» Ұлыма айтарым «- Бауыржан Момышұлы

Жігіттің екі сөйлегені — өлгені. Уəде бермеуге тырыс. Əйтпесе, сөзіңде тұр.

‘ Қысқа, нұсқа сөйле. Дауысың анық болсын.

‘ Көп тыңда. Аз сөйле. Сөзіңнің артынан ісіңмен үлгеруге жаныңды сал.

‘ Өсек айтылатын жерде болма. Кездейсоқ болған жағдайда қосылма. Кесіп тастауға тырыс.

‘ Таспен атқанды аспен ат — жеңісің. Содан кейін алшақ жүр.

‘ Ренжітпе! Жүйелі қарғыс иесін табады.

‘ Ешқашан мақтанба! Жұрт мақтасын.

‘ Өзіңді сыйла, Өзгелер сыйласын.

‘ Күнде өзіңе есеп бер. Өзіңді тəрбиелей бер.

‘ Құмар ойын — əлсіздің əлегі. Мықтының рухы биік, денесі шымыр.

‘ Үйретері мол мықтылардан ұзтаздарың болсын. Бірақ, ешкімді пір тұтпа!

‘ Сыйлағанның құлы бол. Кішірею төмендеу емес.

‘ Ең алдымен өзіңе өзіңнің көңілің толатындай өмір сүр.

‘ Саяхатта. Дүниетанымыңның аясы кеңейеді.

‘ Қайтарымынан үмітті болсаң, жақсылық жасама.

‘ Жүйкең əлі талай қажет болады. Болмашыға тоздырма. Шешуші сəттерге бапта.

‘ Уайымға салынудан алшақ бол. Арба да сынбайтын, өгіз де өлмейтін шешім қабылда. Тез шешім қабылда. Тәуекел түбі — жел қайық, жүзесің де өтесің. Уайым түбі — тұңғиық, батасың да кетесің.

‘ Сырыңды ешкімге алдыртпа. Екі елі аузыңа сыймаған сөз өзгенің отыз екі тісінің арасына тіптен сыймайды.

‘ Өкпелеме. Өш алма. Санасына бер. Аллаға тапсыр!

‘ Қыран құстай қырағы бол. Өзгелерді өзіңдей көрме!

‘ Пенденің пендеден айырмашылығы адамгершілігі мен білімінде. Таны, оқы!

‘ Өнер үйрен. Мамандығыңда мықтысы бол.

‘ Өміріңнің сапасына тек сен жауаптысың!

‘ Ұрпақ тəрбиесі елу пайыз сенің мойныңда. Ұлың өзіңнен озатын болсын. Қызың саған қарап серігін тауып, бақытты болсын.

‘ Кім қанша төмен түссе де, сен өз биігіңде қал.