Бақтияр Көпбосынов жайылым мәселесін шешу барысы туралы баяндай келіп, атқарылған жұмысқа тоқталды. Өткен жылы мемлекетке қайтарылған 334 мың га жайылым ауылдық округтердің еншісіне берілген. Биыл елді мекен жайылымына 418,4 мың га жайылым жер беру көзделген. Бұдан бөлек, босалқы жер қорынан – 106,9 мың, ауыл іргесіндегі 5 шақырым аумақта орналасқан 165,6 мың, сондай-ақ игерілмей жатқан 145,9 мың га жайылымды айналымға қайтару жоспарланған.
Ералы Лұқпанұлы игерілмей жатқан, ауыл іргесіндегі жайылым жерлерді мемлекет меншігіне қайтарып, ауылдық округтердің еншісіне беру барысында атқарылған жұмысқа жақсы баға беріп, Жамбыл облысының осы бір ұтымды тәсілін республиканың өзге өңірлерінде таратуға кеңес берді.

 

– Қайталап айтам, барлық жоба халықтың игілігіне арналуы тиіс. Біз халықтың санасын өзгертуіміз қажет. Қазір жұмыс жоқ деп отыратын уақыт емес. Барлық жобаны халық жағдайына келтіруге тиіспіз. Мына қанатқақты жобаның тиімділігі жоғары. Бұл жобаға қойылған қаржы қайтады. Қайтарымы бар осындай жобалар қаржыландырылуы тиіс. Сондықтан ел бойынша қанша ауылдық округ бар, бұл жобаны қаржыландыруға қанша қаражат керек соны есептеп шешімді тез қабылдау қажет. Біз ауылдың мәселесін жай сөзбен емес нақты іспен шешуіміз керек, – деді Ералы Лұқпанұлы.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары «Шамуратов Шовкат Валепьевич» жеке кәсіпкерлігінің шұжық цехымен танысты. Кәсіпкер Шовкаттың айтуынша, цех 2020 жылы құрылған. Цехта күніне 400 кг дайын өнім өндіріледі. Бұл кәсіпті жүргізу үшін кәсіпкер 10 млн теңге несие алған.
– Қарамағымда 7 адам жұмыс істейді. Өндірген өнімді Алматы, Нұр-Сұлтан, Қарағанды қалаларына өткерудеміз. Тапсырыс болса тәулігіне 1000 кг шұжық дайындай аламыз, – деді Шовкат.
Келесі кезекті «Серік» жеке кәсіпкерлігінің жұмысын көрді. Жылыжай басшысы Дархан Аққұмановтың 80 соттыққа орналасқан жылыжайында қияр өсірілуде. Бұл жобаны жүзеге асыру үшін ол бес пайызбен 14 миллион теңге несие алған. Жылыжайдың жылдық қуаты 30 тонна.

 

