ЖАМБЫЛДЫҚ КОЛЛЕДЖДЕР КӘСІПОРЫНДАРДЫҢ ШЕФТІК ҚАМҚОРЛЫҒЫНА АЛЫНУДА
Жамбыл облысындағы 44 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 23 618 студент білім алып жатса, 11 784-і мемлекеттік білім тапсырысы аясында оқуда. Ауылдық жерде орналасқан 12 колледжде 3 891 студент, моноқалада орналасқан 8 колледжде 2 469 студент білім алуда. «Жас маман» жобасына өңірдегі 11 колледж еніп, 3,7 млрд. теңгеге замануи құрылғылармен қамтамасыз етілді. Жобаға қатысқан 8 колледж ақылы негізде қызмет көрсетуде. 2 арнаулы орта білім ошағында «Студент өнімі» дүкендері мен 2 ақылы қызмет көрсету орталығы ашылды.




«Шефтік қамқорлыққа алынған колледждерге кәсіпорындар тарапынан материалдық, тәжірибелік-әдістемелік қолдаулар көрсетілуде. Мысалы, «Казфосфат» ЖШС тарапынан Жаңатас көпсалалы колледжіне студенттермен тау-кен қазба жұмыстарын ұйымдастыру үшін 4 гектар жер телімі бөлініп, тәлімгер шеберлер бекітілді. «Шәушен» шаруа қожалығы тарапынан Құлан агротехникалық колледжіне жобалық құны 12 млн теңгені құрайтын оқу-өндірістік мал ұстау базасын салу жұмыстары басталды. 2025 жылға дейін меншік нысанына қарамастан барлық колледждер шефтік қамқорлыққа берілетін болады», — деді спикер.


Өңірлік коммуникациялар қызметі