Түркістан сахнасында Қарақалпақстан театры өнер көрсетті
Бүгінде облыс орталығына айналған Түркістан қаласы түрленіп келеді. Мұнда түркі елдерінің ортақ әлемі пайда болды деуге болады. Тәжірибе алмасу және түркі дүниесіне ортақ құндылықтарды дамыту мақсатында жиі іс-шаралар ұйымдастырылып, түрлі жобалар жүзеге асып келеді. Киелі шаһарға руханияттың келесі көшін көрші Қарақалпақ елінің өнерпаздары бастап келді. Қарақалпақстан мамлекетлик жас тамашагөйлер театры (Қарақалпақстан мемлекеттік жас көрермендер театры) гастрольмен келді. Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театрында Алишер Рахаттың «Туған күніңізбен, анашым!» драмасын сахналады. Қойылым алдында қос тарап бір-біріне құрмет көрсетіп, алғыстарын жеткізді.
Қойылымда қоғамның өзекті тұсын көрсетуге тырысады. Анасының туған күніне дайындалып жатқан ағайындылар әп-сәтте қырықпышақ болады. Қаржылай тығырыққа тірелген олар бірін-бірі балағаттап, тіпті қол жұмсауға дейін барады. Театр сахнасында өтіп жатқан көрініс бүгінде талай адамның басында бар. Қаншама отбасының басынан кешіп отырған өмірі.
Райымбек Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры мен Қарақалпақстан мамлекетлик жас тамашагөйлер театры өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжатты қос театрдың басшылары Арман Алиев пен Байрам Айтмұратов бекітті. Алдағы уақытта театр ұжымдары меморандум аясында бір-біріне гастрольдік сапарға бару жоспарланған. Осылайша түркі әлемінің мәдениеті мен өнерінің дамуына өз үлестерін қоспақ.
Тұрсынай Шаметова