УАҚЫТ. ЖҮЙЕ. ЖУРНАЛИСТІҢ ІШКІ ӨЛШЕМІ

«Бүгінгі журналистика совет өкіметінің журналистикасы емес. Ел мүддесі жолында этика «бұзып та» сөйлеу қажеттігі туындайтын кездер болады».
Tatran Alimuly деген азамат фейсбукте мен айтқан бір ойға осындай пікір қалдырыпты.
«Ел мүддесі жолында «этика бұзып та сөйлеу қажеттігі туындайды» деген сөзді қалай түсінсек болар екен деп ойланып отырмын.
Бұл пікірдің астарында бір қарағанда “батылдық” бар секілді. Бірақ тереңірек үңілсек, өте күрделі әрі қауіпті шекара жатқаны байқалады. Өйткені мұнда анық ұғым емес, көмескі, әркім өзіне ыңғайлап алатын түсінік бар.
«Этиканы бұзу» деген не өзі?
Ол — фактіні бұрмалау, адамды негізсіз қаралау, жеке өмірге қол сұғу, дәлелмен емес, эмоциямен сөйлеу.
Сонда ел мүддесі үшін осы қағидалардың бәрінен аттап өтуге бола ма? Өтірік айтуға бола ма?
Егер “иә” десек, онда журналистика емес, насихат (пропаганда) басталады.
Енді әділ болу үшін,Tatran Alimuly жоғарыдағыдай пікір білдіру арқылы не айтқысы келгенін жұмсартып түсінуге тырысып көрелік. Мүмкін кейде өте өткір сөйлеу керек, билікке “жайлап” емес, қатты айту қажет,
қоғамға қауіп төнгенде жұмсақ сөйлеу жеткіліксіз дегісі келген шығар. Яғни, “этика бұзу” емес,
“қатаң, өткір, компромиссіз сөйлеу” деген ойды айтқысы келген болуы мүмкін. Бірақ ол ойын дәл жеткізе алмаған болуы мүмкін делік.
Алайда “Ел мүддесі үшін этиканы бұзуға болады” деген сөзді әркім өз мүддесіне бұрып алуы да ықтимал.
Мысалы біреу оппонентін қаралау үшін қолданады. Енді біреу жалған ақпарат таратуға сылтау етеді. Тағы біреу эмоциямен халықты айдап салуы мүмкін. Нәтижесінде “ел мүддесі” деген сөз нақты өлшем емес, ақтаушы құралға айналмай ма?
Журналистиканың ең қиын жері де сонда, ақиқатты айта отырып, этиканы сақтай білу.
Этиканы бұзу батылдық емес.
Кейде ол әлсіздіктің белгісі.
Өйткені дәлел жетпеген жерде адам эмоцияға көшеді. Аргумент жоқ жерде айқай пайда болады.
Журналист үшін “мақсат жақсы болса, әдістің бәріне рұқсат”
деген принцип — өте қауіпті.
Егер жоғарыдағы пікір иесі “өткір сөйлеу керек” десе, келісуге болады.
Ал “этиканы бұзу керек” десе, бұл журналистиканың өзегіне қарсы.
Енді «бүгінгі журналистика совет өкіметінің журналистикасы емес» деген көзқарасқа келейік.
Иә, уақыт та, жүйе де өзгереді. Мұны екі жүйеге де (өткен және бүгінгі) қызмет еткен менен артық ешкім түсіне қоймас.
Бірақ осы екі өзгерістің ортасында өзгермеуге тиіс бір нәрсе бар, ол — журналистің ішкі өлшемі.
Біз көбіне журналистиканы заманға байлап түсіндіруге тырысамыз. “Совет журналистикасы”, “қазіргі журналистика” деп бөлеміз. Сырт қарағанда, дұрыс та сияқты. Өйткені әр кезеңнің өз талабы, өз шектеуі, өз мүмкіндігі бар.
Бір кезде сөздің шекарасын билік белгілесе, бүгін сол шекараны көбіне нарық пен аудитория айқындайды.
Бір кезде АЙТУҒА болмайтын дүниелер көп еді, бүгін АЙТПАУҒА болмайтын дүниелер көп.
Бірақ осы өзгерістердің бәрі журналистиканың сыртқы қабаты ғана.
Ал ішкі өзегі ше?
Журналистика ең алдымен шындықпен қарым-қатынас құралы. Бұл қарым-қатынастың да өз этикасы, өз тазалығы бар. Шындықты бұрмаламау, фактіні құрметтеу, сөздің салмағын сезіну деген ұстанымдар уақытқа бағынбайды. Кеше де солай еді, бүгін де солай болуы тиіс.
Сондықтан “заман өзгерді” деген сөз кейде қауіпті ақтауға айналып кетеді. Әсіресе, “бүгінгі журналистика бұрынғыдай емес” деген тұжырымның астарында кейде жауапкершіліктен қашу әрекеті жатады. Еркіндікті еркінсушілікпен шатастыру, өткірлікті әдепсіздікпен алмастыру, батылдықты дәлелсіз айыптаумен теңестіру әрекеттерінің бәрі журналистиканың табиғатына жат құбылыс.
Иә, мен екі түрлі жүйенің тұсында да журналист болдым. Әлі де қаламым қолдан түскен жоқ.
Бұрынғы жүйеде цензура сырттан келетін, қазіргі жүйеде қысым іштен туады.
Бұрын қорқыныш тыйым салса, қазір қызығушылық азғырады.
Бұрын “айтпа” деген бұйрық болса, қазір “айта бер” деген итермелеу бар. Журналистің өзі осы екі қысымның ортасында тұр. Сонымен қатар оның таңдауы мен ішкі өлшемі бар.
Ол не, ішкі өлшем деген? Ол ешкім көрмеген кезде де шындықты бұрмаламау. Ешкім талап етпесе де сөзге жауап беру.
Мүмкіндік тұрғанда да ардан аттамау.
Жүйе қандай болса да, журналистің шынайы кәсібилігі дәл осы жерде көрінеді. Егер ол тек сыртқы жағдайға бейімделсе, онда ол — жүйенің адамы. Ал егер журналист ішкі өлшеміне сүйенсе, онда ол — маман ғана емес, тұлға.
Уақытпен бірге журналистиканың формасы да өзгерді. Газеттен цифрлық медиаға, баяу ойланудан жылдам реакцияға көшті.
Жүйе журналистиканың бағытын да өзгертті. Идеологиядан нарыққа, бір пікірден көп дауыстылыққа ауысты.
Ал журналистің ішкі өлшемі өзгермеуі тиіс. Өзгерсе, журналистиканың өзі жоғалады.
Сондықтан негізгі сұрақ “қандай заманда өмір сүрудеміз?” емес,
негізгі сұрақ “осы заманда біз қандай қалпымызды сақтап қала алдық?” болуы тиіс.
Журналист үшін уақыт сынақ болса, жүйе қысым екені рас.
Ал ішкі өлшем — тірек.
Сол тірек мықты болса, журналистика қай заманда да өз атын ақтайды.
Гүлмәрия Барманбекованың ФБ парақшасынан алынды