«Ұлар мен қырғауыл»

«Ұлар мен қырғауыл» – көне жұрт жадында сақталған тағылымы терең аңыздардың бірі. Бұл шығармада ханның жалғыз қызы Ұлер мен қарапайым құлдың ұлы Қырдауылдың кіршіксіз махаббаты, сол махаббатқа қарсы тұрған қатал заман мен әкелік қаһар суреттеледі. Бірі биік тауға, бірі қалың қамыс арасына телініп, ақыры екеуі де құс бейнесіне айналады. Сөйтіп Ұлер – ұларға, Қырдауыл – қырғауылға айналып, біреуі тауда, біреуі ойда мәңгілік мекен етеді. Аңыздың астарында тек мұңды тағдыр ғана емес, әлеуметтік теңсіздік, қатігез билік, адал сезімнің қасіретті соңы жатыр. Осындай көне хикаялар арқылы халық табиғаттағы әр құбылысты, әр құстың тегін өмір шындығымен, адам тағдырымен сабақтастыра білген. «Ұлар мен қырғауыл» – махаббат, қарғыс, айырылысу мен мәңгілік сағыныштың символына айналған мұра.

Ұлар етін жедің бе,

Ұлы тауға бардың ба?

Ұлы үйсін елінде,

Тәңіртау деген жерінде.

Мекен еткен сан қилы –

Жеті атасы құстың да.

(ежелгі халық өлеңі).

Ерте, ерте, ертеде бір хан болыпты. Оның жетпіс қатыны болса да, біреуінен шыр еткен ұрпақ көрмей зар жылапты:

Бір оқымысты оған:

– Ұрпақты болам десеңіз, басқадан әйел алсаңыз ұрпақты боласыз, – деп кеңес айтыпты.

Хан сол кеңес бойынша Мағрұптағы бір бөтен елдің қызын алыпты. Айтса, айтқандай жыл уағында бір қыз бала көріп, атын Ұлер деп қойыпты. Ұлерден кейін ұрпақты бола беріпті.

Ұлер толықсып, бой жетіпті. Сұлулықта алдына жан салмапты. Ұлер ержеткенде ханның қоластындағы бір құлының Қырдауыл деген ұлына ғашық болыпты.

– Сүйекке таңба болды. Екеуінің де көзін жою керек, – деп жарлық шашыпты.

Ханның қатар жарлығын естіген қыз бен жігіт бір түні қашып кетеді. Хан қалың қолын қаптатып жүріп, бір жыл іздеп, зорға тауып алып, Қырдауылды оқ өтпес қалың қамысты аралға өткізіп жіберіп:

Құс болып өмірің өтсін, – деп қарғапты.

Бұл қорлыққа шыдамаған Ұлер Ұлытауға бірақ тартыпты.

Бұларды қалың қолмен іздеп таба алмаған әкесі қызын:

– Адам баласы жете алмаған таз тауда қалып мәңгілікке құс болып өт, – деп қарғапты.

Сөйтіп уақыт өте келе Ұлер – ұларға, Қырдауыл – қырғауылға өзгеріп, біреуі ойда, біреуі тауда құс болып мәңгі қалыпты.

Кейін Ұлерді нағашылары іздеп келіп, Ұлытауда құс болып кеткенін біліп, қанша іздесе де таба алмай қайтады. Кейін ұлар құс жер әлемді шарлап жүріп, тәңір таудың баурайына келіп, мәңгілік мекен етіпті.

 

Дереккөз: Тарих талғарында [Мәтін] : (Тарихи зерттеулер, эссе, мақалалар) / А. Омарақын- Талдықорған : [б. ж.] , 2022.– 500 дана . – ISBN 978-601-7865-39-9 (1-т.), ISBN 978-601-7865-36-8 1-том .– 287 б., суретті .    

https://kazneb.kz/kk/catalogue/view/1657755

“Q-Andas” ақпараттық агенттігі

Жалғасы бар…