– Қарамағымда 11 адам жұмыс істейді. Жылыжайда тәулігіне 2,5 тонна өнім жиналады. Өнімді күнделікті «Ауыл-Береке» базарына өткереміз. Жобаның тиімділігін ел болып көрудеміз, – деді кәсіпкер.
Кәсіпкердің жұмысы Премьер-Министр орынбасарының да таңданысын тудырғаны анық.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен жүзеге асқан бағдарламалармен жобалардың мақсаты – халыққа мүмкіндік беру, жұмыспен қамту. Біз облыс тұрғындарының тұрмысын арттыруға бағытталған қанатқақты жобаның тиімділігін көріп отырмыз. Қияр өсіріп, одан тәулігіне 2,5 тонна өнім жинап, сауда орталығына өткерсе, шұжық цехында да жұмыс жақсы жолға қойылған. Бұл жұмысқа зейнеткерлер де, жастар да тартылған. Жобаның бес бағыты бойынша ауыл тұрғындары жеңілдетілген несие алса, тиімді жобалар 50%-дық субсидиямен де қамтылған. Әрбір ауланың есебі шығарылып, табыс картасы жасалған. Жобаның тиімділігі өз нәтижесін беріп отыр. Атап айтсақ, бұрын Талас ауылында атаулы әлеуметтік көмек алушылар саны 48 болса, қазір үш қана отбасы қалған. Округте мал басының артуы шұжық және сүт өңдейтін шағын цехтардың жұмысына серпін әкелгенін көрдік. Жылыжайлар мен үй іргесіндегі аулалар да тиімді пайдаланылуда. Ендеше, бұл жобаны бүгіннен бастап республика көлемінде қолға алуды бастаймыз. Қазір Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесе жаңа жобаны қолға алдық, – деді Ералы Лұқпанұлы.
Ералы Тоғжановты жеке кәсіпкер Алмас Рахымбердиевтің шаруашылығы да қатты қызықтырды. Ол 4,5 млн теңгеге 7 жылқы алып, қымыз өндіруде. Жылқы басын биыл 10-ға жеткізген. Бұдан бөлек, бір құлынды биені сатып орнына екі сауынды сиыр алып, сүтін күнделікті өткізіп отыр. Үй іргесіндегі 10 соттық жер телімін бау-бақшаға айналдырған.
Премьер-Министрдің орынбасары осы қос кәсіптен айына қанша табыс тауып отырғанын сұрады. Кәсіпкер бұрын айына 50 мың теңге табыс табатын болса, жобаға қатысқалы бұл отбасының табысы 300 мың теңгеге өскен. «Осы табыстың арқасында екі қызымды тұрмысқа беріп, ұлымды үйлендірдім. Бір баламды оқытып жатырмын. Көкөністен де, малдан да табыс тауып отырмыз», деді ол.
Келесі кезекте мал және көкөніс шаруашылығын қатар алып келе жатқан «Рустем» жеке кәсіпкерлігінің үй іргесіндегі шаруасын көрді. Кәсіпкер Рустем Бакуридзе айлық табысын 500 мың теңгеге дейін ұлғайтқанын айтты. Қос ауладағы шаруаны көрген Ералы Лұқпанұлы өзге облыстан келген өкілдерге осылай жұмысты үйлестіруге болатындығын айтып, бұл тәжірибені кең көлемде таратуды ұсынды.

 

Бүгінгі таңда мал азығын дайындау басты мәселенің біріне айналғаны белгілі. Бұл мәселені байзақтық шаруалар гидропоника қондырғысын орнату арқылы шешуде. Ералы Тоғжанов гидорпоникамен тұрақты айналысып келе жатқан Тараз қаласында орналасқан «AGRO GREEN» ЖШС жұмысымен де танысты. Гидропониканың тиімді тұстары мен мал азығын дайындаудағы таптырмас мүмкіндігі туралы серіктестік директоры Данияр Әубәкіров әңгімелеп берді. Бұл қондырғы әсіресе Қызылорда, Маңғыстау мен Ақтөбе облысы әкімдері орынбасарларының қызығушылығын тудырды.
Бұдан кейін Ералы Лұқпанұлы бизнес орталығында болып, жобаны қаржыландырып отырған «Тараз» әлеуметтік кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ жұмысымен танысып, акционерлік қоғам басшылығының ұсыныс-тілегін тыңдады. Премьер-Министрдің орынбасары олардың кооперативтерді ұлттық жоба аясында өңдеу және қайта өңдеу құрылғыларымен лизинг арқылы қамтамасыз ету туралы ұсынысына қолдау білдіруге дайын екенін жеткізді.

