Түркия дүрбелеңі: журналистерді ұстап әкетіп жатыр
Бесінші күнге жалғасқан Ыстамбұлдағы наразылық акциясы тоқтайтын түрі жоқ. Керісінше өршіп барады. Түркияның құқық қорғау органдары журналистерді қамауға ала бастады, деп хабарлайды Ulysmedia.kz.
Сендер журналистердің үнін өшіру арқылы шындықты жасыра алмайсыңдар! — деді кәсіподақ өкілдері қамауға алынған журналистерді дереу босатуды талап етіп.
Билік бұл наразылықтарды арандатушылық деп санайды және ұсталған адамдардың бір бөлігін экстремистік топтармен байланыстырады. Наразылық басталғалы бері 1100-ден астам адам ұсталды.
МӘСЕЛЕНІҢ ТӨРКІНІ
Тұтқындалған Ыстамбұл мэрін қолдаған жаппай наразылық акцияларының жалғасқанына бүгін бесінші күн. Reuters агенттігінің хабарлауынша, өткен түнде ғана жарты миллионға жуық адам Ыстамбұлдың және Түркияның басқа қалаларында көшеге шықты. Митингке қатысушылар Имамоғлыны дереу босатуды және оппозициялық саясаткерлерді қудалауды тоқтатуды талап етеді.
Естеріңізге сала кетейік, Экрем Имамоғлы «билікті асыра пайдаланды» және «сотты құрметтемеді» деген бірқатар айыптаулар бойынша ұсталып, Ыстамбұл мэрі қызметінен босатылған. Оппозиция мен халықаралық құқық қорғау ұйымдары бұл істен саяси астар іздеп, оны белгілі оппозициялық көшбасшылардың бірін саяси науқаннан шеттетуге бағытталған әрекет деп санайды.
KEMAL ASLAN/AFP
https://qaz.ulysmedia.kz/news/27669-turkiia-durbeleni-zhurnalisterdi-ustap-ketip-zhatyr/