Түркістандық жастар балаларға қуаныш сыйлады

Бүгін 1 маусым – Халықаралық балаларды қорғау күніне орай Түркістан қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөліміне қарасты «Жастар ресурстық орталығы» КММ-нің ұйымдастыруымен балаларға арналған қайырымдылық іс-шарасы өтті. Игі іске Түркістан облысы мәдениет басқармасының «Оңтүстікфильм» мекемесі де қолдау көрсетіп, түсірілім жасалды.

Игі шара аясында қаладағы ойын-сауық орталығының кинотеатр залында бүлдіршіндерге арналған «Lilo & Stitch» анимациялық фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көрсетілді. Шараның басты мақсаты – балаларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, мерекелік атмосфера қалыптастыру. «Мұның да басты мақсаты балалардың жүзіне қуаныш пен шаттық сыйлау еді. Өскелең ұрпақтың бақытты балалық шағын қалыптастыруға бағытталған мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын таппақ. Өйткені осындай қадамдар арқылы олардың жүрегінде ұмытылмас естеліктер қалдыра алатынымыз анық» – дейді орталық басшысы Айдар Лескенов.

150 балаға арналған кино көрсетілімге аз қамтылған және көпбалалы отбасылардан шыққан балалар, мүмкіндігі шектеулі балалар, сондай-ақ оқу озаттары мен дарынды балалар қатысты. Көрсетілімнен кейін балаларға дәмді тағамдар ұсынылып, балмұздақ таратылды. Сонымен қатар ойын-сауық орталығындағы түрлі аттракциондар мен ойын алаңдарына кірді. Онда еркін ойнап, қызықты уақыт өткізді. Осылайша нағыз мерекелік көңіл-күйді сезінді.

Жастар орталығы – бұл жастарға қолдау көрсететін, оларды дамытуға бағытталған әлеуметтік мекеме. Сондай-ақ жастардың өмір сапасын арттыруды олардың кәсіби, шығармашылық және тұлғалық дамуына жағдай жасауды көздейді. Жастардың бұл бағыттағы жобалары әлі де жүзеге асары сөзсіз.

Тұрсынай Қуанышбайқызы