Түркістандық ақын Арайлым Мұраталиеваның өлеңдері қырғыз еліне аударыла бастады

Таяуда көрші қырғыз елінде «Жашыл аалам» (қазақша «Жасыл әлем») халықаралық поэзия фестивалі өткен болатын. Оған Венгрия, Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түркия, Әзербайжан, Түркіменстан сынды түркітілдес 7 мемлекет қатысты. Қазақстанның атынан барған бір топ қаламгердің қатарында талай жыр додасында топ жарып жүрген түркістандық ақын Арайлым Мұраталиева да бар. Ол фестивальде лауреат атанып, қазақ өлеңін түркі әлеміне танытты.

Аталған фестивальді халықаралық TÜRKSOY ұйымы қырғыздың көрнекті ақыны Жолон Мамытовтың 85 жылдығына арнап ұйымдастырған. Мәдениет пен шығармашылықты біріктірген бұл маңызды әдеби шара Қырғызстанның Ош қаласында жоғары деңгейде өтті дейді қатысушылар. Қазақстан делегациясын ақын, TÚRKSOY Жазушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет бастап барды. Делегация құрамында Қазақстан Жазушылар одағының төрағасының орынбасары Қасымхан Бегманов, Маралтай Райымбекұлы, Мұратхан Шоқан секілді тағы да басқа ақындар болды. Үш күн бойы фестиваль қатысушылары поэзиямен сусындап, рухани байып қайтты.

Жас ақын бұл сапардан ерекше шабытпен оралғанын қуана жеткізді. «Ел атынан жалпы 10 адамнан құралған делегация бардық. Менімен бірге фестивальге бес адам қатысты. Соның үшеуі лауреат, екеуі дипломант атанды. Естен кетпес әдеби сапар болды. Бауырлас елдің кең пейілі мен қонақжайлығына куә болдық. Кең пейілімен қарсы алған Қырғыз еліне, сондай-ақ TŪRKSOY ұйымының бас хатшысы Сұлтан Раев ағамызға алғысым шексіз. Бұл фестиваль мен үшін жаңа тыныс, жаңа шабыт сыйлады» деді ол.

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Арайлым Мураталиева 1997 жылы оңтүстік өңірде дүниеге келген. Бүгінде Түркістан қаласындағы «Конгресс холл» кешенінде бас редактор болып қызмет атқарады. Мұхтар Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің түлегі, «Күміс қалам-2022» поэтикалық жобасының жеңімпазы. Оқырманның ерекше бағасын иеленген Арайлымның «Ай-Зер», «Бүгін жаңбыр жауса екен…», «Бақ ішінде», «Жаңбыр», «Қоңыр пальто» деген өлеңдері бар. Жақында қырғыз ақыны Жолон Мамытовтың өлеңдерінен қазақ тіліне еркін аударма жасады. Ақынның айтуынша бұл ерекше тәжірибе. Тіпті фестивальден соң да Арайлымның өлеңдерін қырғыз тіліне аударылып жатыр. Ол «Бірнеше күннен бері қырғыз ақындарының Facebook парақшаларынан өзім туралы жазбаларды көзім шалып қалып жатыр. Қырғызстанға барғанға дейін де, елге келгеннен кейін де бірнеше өлеңім қырғыз тіліне аударылып жатыр екен. Жырларымның ел жүрегіне жетіп жатқанына шын қуаныштымын! Мерейімді асырып жатқан бауырлас елдің азаматтарына алғыстан басқа айтарым жоқ. Еларалық Поэзия фестивалінің миссиясы орындалды деуге де болады. Бар болыңыздар! Қазақ пен қырғыздың достығы мәңгілік болсын!» деп жазды әлеуметтік желі парақшасында.

Төменде ақынның қырғыз тілінен жасаған аудармасын және өз туындыларын назарларыңызға ұсынамыз.

***

Белгісіз шерге толып қалған денем,

Келемін иір-қиыр жолдарменен.

Ақынға көбелектің мұңы  да ауыр,

Дүниеде күнде мейрам болғанменен.

 

Күлсе де Күн мәңгілік биігінен,

Бір зіл бар дос боп алған иығыммен.

Өмірге жылап қарап тұрғандаймын,

Салы түскен біреудің киімінен.

 

Ойға алам өткенімді, әттеңімді,

Құсадан өртке оранған дәптерімді,

Әлдекімді жылатып алғанымды,

Жұбатып сүйіп алған тәтті ерінді…

 

Өкінем жетпедім деп арманыма,

Уақытты бос жіберіп алғаныма.

Артыма қарайлап ем, түсті көзім

Ғұмырымның қысқарған жолдарына…

 

Күлемін кіжінгенім байқалмастан,

Теңіз едім, тұрғанмен шайқалмастан.

Пенделердің көрсеткен мазағына

Қанша жауап қалды екен айта алмастан?!

 

Өмірді сүрсем деймін мен өкінбей,

Көңілім бір ғажапқа сенетіндей.

Үмітпен «Ертең деймін, ертең деймін»,

Ертеңдер шексіз келе беретіндей…

 

 Авторы: Жолон Мамытов

Аударған: Арайлым Мұраталиева

 

Өлеңнің қырғыз тіліндегі нұсқасы:

 

Басынып кусалыкка толгон денем,

баратам барик учкан жолдор менен.

Акынга бир тынымдык кайгы да оор,

дүйнөдө күндө майрам болгон менен.

 

Күн күлөт түбөлүктүү бийигинен,

оордук колун тартпайт ийинимен.

Ыйлагым келип кетет эмнегедир

бирөөнүн салбыраган кийиминен.

