Түркістанда халық саны 250 мыңға жуықтады

Түркістан қаласы тұрғындарының саны осыдан жеті жыл бұрын 150 мың шамасында болатын. Ал бүгінгі таңда шаһарда 240 422 адам тұрады. Бұл өткен жылдың осы мерзімімен салыстырғанда 1,2 пайызға артқанын көрсетеді.
Қаланың көптеген салаларында алға қарай ілгерілеу байқалады. Дегенмен қала әкімі Әзімбек Пазылбекұлы әлі де атқарылатын жұмыстардың көп екеніне тоқталды БАҚ өкілдерімен кездесуінде.


2025 жылдың алғашқы бес айында Түркістанға 1,1 млн турист келген. Оның ішінде шетелдік туристер саны 23,2 мың адамды құраған. Сонымен бірге бұл салаға тартылған инвестициялар көлемі 61,9 млрд теңгеге жеткен. Айта кетерлігі, туризм саласын дамыту мақсатында «Қолөнершілер қалашығы», «Күлтөбе қалашығы», аквапаркі бар қонақ үй кешені сынды туристік нысандардың құрылысы жүргізілуде.
Ел дамуындағы негізі салалардың бірі шағын және орта бизнес субъектілерінің саны 22 010-ды құраған. Оған 34 500 адам жұмыспен қамтылған. Сондай-ақ шағын бизнестің үлесі Түркістан қаласындағы жалпы өңірлік өнімнің 72,2 пайызына жетіпті. Бизнесті қолдау аясында 30 жобаға 4,2 млрд теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетілген.
Алдағы уақытта аталған жұмыстар қатары арта беретіндігіне тоқталған шаһар басшысы БАҚ өкілдерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Түркістан қаласы