Түркістандық ұстаздар «Әдеби шәйда» кітап талқылауда
Әдеби орта рухани әңгіме айтатын ғана емес, жаңа көзқарастардың пайда болатын орын десек қателеспейміз. Өйткені көпке міндеттемес бұрын алдымен өзі қолға алса, нұр үстіне нұр еді. Түркістандық ұстаздар оқушыға үлгі болуды өздерінен бастап, «Әдеби шәй» жобасын қолға алды. №34 жалпы білім беретін мектепте әдебиет пен тәрбиенің өзара сабақтасқан тағы бір тағылымды кездесу өтті. Жыл басында пайдалануға берілген мыңнан аса орны бар білім ошағында барлық жағдай жасалған. Ал енді балалардың сапалы білім алуына ұстаздары да бір кісідей атсалыспақ.
«Мағжан Жұмабаевтың тәрбие жөніндегі көзқарастары: заманауи интерпретация» тақырыбында өткен іс-шара ұлттық тәрбие мәселесіндегі маңызды қадам болды. Шара аясында қазақ руханиятының ірі өкілі, ағартушы-ғалым Мағжан Жұмабаевтың ұлағатты еңбегі – «Педагогика» кітабы кеңінен талқыланды. Қатысушылар бұл еңбектегі бала тәрбиесіне қатысты көзқарастарды қазіргі заманның талаптарымен байланыстырып, тәрбие процесінің ұлттық болмысқа сай жүргізілуі жөнінде ой бөлісті. Кездесу барысында ұстаздар мен қатысушылар Мағжанның ұлттық негіздегі тәрбиелік ұстанымдарының бүгінгі балалармен жұмыс барысында қаншалықты маңызды екенін атап өтті. Әсіресе баланың ішкі жан дүниесіне үңілу, рухани қалыптастыру мен адамгершілік қасиеттерді дамыту жолындағы ойлары – заманауи педагогикамен үндесіп жатқан тұстарымен құнды.
Осынау істің ұйытқысы болған директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Жансая Шорабекова бұл туралы былай дейді: «Оқушылар арасында «Reading time» мен «Каникулда кітап оқиық» деген секілді жобалар баршылық. Мұғалімдер арасында да осы үрдісті қалыптастырып, оны дамыту бағытында ұйымдастырып отырмыз. Олар да ресми өмірден бір сәт ой бөліп, «Әдеби шәйда» кітап талқыласын дедік. Алғашқы талқылауға мұғалімдер арасында өткізіліп отырған соң Мағжан Жұмабаевтың «Педагогикасын» таңдадық. Педагог ретінде де таптырмас құралға айналған туынды ғой. Қазіргі таңда балалар тәрбиесі де қиындау болып тұр. Қазіргі және бұрынғы педагогиканың арасында қандай айырмашылық бар? Екеуінің арасында үндесім болмағандықтан, бәлкім біз баланы түсінбегендіктен өзгеріс болып жатыр ма? Қазіргі кезге соны жаңашалап қалай алуға болады? деген сауал төңірегінде әңгіме өрбіттік».
Өткен ғасырдың басында қазақ тілінде жарық көрген алғашқы педагогикалық еңбекте бала психологиясы, оқыту әдістері, тәрбие мақсаттары мен ұстаздың тұлғалық рөлі ғылыми және ұлттық тұрғыда терең қарастырылған. Мағжан тәрбие мәселесінде адамды жан-жақты дамытуды, әсіресе ұлт рухын оятуды басты міндет деп санаған. Ал мұны ұстаздардың қайта қолға алып талқылауының өзі жетістік. Әдеби шайдың мақсаты да оқырманның әдеби сауаттылығын арттыру, көркем шығармаларды талдау дағдысын қалыптастыру және ұлттық әдеби мұраны насихаттау. Соның ішінде оқырманды қазақ әдебиетінің көрнекті шығармаларымен таныстыруды, көркем шығармаларды талдау арқылы сыни ойлау қабілетін дамытуды көздейді. Өйткені әдеби талқылаулар арқылы пікір алмасу мәдениеті қалыптастады. Шығармашылық тапсырмалар арқылы оқырманның тіл байлығы жетіліп, ұлттық әдеби мұраның рухани құндылығын дәріптейді.
Кітаптың исі мен шайдың буы жарасым тауып, ерекше атмосферада өткен кездесуде қатысушылар еркін пікір алмасып, өз ойларымен бөлісті. Әңгіме барысында әдебиет пен тәрбие, рухани құндылықтар мен қазіргі қоғамның бала тәрбиесіне әсері сынды тақырыптар кеңінен қозғалды. Әдеби шай – тек кездесу емес, рухани серпіліс пен ізденіс алаңы. Бұл жолғы басқосу да ой бөлісу мен білім алмасудың ашық алаңына айналды. Қатысушылар әдебиетке деген сүйіспеншілігін, бала тәрбиесіне деген жауапкершілігін танытып, жаңа идеялармен қанаттанды. Осындай игі кездесулер рухани өсуге жол ашып, ұлттық мұраны қазіргі ұрпаққа жаңаша жеткізуге себеп бола бермек.