 

Ойлоном ойлой жүргөн өктөрүмдү

качанкы отко салган дептеримди.

Ачууда ким бирөөнү ыза кылып

бирөөгө катуу айткан кептеримди.

 

Ич күйөт от жалындап арманыма

көп жылды бошко жашап алганыма,

баркына көп нерсенин жетпей жүрүп

тиктесем, өмүрүм аз калганына.

 

Түйүлөт муштум таштай байкабастан,

сээлдейт дүйнө толкуп чайпалбастан.

Ич күйөт көп адамдан кордук тартып,

көп сөздү калганыма айталбастан.

 

Жашоону туюп четтен көрүүчүдөй,

мөлтүлдөйм кызыгына эрүүчүдөй.

Кыжынып эртең деймин, эртең деймин,

эртеңдер чексиз келе берүүчүдөй…

 

 

***

 

Жүрегімді шер қысты сені ойлап ем,

Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым?

 

Неге? Неге? Негесі бітпес өмір,

Жүрек-Ақыл егесі бітпес өмір.

 

Жүрегімді тыңдасам ­- жұбанамын,

Ақылымды тыңдасам — дүбәрамын…

 

Сағынышқа ұқсайтын тым әсерлі

Ішімдегі қайтемін мына шерді?

 

Қайтемін шер іштегі отқа айналса,

От ішінен өзімді таппай қалсам?

 

Ән тыңдасам жүресің ән ішінде,

Сен әлде дүниенің бәрісің бе?

 

Қалаға кеше жауған қар да сен бе?

Мазалайтын жүректі Ар да сен бе?

 

Сен шығарсың көңілдің тазалығы,

Сені ұнатып қалғам ба сөз анығы?!

 

Жан-дүниемді балқытқан шарап та сен,

Балқымасам бұл жырды жаратпас ем!

 

Табиғаттың сезініп  заңын үстем,

Өтіп жатқан өмір-ай жанып іштен.

 

Келемін деп сертіңнен тайғанап па ең,

Жолымыздың түйіспей қойғаны, әттең…

 

Сені ойладым, білмеймін, неге ойладым…

 

***

 

Біз оңаша қалғанда не болады?

Бәлкім, бізден ұяңдық жоғалады…

 

Бәлкім, үнсіз қалармыз ақтарылмай,

Не айтуға болады шақта мұндай?.

 

Қаласаңыз, асырмай мөлшерінен

шарап жасап ішерміз жан сөлінен.

 

Бәлкім, вальс билерміз сырлы түнде,

Қос жалғыздық айналып бір бүтінге.

 

Нәзік әуен бітпесе таң атқанша,

Жұлдыз біткен таңданып қарап қалса.

 

Асылармын мойныңа мен еркелеп,

Сені өртемек үшін де, сені өртемек…

 

Сонда біздің түйісер жанарымыз,

Сол жанардан көрінер хабарымыз.

 

Сыбырларсың қозғап бір көңіл қылын,

Тек өлтіріп алмашы сенім гүлін.

 

Келеді ыстық деміңнен сезгім бәрін,

Оңашада айтылар сөздің мәнін.

 

Ертегі айтып берерсің сонда маған,

Соңы бақыт болатын мен қалаған.

 

Ертегіге неліктен сенем әлі?

Ары қарай білмеймін не боларын.

 

Не істеуге болады тағы басқа?

Жүрегіңде атымның бары рас па?

 

Бары рас па Құдайдың сол жүректе?

(Құдайы жоқ жүректер елжіреп пе?)

 

Елжіреттім жаныңды қалайша мен?

Сол жылы сәл жымиып қарай сап ем.

 

Содан бері санаңа салмақ болдым,

Содан бері санама салмақ  болдың.

 

Алыс жүріп неге азап тартамыз біз?

Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

 

Неге оңаша қалудан қорқамыз біз?

 

***

 

МҰНАРА

[экспромт]

 

Мен әкемді көрмедім… көрінбеді,

Көрінбейтін Жүректің төрінде еді.

Содан болар, мен оны іздемедім,

Іздегенін сезбедім оның мені…

 

Бәлкім, көрген шығармын, жоқ есімде,

Есіме сақтамаппын елесін де.

Менімен жасырынбақ ойнаймын деп

тығылды ма анамның өңешінде?!

 

Тығылып қалды ма оның өткеніне?

Жан тербеген аяулы сәттеріне?

Бүгінде анам да жоқ… табылды олар

өлеңнен… тамып түскен дәптеріме.

 

Содан бері хат жазу болды ермегім,

Сол хаттар жүрегіме салды өрнегін.

Ешкім жауап бермеді,  мен де ешкіммен

жасырынбақ ойнауды жөн көрмедім.

 

Орныма қанша көктем төкті жасын?

Қанша әке қай жартасқа соқты басын?

Бәрі жақсы болады-ау, бәрі жақсы,

Кешіре алсақ Тағдырдың көп күнәсін.

 

Айтып еді жан анам бірде сырын:

Мен — өмірдің ғажайып жүлдесімін!

Мен — Ұлы махаббаттың жемісімін!

Содан болар тербетсем жыр бесігін…

 

Әкем жайлы

санама анам соққан мұнараны

қиратпадым… өзі де құламады.

Маған ауыр тиеді, менің емес,

Әкесі бар қыздардың жылағаны.

 

Мен әкемді көрмедім… жыламадым…

Тұрағы Жүрегімде шығар оның,

Жұмағы Жүрегімде шығар оның.

Өмірге биігінен қарап тұрмын

Анам соғып қалдырған мұнараның.

 

Авторы: Арайлым Мұраталиева

 

***

 

Тұрсынай Шаметова