 

Іссапар соңында М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университеті базасында Ералы Лұқпанұлының төрағалығымен «Халықтың табысын арттырудың 2025 жылға дейінгі бағдарламасы» кешенді жоспарын ілгерілету аясында жамбылдық тәжірибені өзге өңірлерге тарату бойынша кеңес өтті.
– Бүгін біз Жамбыл облысындағы халық табысын арттыру жобасын көру үшін келдік. Бұл жобаның жүзеге асырылып жатқанына үш жылдың жүзі болды. Біз бүгін нақты жобаның нәтижесін көрдік. Қатысқан азаматтармен сол жерде ой бөлісіп, талқыладық. Бұл мәселе бұдан бұрын Үкіметте де қаралған. Енді мұны республика көлемінде тарату көзделіп отыр. Ол жұмыс бірден дамып кетеді деп айта алмаймын, бірақ оны бастау керек. Облыстағы 11 ауылдық округке енген жоба өз қайтарымын беріп, қайтарылған қаржы есебінен жобаға тағы үш ауылдық округі енген. Жоба аясында 589 жаңа жұмыс орны ашылған. Есесіне, ол округтердегі атаулы әлеуметтік көмек алушылар 65 пайызға кеміген. Қазір байқағанымыз ол жобаға қызығушылар өте көп. Мұны өзге өңірлерге халықтың тұрмыстық табысын арттыру үшін енгізуге тиіспіз, – деген Ералы Лұқпанұлы жиынға қатысқан өзге облыс әкімдерінің орынбасарларына оның маңыздылығын тағы пысықтап айтып өтті.
Вице-премьер Жамбыл облысының оң тәжірибесін республика өңірлерінде кеңейтудің маңыздылығын атап өтті.

 

– Ол үшін әрқайсыңыз ортақ іске елеулі үлес қосуларыңыз қажет. Ең бастысы, ол шағын инвестициямен жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік беретін кез келген ауыл тұрғынына қолжетімді болуы керек. Осындай жобалар арқылы ауыл тұрғындарының табысының артуына қол жеткіземіз. Біз бұл жобаны «Ауыл аманаты» деп атауды ұсынып отырмыз», – деді Ералы Тоғжанов.«Ауыл аманаты» бағдарламасы халықтың табысын арттыру аясында жүзеге асырылада.
Жиында облыс әкімі Нұржан Нұржігітов жобаның жүзеге асырылу барысы туралы баяндады.

 

Аймақ басшысы күрмеуін күткен мәселелерге де тоқталды. Нұржан Молдиярұлы лизинг жүйесімен техника кооперативтерге 2,5%-бен берілуін және жобаға қатысушылар тарапынан қайтқан қаражатты қайта айналымға қосып, оны басқа округтерге қосу туралы ұлттық жобаға ұсыныс енгізу ұсынды. Бұдан бөлек, гидропоникаға субсидия бөлуді, орман қорындағы жайылымды кооперативтерге беру жолын қарастырып, көтерді. Аймақ басшысының айтуынша, облыстағы 156 ауылдық округ осы жобаға қосылатын болса ауыл шаруашылығы өнімі 2,2 есеге ұлғаяды екен.
Облыс әкімі Нұржан Нұржігітовтің тарапынан айтылған ұсыныстар ескерусіз қалмайтын болды. Бұл ретте Ералы Тоғжанов тиісті министрлік өкілдеріне тапсырма берді.
Бұдан кейін «ЭКО-ЧИКЕН» АҚ өкілі Талғат Ахметбекұлы Қордай ауданындағы шағын құс фабрикасының жұмысы туралы баяндап, құс етін нарыққа шығаруда бәсекелестіктің барын айтты. Бұл мәселе де тиісті министрлік тарапынан қолдау табатын болды.
Бұдан кейін Премьер-Министрдің орынбасары ауыл шаруашылығы, қаржы және басқа да министрлік өкілдерін, кейбір облыс әкімінің орынбасарларын тыңдады.
Кеңесте түрлі тақырыпта сөз қозғалып, шешімін таппаған мәселелер айтылып, оның шешу жолдары ортақ алаңда талқыға түсті. Кеңесте қойылған сұрақтарға жауаптар қайтарылып, ұсыныстар хаттамаға енгізілді. Кеңес отырысын Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов қорытындылап, Жамбыл облысындағы қанатқақты жобаның іске асуына жоғары баға берді.

Жасұлан СЕЙІЛХАН,
Жамбыл облысы