Түркістанда түркі әлемінің сәулетшілері мен реставраторлары тәжірибе алмасты
Түркістан қаласында Түркі мәдениеті және мұрасы қоры мен Түркістан облысы әкімдігінің бірлескен ұйымдастыруымен «Түркі өркениетінің ескерткіштері: зерттеу, сақтау және реставрациялау әдістері» тақырыбындағы II Халықаралық түркі әлемі сәулетшілері мен реставраторларының симпозиумы өтті.
Симпозиумның мақсаты – түркі халықтарының ортақ тарихи-мәдени мұрасын сақтау, сәулет ескерткіштерін заманауи әдістермен зерттеу және қалпына келтіру тәжірибесін жетілдіру, сондай-ақ осы саладағы халықаралық ынтымақтастықты нығайту.
Симпозиум аясында екі ғылыми секция өтті. Алғашқысы «Түркі өркениетінің тарихи-мәдени маңызы және ескерткіштерін зерттеу» тақырыбына арналды. «Фараб» ғылыми әмбебап кітапханасында ұйымдастырылды. Модератор ретінде Өзбекстанның Халықаралық туризм және мәдени мұра университетінің Жібек жолы халықаралық ғылыми-зерттеу институтының директоры М.Юсупова қатысты.
Секция барысында Венгрия, Түркия, Әзербайжан, Қырғызстан және Өзбекстан елдерінің сәулетші-ғалымдары мен реставраторлары тарихи ескерткіштерді заманауи тәсілдермен зерттеу, цифрлық технологияларды қолдану, дәстүрлі құрылыс әдістерін сақтау, профилактикалық консервация және қайта қалпына келтіру мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Келесі секция «Сәулет ескерткіштерін сақтау және қалпына келтіру» тақырыбында өрбіді. Модераторлықты Катар еліндегі Шейх Фейсал бен Қасим Әл Тани мұражайының ғылыми реставрация зертханасының кеңесшісі, доцент Р.Хасанзаде атқарды. Онда Түркия, Әзербайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстан елдерінен келген сарапшылар тарихи ғимараттарды бұзбай зерттеу әдістері, құрылымдық ағаш материалдарын бағалау, артефактілерді сақтау, мембраналық материалдарды пайдалану, сондай-ақ дәстүрлі реставрациялық тәсілдер бойынша тәжірибелерімен бөлісті. Қазақстандық реставратор Элина Алтынбекова Қожа Ахмет Ясауи кесенесінің есігіне жүргізілген пәнаралық зерттеулер нәтижесін ұсынып, тарихи мұраға ғылыми көзқарастың маңыздылығын атап өтті.
Симпозиум қатысушылары түркі дүниесінің сәулеттік және тарихи мұрасын сақтау жолындағы өзара тәжірибе алмасудың, инновациялық әдістерді ендірудің және халықаралық әріптестікті нығайтудың маңызын ерекше атап өтті. Шара барысында ұсынылған баяндамалар мен ғылыми пікірталастар түркі әлемі елдерінің ортақ мұрасын қорғаудағы нақты нәтижелерге бағытталған маңызды қадамдардың бірі болды.
Тұрсынай Шаметова